Мың бұралған аққайыңдар Солтүстік Қазақстан облысының ажарын ашып тұр десек, артық айтқандық емес. Өңірдегі орман алқаптарының тоқсан пайызында осы ағаш түрі өсетіні белгілі. Талай ақынға шабыт беріп, жырына арқау болған биші қайыңдар соңғы уақытта сиреп бара жатқаны табиғат жанашырларының ғана емес, осы қасиетті жердің байырғы тұрғындарының қабырғасына қатты батуда. Жоғары мінберлерден әрбір кесілген ағаштың орнына он көшеттен отырғызылып жатқаны жайлы есеп берілгенімен жайқалып өскен орман байқалмайды. Не еккен ағаштары қурап қалады, не жалған есеп беріледі, бәлкім, миллиондап отырғызған көшеттері адам көзіне көрінбей өсе ме? Осы және оқырмандардың өзге де сұрақтарына “Tıkelei bailanys” айдарының кезекті қонағы – облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Василий Алексеевич Лабанчуктен жауап алуға тырыстық.
Серік БЕКЖАНОВ,
Аққайың ауданының
тұрғыны:
– Бұрын Аққайың ауданындағы Аралағаш, Дайындық ауылдарының маңы ит тұмсығы өтпейтін орманымен ерекше еді. Қазір сол ағаштар жаппай оталуда. Естуімізше, ондағы ағашты кесумен негізінен кәсіпкерлер айналысады. Олардың жұмысына сіздердің тараптарыңыздан қадағалау бола ма?
– Біз орман шаруашылығына қатысты мәселелердің бәріне жіті назар аударамыз. Ағаш кесумен айналысатын кәсіпкерлердің жұмысынан толықтай хабардармын. Бәрі де ісін заң жүзінде әрі құжат бойынша жүргізеді. Сұрағыңызға жауап берер болсам, 2020 жылы Аралағаш ауылының маңындағы 8,6 гектар алқаптағы су тиген ағаштарды кесіп, шамамен 743 текше метр отын даярлау үшін екі кесу алаңы белгіленіп, сол жерлерде жұмыс жүрді. Ешқандай заң бұзушылық болған емес. Отын Аралағаш ауылының тұрғындарына және “Қасенов” ЖК-ға өтініштері бойынша берілді.
Бұдан бөлек, Аралағаш ауылының тұрғындарына арналып 204 текше метр отын дайындау үшін 1,5 гектар аумақтың ескі ағаштары бөлініп, кесу жұмыстары жүргізілді.
2021 жылы 0,1 гектар аумақта электр желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1 текше метр ағашты кесуге рұқсат берілді.
2022 жылы “И.Бигелдинов” ЖК-ның өтініші бойынша 4,2 гектар алқаптағы сулы жерде тұрып шіри бастаған ағаштардан 316 текше метр отын алу үшін екі кесу алаңы белгіленді. Ағаш тұрғындардан, жеке кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер бойынша босатылады. Бүгінге дейін өтінішпен келгендердің бетін қайтарған жағдай тіркелген жоқ. Ағаштарды кесу орман күзетінің қатаң бақылауымен жүзеге асады.
Жұматай МЕРГЕН,
Жамбыл ауданының
тұрғыны:
– Жамбыл ауданында мың бұралған қайыңдарды отқа жағып, кәуап пісіруге арналған арнайы көмір дайындайтын кәсіпкерлер бар. Ағашты түтінін будақтатып құр босқа жағу – ысырапшылдықтың көрінісі ғой. Қайың көмірін шығарумен қоса жылуды да тиімді пайдалану керек шығар. Мәселен, мектепті жылытса дегендей. Қазір жылу далаға кетіп жатыр.
– Сіздің меңзеп отырғаныңыз Жамбыл ауданының Троицкий ауылдық округінің аумағында орналасқан “Лидер уголь” ЖШС. Аталған серіктестік қайың көмірін өндірумен айналысады. Өндіріс орнында жергілікті тұрғындардан құралған 15 адамдық бригада жұмыс істейді. Онда ешқандай ысырапшылдық көрініс тауып жатқан жоқ дегім келеді. Бір нәрсені анық түсініп алуымыз керек, серіктестік ағаш дайындаумен айналыспайды, ағашты шикізат ретінде қолдана отырып, жаңа өнім шығарады. Қажет ағаш Мамлют, Жамбыл, Есіл, Шал ақын аудандарының аумағынан әкелінеді.
Олар кез келген қайыңды кесіп, отқа жаға бермейді, санитарлық талапқа сай ескірген, қураған ағаштар құжат бойынша әкелінеді. Оның ішінде тұрмыстық қажетке жарамсыз ағаштар көбірек пайдаланылады. Сырт көзге қайыңдарды шетінен отап, отқа салып жатқандай көрінгенімен, барлық жұмыс тәртіп бойынша атқарылып жатыр.
Негізі қайың көмірі – сұранысқа ие өнім. Қолдану өте ыңғайлы, сондықтан жазда демалатындарға таптырмас зат. Өйткені жанған кезде ол түтін шығармайды және ұшқын ұшпайды, жағымсыз иісі де жоқ. Өндіру барысында табиғи шикізат қана пайдаланылады, зиянды химиялық заттар немесе денсаулыққа қауіпті басқа қоспалар қосылмайды.
Ал енді сіз айтқан жанып жатқан ағаштардың жылуын тиімді пайдалану жағын ойластыру қажет екен.
Саят ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Мағжан Жұмабаев
ауданының тұрғыны:
– Қазір жеке шаруашылық иелері жер көлемін кеңейту мақсатында егінді орманға тақап егетіні өтірік емес. Бұл қаншалықты заңды? Негізінде орман мен егістіктің аралығында межелі жер қалу керек қой? Орман мен егістік жердің арасы қанша болу керек? Оны кім қадағалайды?
– Мемлекеттiк орман қорының жер учаскелерiне меншiк құқығы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен белгiленедi және тұрақты жер пайдалану актiлерiмен куәландырылады. Біздің облыста қайың, көктерек егілген алқаптар көп. Олар негізінен егістік алқаптардың арасында орналасқан. Орманға тақап жер жыртуға негіз жоқ. Қандай дақылды алсақ та ағашқа жақын егілсе өнімділік аз болады. Өйткені ағаш топырақтағы өсімдікке пайдалы элементтерді өзіне тартып алады. Бұдан бөлек, ағаштардың көлеңкесі түсіп тұратын жерде өсімдік дұрыс өспейтіні тағы да белгілі. Орман шаруашылығына қатысты нормативтік құжаттарда егістік пен орманның арақашықтығы белгіленбеген. Сондықтан әр шаруашылық иесі қажетіне қарай қашықтықты сақтайды. Бірақ олардың әрекетінен орманға қандай да бір зиян келіп жатқан жоқ.
Соған қарамастан табиғи ормандарды қорғау үшiн мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн айналдыра, ені 20 метр күзет аймақтары көрсетілген. Олар Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес бөлінеді. Буферлік аймақ шегінде мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі зиян келтіретін кез келген қызметке тыйым салынады. Мемлекеттiк орман иеленушiлер өздерiне бекiтiлген аумақтарда орман заңнамасын бұзудың алдын алу, дер кезiнде жолын кесу жөнiндегi жұмыстарды жүргiзедi және қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажеттi шараларды қолданады.
Алмагүл МАНАПҚЫЗЫ,
Ақжар ауданының тұрғыны:
– Халық арасында “бір ағаш кессең, он ағаш ек” деген нақыл сөз бар. Жаңадан отырғызылған көшеттердің көбі көктемей жатып қурап қалады. Жылына миллиондап көшет ектік деп есеп бересіздер. Бірақ егіліп жатқан көшеттің жайқалып өскені көрінбейді. Бүгінгі таңда қағаз жүзіндегі есеп емес, бүлінген орманның орнын толтыру үшін қандай нақты жұмыстар істеліп жатқаны маңызды. Өткен жылы өңіріміз бойынша қанша түп ағаш отырғызылды? Қаншасы жетіліп өсті?
– Мемлекеттік орман шаруашылығы кәсіпорындары Солтүстік Қазақстан облысында 2021-2025 жылдарға арналған орман өсіру көлемін ұлғайту жөніндегі бекітілген кешенді жоспарға сәйкес жұмыс жүргізуде.
Өткен 2022 жылы 1652 гектар аумақта ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп, 6 миллион 813 мың көшет егілді. Отырғызылған көшеттер тұрақты бақылауда, әдетте ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілгеннен кейін орманшылар жас көшеттерді өз жауапкершілігіне алады. Мерзімді уақыт аралығында тексеріп, өсу барысынан мәлімет жинайды. Мәселен, күзде отырғызылған көшеттерді қысқа дайындаудың өзі үлкен жұмыс. Олардың қисайып немесе жұлынып қалмауын, басқа да жағдайлардың алдын алу мақсатында керек болса жіппен байлап, оның түзу өсіп, берік тамыр жаюына жағдай жасайды.
Ал көктем шығысымен оларға түгендеу жүргізіледі. Егер де егілген көшет қураған жағдайда, ары кетсе үш жыл ішінде, алқапқа қайтадан ағаш отырғызылады. Ағаш кесілген жерлер міндетті түрде тексеріледі, егер кесілгеннен кейін аумақ табиғи түрде қалпына келмесе, міндетті түрде егу шаралары тағайындалады. Осы жөнінде Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар.
Манарбек МҰСТАФИН,
Мамлют ауданының
тұрғыны:
– Ауыл тұрғындары қайыңды көмірге тамызық ететіні рас. Онсыз болмайды. Қазір бір машина отыныңыз 50-55 мың теңгенің айналасында. Қаншама жүк көліктері орманнан отын артып шығып жатады. Ұзын әрі түзу ағаштарды тиеп шығатындар да жоқ емес. Біреу тойып, біреу тоңып секіретіні белгілі. Отын кесумен айналысатындарға қандай құжат беріледі? Өңірімізде осындай жұмыспен айналысатын қанша кәсіпорын бар? Қадағалау жағы қалай?
– Халықты отынмен қамтамасыз етумен 12 мемлекеттік орман шаруашылығы және 15 ұзақмерзімді орманды жалға алушы айналысады. Ағаш дайындауға рұқсат алу үшін тұтынушы мемлекеттік орман шаруашылығына өтініш береді, өтінішті мекеме басшысы қарап, шешім қабылдайды. Тиісті төлем “Қазпоштаның” бөлімшелері арқылы қабылданады. Ағаштың ақысын төлегеннен кейін тұтынушы мемлекеттік орман шаруашылығына келеді. Мемлекеттік орман шаруашылығының сату бағасы санитарлық кесінділер үшін 1 текше метріне 2000 теңге көлемінде деп белгіленген.
Ағаш орманшылардың белгілеп берген жерінде дайындалады. Басқарманың және мемлекеттік орман шаруашылығының құзыретіне дайын отынды өткізумен айналысатын машиналарды бақылау және қадағалау кірмейді. Ұзақмерзімді орман пайдалануды жүзеге асыратын орман пайдаланушылар отынды өздері белгілеген баға бойынша сатуды жүзеге асырады. Халықтың көзіне кез келген адам орманға кіріп, көлігіне отын артып кете беретін сияқты көрінуі мүмкін. Іс жүзінде олай емес, барлығы белгіленген тәртіп бойынша алады. Ағаш кесушілерден түскен ақша мемлекеттің қазынасына құйылады.
Манап ҚҰСАЙЫНОВ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Облыс орталығынан кез келген бағытқа шықсаңыз жол бойындағы орман алқаптарының іші қураған, шіріген, құлаған ағаштарға толы екенін көреміз. Көзімізге шалынбағаны қаншама? Орман ішін тазалаудың бір жолы – оны отынға пайдалану. Халықтың қажеті үшін өсіп тұрған ағашты шапқанша, құлап жатқандарын неге тегін бермеске? Бұл туралы орман заңында не дейді?
– Табиғатта кей ағаш суды молынан қажет етсе, кейібіреулері құрғақтау алқапта өседі. Ал ұдайы шалшық суда тұра берген өсімдік шіриді. Сіздің көргеніңіз 2014-2017 жылдар аралығында суда қалып қойған ағаштар болуы мүмкін. Осы жылдарда өзен-көлдерде су деңгейі үш метрге дейін көтерілді. Ағаш діңі қажетті оттегімен толықтай қамтамасыз етілмегеннен кейін осындай жағдайға тап болары анық. Оның үстіне ылғал көп болғандықтан, ағаштарды кесу де мүмкін болмады.
Ылғалды ормандардағы ағаш алдымен жапырағынан айырылады. Кейін шіри бастайды. Мемлекеттік орман шаруашылығы кәсіпорындарында ағаштарды су ішінде кесуге арналған арнайы техникалар мен жабдықтар жоқ. Мүмкіндік болса, санитарлық-сауықтыру шаралары дер кезінде жүргізіледі.
Ал шіріген ағаштарды тұрғындарға алуға рұқсат беруге келетін болсақ, орман арасындағы бұтақ-шырпыларды және қураған ағаштарды алу үшін де төлем белгіленеді, тегін беру заңмен қарастырылмаған. Сондықтан орманда шіріп жатқан ағаштарды да ешкім рұқсатсыз ала алмайды.
Әйгерім ЖҰМАТОВА,
Айыртау ауданының
тұрғыны:
– Жазда қайыңның жібек құрты қаптайтыны белгілі. Ол кейде бір алқаптағы ағаштардың жапырағын түгелдей жеп қояды. Қазір сол орман зиянкестерімен күрес қалай жүріп жатыр?
– Қазір орман шаруашылығына әртүрлі зиянкестер қауіп төндіруде. Жалпы зиянкестер дегеніміз – адам мен жануарларға түрлі ауру қоздырғыштарын таратып, өсімдіктерді зақымдайтын ұсақ жәндіктер. Олар орманға да ауыр зиян келтіреді. Ауыл шаруашылығы зиянкестері егістік пен табиғи өсімдіктерді зақымдап, ауру таратады. Бұларға негізінен кенелер, көпаяқтылар, бауыраяқты ұлулар жатады. Тіпті кірпі, көртышқан, жертесерден бастап, түлкі, қоңыр аю сияқты аңдар да орманға зиян келтіреді. Зиянкестер ағаштың жапырағын, бұтағын, гүлін, жемісі мен тұқымын жеп, діңін тесіп, тамырларынан шырынын сорады. Зақымданған ағаштар өсуін тоқтатады. Олар бірте-бірте қурап қалады. Зиянкестер отырғызылған екпелерге де зиянын тигізеді. Олардың өнімділігін төмендетеді және әлсіретеді.
Біздің өңірімізде сіз айтып отырған жібек құрты қазір жоқ. Керісінше, облыстың мемлекеттік орман қоры аумағындағы 3900 гектар жерінде сыған көбелегі пайда болды. Мұндай жағдай Ғабит Мүсірепов атындағы, Айыртау, Мағжан Жұмабаев аудандарында байқалды. Күзде мемлекеттік орман шаруашылығы кәсіпорындарының мамандары олардың зақымдаған алқаптарын анықтады. Бұл зиянды жәндікпен күресу шаралары жүргізіліп жатыр. Алайда бұл іске қомақты қаражат жұмсалатындықтан, тиісті қаржы көздері іздестірілуде. Орманға төнген қауіптің алдын алу үшін біздің тарапымыздан жұмыстар істеліп жатыр.
Болат НЕГИМОВ,
Шал ақын ауданының
тұрғыны:
– Жол бойы кетіп бара жатып кейбір жерлерде қайыңдардың жапырақтан жұрдай сабағы ғана сидиып тұрғанын байқаймыз. Оларға не болған? Жалпы орманда аурудың қандай түрлері көп?
– Оларға не болғанын сыртынан қарап айту қиын. Мәселенің мәніне анық көз жеткізу үшін ағашты тамырынан сабағына дейін зерттеу керек. Олардың қурау себептері әртүрлі болуы мүмкін. Оны анықтау үшін сабақты, жапырақты, тамырды зерттеу керек.
Замира ШӘУШЕКОВА,
Тимирязев ауданының
тұрғыны:
– Қала аумағына және аудан ортылықтарына жыл сайын шырша отырғызады. Оның көбі бір жылға жетпей қурап қалады. Жыл сайын осы шыршаларға қанша қаражат бөлінеді? Неге шырша қалаға жерсінбейді? Осыны зерттеген адам бар ма?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, әр өскіннің өзіндік ерекшелігі болуы мүмкін. Негізінен шырша тектес өсімдіктер тастақты жерге де көктей берді. Сондықтан оның себебін нақты айта алмаймын. Біз орман алқаптары мен ормандағы жасыл алқаптарды ғана қараймыз. Орман қорының бекітілген учаскелерінде орман өсіру жұмыстарымен айналысамыз. Ал қала мен елді мекендерде көшет отырғызу жұмыстары біздің өкілеттігімізге кірмейді.
Жарас КЕМЕЛ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Петропавлға оңтүстіктен кіре берістегі аққайыңдарды жалғыз күнде кесіп тастаған Ф.Абдуллаев деген азаматқа қандай шара қолдандыңыздар? Ағашы оталған алқап енді не болады?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 желтоқсандағы №1215 “Орман қоры жерлерінің жекелеген учаскелерін елді мекендер жерлеріне ауыстыру туралы” қаулысымен бұл учаске Петропавл қаласының иелігіне берілді. Осы аумақта қайыңдарды заңсыз кесу мәселесімен прокуратура және полиция департаменті айналысты. Естіуімше, аталған іс бойынша тергеу әлі жүріп жатыр.
Дайындаған
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
РЕДАКЦИЯДАН: Орман – жердің өкпесі. Улы газдарды жұтып, оттегін бөлетін ағаштар азайса, ауа да ластанатыны хақ. Ит тұмсығы өтпейтін ну ормандарымыз селдіреп бара жатқанын айтып, ауыл тұрғындары дабыл қағуда. Бірақ құлақ асқан жан жоқ. Осы күзде облыстың жүз шақты елді мекенін аралаған кезде аққайыңдар оңды-солды оталып жатқанын өз көзімізбен көрдік. Бұл жерде ағаш кесушілердің немесе аққайыңды жағып, қара көмір жасап жатқандардың ісі заңсыз деп айта алмаймыз. Себебі қолдарында рұқсат құжаттары бар. Қағаз жүзінде бәрі дұрыс, ал олардың қандай ағашты кесіп жатқанын қадағалап жүрген жан бар ма? Сол сияқты Орман кодексінің 85 бабында айтылған егіс алқабы мен орманның арасындағы міндетті 20 метр қауіпсіздік қашықтығын да сақтайтындар сирек. Көбі түбіне дейін жыртып тастайды. Оған да ешкім қой деп жатқан жоқ. Сондықтан сауал жолдаған оқырмандар орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Василий Лабанчуктің жауабына қанағаттана қоймайтыны анық. Болашақта бұл тақырыпқа қайта оралып, мұқият зерттейтін боламыз.