«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛЫШПЕН ЖАЗЫЛҒАН ҚИССА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыздың тарихындағы ең қасіретті, күрделі кезеңнің бірін терең қамтып, сұрапыл сипаттаған, жеті бөлімнен, 3683 шумақтан, 14732 жол­дан тұратын Қожаберген Толыбайұлының теңдессіз туындысы “Елім-айға” – 300 жыл.

Әз-Тәукенің оң қолы

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлдіреп жас келеді.

Еділ мен Жайық жақтан көш келеді,

Ат пен нар әр көш сайын бос келеді.

Айырылған жер мен судан қиын екен,

Мөлтілдеп екі көзге жас келеді.

Атақты тарихшы, академик Ма­наш Қозыбаев ерінбей есептеп шық­қан жеті бөлімнен, 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұратын “Елім-ай” дас­танынан күні кешеге дейін біздің ес­тіп, білгеніміз осы бір-екі шумақ еді. Әрине, кемелденген социалистік қоғамда бізге оны оқытқан жоқ. Тек “Алқакөл сұлама, ақтабан шұбы­рын­ды” заманында туған жыр дегенді мұғалім де, оқушы да білмеуге тиісті, тіпті білуге құмарлық та сезілмеген жалпы түсінік болды. Тәуелсіздік тұ­сында өсіп шыққан тұтас бір буын­ның өзі әлі де мұндай дастанның барынан беймағлұм. Бұған дейін де патша тұсынан басталып, кеңестік кезеңде де қатаң бақыланған цен­зураның тұсында да Ы.Алтын­сарин, Сегіз сері, М.Ж.Көпеев, Ш.Бөкеев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, И.Омаров, М.Жолдыбаев, Қ.Биғожин т.б. еңбектерімен біршама таныс болғанымызбен, бұл алапат­тың себеп-салдары, маңызы, маз­мұ­ны толық ашылып айтылмайтын.

Қожаберген жырау “Елім-айдың” алғашқы нұсқаларын 1723 жылы жа­за бастайды. Өзі айтқандай, 61-ге қа­раған жасының 41 жылын қырғында өткізіп, қол бастаған сардар болған ол бұл соғыстың тұтану салдарын, оны өршітуге аса пейілді Қытай мен Ресейдің зұлымдығын, сұрқия саясатын жілік майын шағып талдайды. Айналып келгенде кеңес кезінде аты ауызға алынбаған Қожаберген жы­рау кім еді? Ол үшін, алдымен, әз-Тәуке хан тұсындағы жағдайды көк­тей шолған жөн. Орыстың жиһанкез зерт­теушісі Л.А.Словохотов: “Тәуке хан басқарған жылдарды қырғыздар (қазақтар) хандықтың алтын дәуірі деп еске алады. Оның асқан әділдігі мен турашылдығының арқасында ру­лардың арасындағы алауыздық тоқ­та­ды. Иен далада мүлгіген ты­ныш­тық орнады. Халық қанды қасап, қыр­ғында өткен күндерін ұмыта баста­ды”, – деп жазады. Шынында тарих­та “Есім ханның ескі жолы”, “Қасым хан­ның қасқа жолы” атты қа­зақтың ұлт­тық құндылықтарына, әдет-ғұр­пына, дала заңдарына негізделіп жа­зыл­ған, бүгінгінің тілімен айтқанда, конс­ти­туциялық күші бар заңдардың бол­ғаны белгілі. Тәукенің тұсында “Жеті жарғы” шықты. Алайда оны жа­зуға жеті адам қатысқан, оның ішінде қыр­ғыз Қоқым, қара­қалпақ Сасық би, Мұхамед би болған деген дүдәмал деректер де кездеседі. Академик М.Қозыбаев бұл пікірді теріске шы­ғарып, бұлжымас де­ректер келтіреді.

…“Жеті жарғыны” жазысуға сол кезде көздері тірі Әнет баба, Едіге, Соқыр Абыз, Құдайназар, Болпыш, Жылгелді сияқты қазақ даласының түпкір-түпкірінен атышулы билер мен ұлыс басшылары қатысқаны даусыз. “Жеті жарғыны” Тәуке хан жазған жоқ, ол үкім шығарып жаз-дырды. Сол жазған жеті бидің бірі – Қожаберген би екенін айту – тарихи әділдік болар еді.

Қожаберген әз-Тәукенің тапсыр­масымен “Жеті жарғыны” ақ былғарыға жазып, ханға табыс еткені тура­лы жазушы Н.Әбуталиев жанама де­ректер тауып отыр. Онда былғарыға түсіріп:

Мұқияттап хаттадым,

Әз-Тәукеге қызмет қып,

Жаздым “Жеті жарғыны”.

Салыстырып талдадым,

Арғы менен бергіні”, – деген өлең сөздерін келтірген. Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би тобына “жол көрсеткен ұстаз едім” деп, жыраудың өзі жазып кетуі соның айғағы.…

Көтеш ақын Райұлы “Жиен жы­рау” дастанында:

Ақылдасып үш бимен,

“Жеті жарғы” жазған ер.

“Кім?” десеңіз ол бекті,

Қожаберген кемеңгер, – деп жазуы біздің пікірімізді растай түседі. Кейбір арнайы тексеруді керек ететін деректерге қарағанда “Жеті жарғының” жалғыз данасы Стамбулдағы Сүлейман атындағы Канони кітап­ханасында сақтаулы көрінеді”, – дейді академик.

Қожаберген жыраудың (академик М.Қозыбаев Толыбайсыншыұлы деп жазғанды қолай көріпті) тарих­тың әр кезеңінен мол мәлімет бе­ре­тін басқа да іргелі еңбектерін былай қой­ғанда “Жеті жарғының” ав­торы­ның бі­рі ретінде әрі “Елім-айымен” ұлт та­ри­хында ұлы құбылыс бо­лып қал­ға­ны сөзсіз. Дейтұрғанмен де, осы та­ри­хи тұлға туралы тәуелсіздік тұ­сында ғана там-тұмдап ай­тыла бас­тады.

Дана адам келешек көгенкөз­дерінің жұмысын да жеңілдетуді ой­лады ма екен, қиссаның кей тұста­рында өзі жөнінде де мәлімет бере кетеді. “Тіліне араб, парсы жетік едім”, – дейді. Тәукенің тұтқа тұтар адамы тегін болсын ба, оны хан ием елшілік қызметке тағайындайды. Дала демократиясы мен диплома­тиясының данагөйі, көреген саясат­кер, ұлы реформатор қазақ, қарақал­пақ, ноғай біріккен әскер жасағының қолбасшысы, әз-Тәукенің оң қолы бо­лады. Кейіннен кемеңгер қария Абы­лайға да бата береді. Абылай­дың оң қолы Бұқардай көмекей жы­рау оны ұстаз тұтып, әйгілі “Ұста­зыма” деген толғауын арнайды.

Оның бабасы Таузар ордабасы болған екен. Атасы – Дәулен тұңғыш Керей шежіресін жазған ақын, ком­позитор адам. Ол – ол ма, тектіге текті қосылып, Самарқанды билеген Жа­лаңтөс баһадүрдің апасына үйленіп, онымен өле-өлгенше үзеңгі дос бо­лады. Ал енді әкесі Толыбай сын­шының қазақ тарихындағы орны алабөтен.

Кезінде Қожаберген есімін еңбек­те­рінде атаған ғалымдар ол жө­нінде табан тірейтін тұжырымдар жа­сай алмады. Өйткені өзге ел архив­теріндегі деректерге жол жабық еді, кеңестің құрығы ол жаққа да жетіп жататын. Академик С.Зимановтың қисынына салсақ, оның есімі бір жерлерде Хочи Берген, тағы бір жерлер­де Ходжа Мергень деп қате жазылған. Басқаларды былай қойғанда, оны Қазақстанның өзінде де білмейтіндер баршылық. “Болашақ ұрпақ үшін осы олқылықтың орнын толтыру керек”, – дейді.

Айналып келгенде, 2000 жыл­дар­дың басында Қожабергентануға түрен түсті. Қалай, қайтіп? Алдымен кемеңгер Әбіш Кекілбаевты тыңдап алайық.

– Солтүстік Қазақстанда көптен бері қолға алынбай жатқан, біреу өмірде болды, біреу өмірде болмады деп таласып-тартысып жүрген Қожа­берген жыраудың бүкіл тұқым-те­бе­рімен, әулие ұрпақтарымен бәрін қайта тірілткен Бекет болды. Бекеттің сол қорды басқаруының арқа­сында Қожаберген даудан құтылды. Қожаберген шын мәніндегі ғылыми факторға айналды. Дәп осындай ша­руалар республикамыздың әр түпкі­рінде істеліп жатыр, – деді Әбекең.

“Жеті жарғы” және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайы­рымдылық қорының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымы­ның докторы, профессор Бекет Тұр­ға­раев, бұған дейін де ұлт рухания­тының шынайы жанашыры болған тұлға ұлы жыраудың атын жаңғыр­туға үлкен жанашырлықпен кірісті. Бұл ретте әбден орыстанып кеткен Солтүстік өңірде бұл іске бел шешіп кірісіп кету де оңай болған жоқ. Алайда Бекең ұлт ісіне жанашыр, жұрт жұмысына жегілген азаматтар­дың басын қосып, істің көзін таба білді. “Елім-ай” дастаны жөнінде алғаш айтқан дуалы ауыздың бірі М.Қозыбаев бір сөзінде: “Жыраудың туған өңірі, ұлы империяның өтінде тұрған Солтүстікте айбын болатын бір ескерткіш орнатылса”, – деп еді. Бекең академиктің сол арманын асыра орындады. Біздің өтіні­ші­мізге орай танымал меценат, ұлт қай­раткері сол күндерді былайша еске алып, ұлы дастанның 300 жыл­дығына байланысты ұсыныстарын білдірген еді.

“Елім-айсыз” қандай оқулық болуы мүмкін?

– Даңқты қолбасшы, ұлы жырау Қожаберген Толыбайұлының “Елім-ай” жыры – халқымыздың ең бір қа­сіретті кезеңінен мол мәлімет бере­тін шерлі шежіре. 2013 жылы Үкімет қаулысымен ұлы жыраудың 350 жыл­дығын атап өтіп, Л.Гумилев атында­ғы Еуразия ұлттық универси­тетінде үлкен ғылыми практикалық конфе­рен­ция өткіздік. Петропавл қаласын­да мәдени іс-шаралар өткі­зу­мен қа­тар, жыраудың туған жерін­де ескерт­кіш-бюсті қойылып, Жам­был ауда­ны­ның орталық алаңы Қо­жа­берген атымен аталды. Мектеп­тер мен кө­шелерге есімі берілді. Пет­ропавл қаласында жыраудың ат үс­тіндегі ай­бынды ескерткіші орна­тылды.

Биыл “Елім-ай” дастанының жа­зылғанына 300 жыл толады. Осыған байланысты тарихи жырдың 300 жыл­дығын мемлекет деңгейінде атап өту үшін еліміздің биылғы жылы өтетін даталы күндер тізіміне ендіріп, айтулы іс-шаралар өткізуге ықпал етуін сұрап, жоғарыға ұсыныстары­мызды айтып, үшбу хат та жолдадық. Бұған дейін Қожаберген жыраудың 350 жылдығын атап өтуде “Жеті жар­ғы және Қожаберген жырау” халық­аралық қоғамдық қайырымдылық қорының бастамасымен “Заманы­ның заңғары”, “Мәңгілік елдің жыр­шысы”, “Дауылпаз баба Қожабер­ген”, “Елім-ай” жыр кітаптары жарық­қа шығып, халыққа қайырымдылық есебінде таратылды. Қазақ хандығы­ның 550 жылдығында “Елім-ай” жырын қайта басып, тегін үлестірдік.

Естеріңізде болса, өткен жылы мектеп оқушыларының қазақ әде­биеті, қазақ тілі пәні жаңа бағдар­ламамен оқулық болып шығатыны туралы оқу министрі хабарлама жасады. Соған байланысты “Елім-ай” жыры, Қожаберген Толыбай­ұлы­ның өмір жолдары мектеп бағдар­ламасынан, оқулықтан орын алуына ықпал ету сұралған еді. Министрлік жанындағы Ы.Алтынсарин атында­ғы Ұлттық білім академиясына, “Оқу­лық” республикалық ғылыми практи­калық орталығына ұлы жыраудың еңбектерімен “Елім-ай” дастанын қоса тапсырып, мектеп оқулығына енгізуді сұрағанбыз. Бүгінгі күнге де­йін осы ұсынысымыздың қалай ше­шіл­гені туралы мәлімет жоқ. “Елім-айсыз” қандай оқулық болуы мүмкін? Мемлекет тарапынан “Елім-айдың” 300 жылдығын атап өту жөнінде ше­шім қабылданып жатса, халықара­лық “Жеті жарғы және Қожаберген жы­рау” қайырымдылық қоры да бұл жұмысты атқарудан тыс қалмайды. Түркістан облысы, Қазы­ғұрт ауда­нын­да Шымкент – Ташкент халық­ара­лық күре жолының бойын­дағы 45-ші шақырымда тарихи этно­гра­фиялық “Мәңгілік ел” саябағында “Ба­тыр бабалар” мемориальдық кешені орнатылып, “Елім-айлап” көшкен ел” атты тарихи панорама ор­натылған. Қазақ-қалмақ соғысынан мағлұмат беретін “Отан қорғау шай­қасы” деген панорамалық көрініс те ел тарихын­дағы алапат соғысты ес­ке салып тұ­ра­ды. Айтпағым, осы бір ел тарихын­дағы сұрапылды су­рет­тейтін қисса­ның 300 жылдығы мем­лекет тарапы­нан айтулы дата тізімі­не еніп, аса ірі тарихи-мәдени іс-шаралармен атап өтілсе деймін. Әр тойдың өз тағы­лымы болуы керек.

Сонымен қатар Қожаберген Толыбайұлының шығармаларының мемлекеттік кітапханалардан орын алып, мектеп оқулықтарына енгізу жоспарланып, мемлекет тарапынан “Елім-ай” жырының қайта басылып шығуына ықпал етсе деген ұсыныс бар. Осыған орай “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” қайырымдылық қоры осы атаулы 300 жылдыққа бай­ланысты “Елім-ай” жырын 1000 дана тиражбен қайталап шығарып, кон­фе­ренцияға қатысушылар мен қа­лың көпшілікке қайырымдылық ре­тін­де таратып беруге қамданып жа­тыр. Қорыта келгенде, көтеріліп отыр­ған мәселенің тиянақты шешілуі жоғары жақтың назарынан тыс қал­мауы тиіс деп есептеймін. Өткен жы­лы уақтылы құлаққағыс еткен ұсы­нысымыздың аяқсыз қалып, тиісті ме­кемелерге ұсыныс, тапсырма беріл­меуі, ұсыныс берген қоғамдық қорға өз дәрежесінде жауап бермеу бізді қатты ойландырды. Біздің бұл сұра­нысымыз, Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың ел бірлігі, ел тарихы туралы, болашақ ұрпақтың тарихтан тағылым алуына сенім білдіргеніне рухани қолдау болады деп ойлаймын.

Айтары жоқ, әрине. Бұл ұсыныс­тар қазіргі қилы кезең тұсында қазақ мемлекеттілігінің іргетасын берік орнықтыра түсу үшін жоғары орын­дар тарапынан қолдау болып, ресми шешім табуы тиіс. “Өз ұлын, өз ер­лерін ескермесе, ел тегі алсын қай­дан кемеңгерді”, – деп І.Жансүгіров айтқандай, тұлғаға құрмет – ол та­рихқа құрмет болса керек. Тарихты тобыр емес, тұлға жасайды.

Әрине, халқымыздың тарихына байланысты іргелі еңбектер баршы­лық, алайда “Елім-айдың” жөні бө­лек. Түркі баласының басын біріктір­мей, тоз-тозын шығарған (48 түрік хал­қы – М.Мырзазметов) арғы-бергі тарихтан түйер тағылым өз алдына, “Елім-ай” – қазақтың өз төлтума тари­хы, ұлы дала дәптеріне жазыл­ған шерлі шежіресі.

“Елім-ай” – намыс жыры. Ұлттық рух пен идеяның қайнар көзі. Қытай мен Ресейдің К.Маркс айтқандай, “орыс патшалығының дәстүрлі сая­са­ты” яғни зұлым саясаты қаншама қан қасап жасаса да бәрібір қазақ жеңді, жеңіп қана қоймай бір халық­ты жойып жіберді. Жеңген, жеңгізген – намыс, бірлік. Амангелді Айталы айтқандай, “Елім-ай” – бірлік концеп­циясы.

Ахмет Байтұрсынұлы “Сөздің ең ұлысы, сипаттысы тарих”, – дейді. Бү­гін, болашақ үшін де тарихтан сабақ алып, дұрыс болжам, бағдар жасау үшін “Елім-ай” әркімнің жазу үстелін­де жатуы тиіс. Өйткені онда ел тари­хының бар ақиқаты ешқандай фальш­­сыз баяндалады. Ол шерлі ше­­жіре тілімен жазылған. Ел бірлігі, алауыздықтан арылу, рушылдық, жүз­­шілдіктен тазаруға үндейтін, Алаш баласына қалған аманат еңбек.

Дайын сценарий

Тарихты қолдан жасау мүмкін емес. Ахаңның “сөздің ұлысы, си­пат­тысы” деп отырғаны сол. Егер режис­сері табылса, “Елім-ай” ұзақ сериялы тарихи-танымдық фильм жа­сауға да­йын сценарий емес пе? Фильм де­мекші, орыстар Бородино, Куликова шайқасы жөнінде картина түсірді. Соның ішінде Күлік шайқасы туралы күдік көп. Белгілі, аса білім­дар жур­налист Әшірбек Амангел­дінің “Күдігі көп Күлік шайқасы” атты зерттеу мақаласына сүйенсек, бас­қа­сын былай қойғанда, оған қатыс­қан әскердің санын келтірсек те бо­лады. Ескі жыл­намаларда оның саны 400 мың деп көрсетілген. Әйгілі орыс тарихшысы Н.Карамзин “Нет­кен бассыздық! Тым болмаса 150 мың демейсіңдер ме?” – деп түзету жасайды. Басқа тарихшылар бұл деректі 100 мыңға дейін тү­сірген. Осы тақырыпты бүге-шүге­сіне дейін зерттеген әскери тарихшы Е.Разин Мәскеу түбіндегі тұрғылық­ты халық­ты пайызға шағып, оның кем дегенде 10 пайызы соғысқа қа­тысты дегенде, 50-60 мың болып шы­ғады екен. Мұ­рат Әжінің жазуынша, де­ректер­дің бәрі ойдан шығарылған көрінеді. Зерт­теушілер бұл аймақтан бір сынған найзаның ұшын да тап­паған. Көтерілістің көсемі делінетін Д.Донс­кой деген өмірі қолына қы­лыш ұс­тамаған адам. Айналып кел­ген­де, бұл Алтын Ордаға салық тө­леу­ден бас тартудан туындаған қар­жы-қара­жаттық қақтығыс болып шығады.

Айтпасқа амал жоқ. Бұл – өзін кө­теріп, өзгені тұқыртудан алдына жан салмайтын Ресейдің әзелгі саяса­тының ажырамас бір бөлігі. Кеңес өкіметінің де ұстанымы осы болды. Осы аспектіден қарағанда біздің тарихымызды да саптыаяқтан қара­уыл қойып (І Петрдің орыс тарихын батыс ғалымдарына жаздырғаны тәрізді) өзгелер жазды. Нені айтып, нені айтуға болмайтынын кеңестік биліктің идеологтары (Кремль) шеш­ті, саясаткерлер билеп-төстеді. Та­рих­ты зерттеушілерді алдымен сая­саттың сүзгісінен өткізіп алды. Бұл жөнінде “Central Asia Монитор” газе­тіне берген сұхбатында Мұрат Әжі ақиқатын ашып айтқан. Міне, “Елім-ай” жөнінде де осындай жалпылама, шектеулі түсінік болып, бұғаудан бо­самады.

“Елім-ай” – шынтуайтына келген­де тірі тарих, тірі шежіре, бұлжымас дерек-дәйекке негізделген теңдессіз эпопеялық туынды, энциклопедия. Кеңес өкіметі сол тарихи шындықтан өлердей қорықты. Академик М.Қо­зыбаев оны “Илиада” мен “Одис­сеяға” бекер теңемесе керек.

Қысқасы, қан кешіп жүріп, қы­лыш­пен жазылған осынау алапат қиссаның 300 жылдығы елімізде жо­ғары деңгейде аталып өтуі керек. Ке­зінде орыстар қыпшақ тарихына тұ­нып тұрған “Игорь жорығы туралы” дастанның 800 жылдығын 1985 жылы академик Д.Лихачевтың бас­шы­лығымен қалай дүркіретіп тойла­ғанын еске алсақ та болады. Оның жұмысына осы жырды аударған он академик жұмылдырылды. Ішінде Карамзин де бар. Тіпті белгілі ғалым, химик Бородин осы жырдың негізін­де жалғыз опера жазып қалдырған. Ал “Бородино” шайқасы туралы бұдан да зор айтуға болады. Оны ма­қала көлемі көтермейді. Өткеніңді өнеге етпей, бүгініңді бағамдамай, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Ұлтының жоғын түгендеп, ұмыт қалған тұлғаларын тұғырына қон­дырып жүрген, ұлы жырауды қай­та тірілткен ұлтжанды, мемлекетшіл тұлға Бекет Тұрғараевтың ұсынысы­на қосарымыз, жоғары оқу орында­рында бұл еңбектің ұлт үшін өлшеу­сіз құндылығын, маңыздылы­ғын (әсі­ресе қазіргі күнде) ашатын бірнеше семестрге арналған дәрістер белгі­ле­ніп, терең ғылыми тұжырым, па­йым, түсініктемелер жасалуы қажет. Астана, Алматы тәрізді қалаларда заңғар ескерткіш орнатылғаны жөн.

“Елім-ай”-дың жанрын зерттеу­ші­лер оны қисса, дастан, тіпті шежі­реге жатқызып, әр қилы пікір айтады. Қайсысы да дұрыс. Тарихы қалың, қат­парлы елден ұлы өнер туынды­лары көп шығады. “Елім-ай” ел сана­сына алдымен ән болып сіңді. Бұл – құдіретті әуен, әуен һәм зар. Бәлкім әу баста күй болып туып, сосын әнге айналуы да бек мүмкін. Әуенінің өзі – бір қойылым, спектакль. Кез келген тарих, оқиға өнер туындысына ай­налса (егер ол сәтті шықса), оның тың­дарманға, көрерменге рухани қуаты, ықпалы, әсері айтарлықтай нәтиже береді. Сондықтан оның балетке, операға, симфонияға да сұранып тұрғанын айту ләзім.

Біздің тарихымыз Қадыр айтқан­дай, “өзі қалың болғанмен, оқулығы жұқа”. Жаңа Қазақстан тарихқа жаңа көзқарастан басталуы керек. Мемле­кет басшысы әрдайым өз сөзінде өткен тарихымызға, тарихи тұлға­лар­ға құрметпен қарауға және бұл мәселеде популизм мен білімсіздікке жол бермеуге үндеп келеді. “Елім-айға” осы көзқарас, қазіргі өркениетті даму тұрғысынан қарау қажет. Себебі ол ешқандай аңызға қатысы жоқ, үш ғасырға созылған сұрапыл, тірі тарихтың өзі. Отанды сүю, отаншыл болу тарихты танудан басталады. Тарихыңды білу – рухани кемелденуге, рух биігіне жасалған қадам. Рухы биік ел ешқашан жеңілу, жалтақтау дегенді білмейді.

Кезінде ұстазымыз Ақселеу Сей­дімбек “Министрлердің 99 пайызы “Елім-айды” білмейді” деп жазып еді. Әрине, қазір заман басқа, жаңа көз­қарастар кезеңі. Демек, Оқу-ағарту министрінен бастап, “Елім-айды” толық мәтінімен мектептерде оқыту, оқу бағдарламасына ендіру міндет­телуі керек.

Қали СӘРСЕНБАЙ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp