Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында “Облыстық білім басқармасының 2022 жылдың жұмыс қорытындылары мен 2023 жылға арналған жоспарлары” тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков бұл салада атқарылып жатқан оң өзгерістер жайлы баяндады.
Нәзір Азаматұлының сөзінше, соңғы 3 жылда өңірдегі білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі 1,5 есеге өсіп, 134,8 млрд. теңгеге жеткен. Ал 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайызды құрап отыр. Ерте жастағы балаларды білім және тәрбиемен қамту үшін өткен жылы қала мен аудандарда 205 жаңа орын ашылған. Биылғы жылғы жоспар бойынша тағы 210 орын ашылмақ. Өңірдің 2 балабақшасы озық тәжірибені енгізу бойынша қанатқақты жобаға қатысуда. Сонымен қатар Нәзір Жәшібеков “Ойын арқылы оқыту” принципі бойынша оқу бағдарламасына өзгерістер енгізілгенін де атап өтті.
Балабақшалардан бөлек, орта білім беруде де айтарлықтай өзгерістер орын алған. Мәселен, мемлекеттік тілде білім беретін мектептерде балалар бірінші сыныптан бастап тек қазақ тілінде білім алады. Ал орыс тілді мектептерде оқушылар қазақ және орыс тілдерін қатар меңгереді.
Білім сапасын бағалау көрсеткіштері бойынша да өңіріміз алдыңғы қатарда. Осының аясында жүргізілген мониторинг нәтижесінде қызылжарлық 4 және 9-сынып оқушылары үздік нәтиже көрсеткен. ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 74,96 балды құрап, түлектердің 63 пайызы грант иегері атанған. 24 оқушы республикалық олимпиадаларда жүлдегер атанып, қомақты сыйақы алған.
Бұл жетістіктердің бәрі сапалы білім беру жағдайының арқасында мүмкін болып отыр. Облыстағы апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында Тайынша ауданында 2 білім ошағының құрылысы жүргізілуде. Алда тағы бір білім ордасының іргетасы қаланады деп күтілуде. 2022 жылы 2,5 млрд. теңгеге 31 нысан жөнделсе, биыл 39 оқу ордасын жаңартуға 3,8 млрд. теңге жұмсалмақ.
– Облыс орталығының мектептеріндегі орын тапшылығын қысқарту мақсатында 2026 жылға дейін 3,3 мың орынға арналған 4 жаңа мектеп салынады. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде жұмыс жалғасуда. Өткен жылы біз 150,0 млн. теңгеге 28 физика және биология пәндік кабинеттерін сатып алдық. Үстіміздегі жылы тағы 28 кабинет сатып алынады, – деді басқарма басшысы.
Брифинг барысында кәсіптік және техникалық білім берудегі өзгерістер жайлы да айтылды. Енді колледждерге студент қабылдау жаңаша жүзеге асатын болады. Қыркүйек айынан бастап мемлекеттік тапсырыс 300 орынға көбейген. Айыртау ауданында ашылған “Зейнеп” колледжінде бүгінде 100 жас кәсіптік білім алуда. Алдағы оқу жылынан бастап жекеменшік “Зейнеп” және “Бескөл мектеп-колледждерінде” мектептің жоғары сынып оқушылары жаңа мамандықты меңгеріп, диплом иелене алады.
Сауатты, жан-жақты тұлға тәрбиелеуде қосымша білім беру де маңызды рөл атқарады. Нәзір Жәшібековтің айтуынша, бүгінде өңір оқушыларының 80 пайызы қосымша үйірмелер мен секцияларға барады. Үйірмелермен ауыл балаларын да қамту үшін Есіл ауданындағы Явленка ауылында қосымша білім беру орталығының ғимараты жөнделіп, онда ондаған үйірме жұмыс істемек. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар назардан тыс қалмау үшін “Жас дарын” өнер мектебі өз жұмысын бастаған. Ерекше балаларды қолдау мақсатында қаланың 3 мектебінде инклюзия кабинеттері жабдықталмақ.
– Біз балалардың құқықтарын қорғауға да ерекше назар аударамыз. Ол үшін мектептердегі қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Бүгінгі таңда барлық білім беру ұйымы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Жалпы саны 12 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. 2022 жылы білім ошақтарын дабыл түймелерімен қамтамасыз ету және жедел басқару орталығына қосу бойынша жұмыс жүргізілді. Оған 105 млн. теңге бағытталды. Биыл тағы 100 млн. теңге бөлініп отыр, – деді Нәзір Жәшібеков.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.