Швецияның Эстерсунд қаласында парашаңғы жарысы мен парабиатлоннан өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Ербол Хамитов үш бірдей жүлделі орынға ие болды. Байрақты бәсекеде ел намысын өңіріміздің атынан 4 спортшы қорғаған болатын. Дүбірлі додадан оралған солтүстікқазақстандық пара атлеттерді облыс әкімі Айдарбек Сапаров қабылдады.
Облыстық әкімдікте өткен салтанатты жиында ел үмітін үкілеген спортшыларға сый-құрмет көрсетілді. Шарада сөз алған өңір басшысы Айдарбек Сапаров мүмкіндігі шектеулі жандардың жеңіске деген құлшыныстарына тәнті болғанын жеткізді.
– Біздің параспортшыларымыз намысты қолдан бермеуге тырысты. Бұған дейін паралимпиадада Александр Герлиц жүлдегер атанса, осы жолы Ербол Хамитовтің айы оңынан туды. Жерлесіміз үш бірдей медальді еншіледі. Солтүстікқазақстандық атлет еліміздің Туын көкте желбіретіп, Әнұранымыздың Швецияның төрінде шырқалуына себепкер болды. Бұл – үлкен қуаныш. Ербол бұл жеңіске оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Ерік-жігері мен уақытын сарп етті. Жерлесімізді айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Ербол Хамитов әлем чемпионатында парабиатлонның 7,5 және 12,5 шақырым болатын бәсекелерінде қола жүлдегер, парашаңғының спринт сынында жеңімпаз атанды. Бұл – Қазақстанның қысқы параспорт тарихындағы ең алғашқы үлкен жетістігі.
– Жаттықтырушыларым Антон Владимирович пен Аслан Асылбекұлына алғысым шексіз. Бұл жетістікке мен сол кісілердің арқасында қол жеткіздім. Біз әлем чемпионатына ұзақ дайындалдық. Бұрын жіберген қателіктерімді қайталамауға тырыстым. Жүлдегерлер қатарынан көрінген кезде қобалжығаным рас. Қолдау көрсеткен ата-анама, жанкүйерлерге разымын, – деді Ербол Хамитов.
Спортшылармен кездескен Айдарбек Сапаров, оларға әлем біріншілігінде лайықты өнер көрсеткені, саламатты өмір салтын насихаттағаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ халықаралық жарысқа қатысқан атлеттерге естелік сыйлықтар табыс етті. Ал ел абыройын асқақтатқан Ербол Хамитовке қызметтік пәтердің кілтін табыстап, ақшалай сыйлық берді. Өңір басшысы чемпион тәрбиелеген Ербол Хамитовтің ата-анасына да рақметін айтып, оларды Құрмет грамотасымен марапаттады. Өз кезегінде Ербол Хамитов облыс әкіміне Борки кентіне заманауи жаттығу базасының қажет екендігін алға тартты.
Нұрбол БАЛҒАБЕКОВ.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.