«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сайланған әкім үмітті ақтай ма?

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын айта келіп, бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асыруды тапсырған болатын. “Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын”, – деген ұсынысынан кейін 2021 жылы 25 шілдеде Қазақстанда тұңғыш рет баламалы түрде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті.

2024 жылға дейін барлық аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері сайлануы тиіс. Бұл жауапты науқан сайлау рәсімдерін жетілдірудің саяси жаңғыруға негізделген жаңа кезеңі екенін айғақтап берді. Президент өз сөзінде “Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ реформаны соза беруге болмайды. Билік халық алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз”,– деді.

Облыстарда өткен сайлауда 730 ауыл әкімі таңдаушылардың тікелей дауыс беруі арқылы сайланып, ел тарихындағы маңызды қадам, саяси өзгерістер ретінде есте қалды. Бұл қадам арқылы жергілікті проблемалар мен әлеуметтік мәсе­лелерді жақсы білетін, жаңаша ой­лай­тын, қолынан іс келетін азамат­тардың мемлекеттік басқару жүйе­сіне келуіне мүмкіндік жасалды. Біз­дің өңірде Мамлютка қаласы және 70 ауылдық округ бойынша әкімдер сайлауына қатысуға ниетті 68 кан­дидатты саяси партиялар, қалған 146-сы өзін-өзі ұсынды. Сайланған 71 әкімнің 57-і – мемлекеттік қыз­метші, 4-уі – коммерциялық құры­лым өкілі, 6-уы – бюджеттік ұйым қызметкері, 2-уі – уақытша жұмыс­сыз, 26,8 пайызы әйелдер болса, 42 әкім өз орнын сақтап қалды. Маман­дығына келсек, 13-і – экономист, 14-і – заңгер, 21-і – оқытушы, 7-уі – ин­женер. Орташа жасы – 45.

Сарапшылардың пікірінше, сайланған әкімдер сайлауалды бағдарламаларында, кездесулерде өздеріне жүктелген міндеттердің ауырт­палығын жасырмай, ашық бөліссе, жұртшылықтың көкейінде проблемалар жедел шешімін табады деген үміт оянып, сенім нығая түскен. Бұл пікірлердің шындықпен үйлесетінін аудандарға жұмыс са­па­рымен барған кезде ой елегінен өткі­зіп, безбенге салғандай болдық. Шал ақын ауданы Мерген елді ме­кеніне ат басын тірегенімізде ауыл­дың сыйлы ақсақалдарының бірі Естай Бірімжановтың шаңырағына арнайы бас сұғып, хал-жағдайын біл­ген едік. Қарияның қой кезегінен оралған беті екен. Қысқаша аман­дық-саулық сұрасқан соң әлі аяғын қаз-қаз баса қоймаған шөбересін емі­рене бір иіскеп, содан көңілі жай­ланды білем, тершіген маңдайын қол орамалмен сүртіп алды да ұзын-сонар әңгімеге көшті.

– Е, солақай саясаттың ызғары Мергенді де талай жыл әрі-сәрі күй­ге түсірді емес пе? Ата-баба жерінде отырып, төрге оза алмай, босағадан сығалаған күндеріміз аз болмады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары әкем Мерген, Ынтымақ, Жалтыр­дың басын біріктіріп, кеңшар ұйым­дастырып, төрт түлік қотанға толып, жұртың еңсесі көтеріле бастағанда қазақша атау жетпегендей жоғарыдағылар тізеге салып, Шапайға өзгертті де жіберді. Алға басқан аяқты кері тартудың амалы білем, одан “Марьевский” кеңшарына қосақтап, бөлімшеге айналдырып бірақ тынды. Налығаннан айтасың, әйтпесе қолымызды аузымызға жеткізген Тәуелсіздігімізге тәуба! Әкелі-балалы Окуневтердей басшымыздың, Гүлмирадай әкіміміздің жұртқа жұмыс тауып беріп, жағдайын жасап отырған қамқорлығына шүкіршілік дейсің! – деп тоқтады ақсақал.

Бұл – Городецкий ауылдық округінің әкімі Гүлмира Қапиеваға қатысты сырттай естіп отырған бірінші жылы лебізіміз емес. Алдында кондитерлік цех ұжымымен тілдескенімізде сөздерінің басын Гүлмира Амангелдіқызынан бастауы тектен-тек емес еді.

– Күйеуім екеуіміз Жалтырдан қатынап жұмыс істейміз. Менің мамандығым – зоотехник. Жұмыссыз қалып, не істерімді білмей дағдарып жүргенімде әкімдіктің демеуімен жұмысқа орналастым. Жалтыр осы арадан 7 шақырым жерде орналасқан. 60 шақты үйде үш жүздей адам тұрады. Мектеп – 9 жылдық. Әкімнің қазақ ауылына деген қамқорлығы алабөтен. 20-дан астам адамның тұрақты жұмысқа орнығуына, Абай Симанбаев, Мағжан Қажығалиев, Жылгелді Кәрімов, Нұргелді Симанбаев сияқты отбасылардың жеңілдікті несие рәсімдеуіне көмектесті. Енді Жалтырға дейін асфальт жол тартқызу үшін “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасына енгізу әлегімен шапқылап жүр. Өйткені экономикалық әлеуеті төмен елді мекен санатына жатқызылғандықтан, республикалық қазынадан қаражат бөлдірту қияметтің қыл көпірінен өткенмен бірдей көрінеді. Әйтпесе, “Мерген” шаруашылығының басшылығы жобалық-сметалық құжаттарға кететін шығынды өз мойнына алып отыр. Асфальт жол салынса, Жалтырдың асығы алшысынан түсер еді, – деген болатын Шолпан Тәжібаева есімді ауыл тұрғыны шырылдаған шындықтан аз-мұз хабардар етіп. Оның құрбылары Бибігүл, Әсел, Айнагүл де ойларын бүкпесіз білдіріп, әсіре­се әкімнің жастарға деген ыстық ықыласын тебірене жеткізген.

Естай ақсақал үй маңайындағы отбасылардан жиналатын үш жүзге тарта Шопан ата түлігін бағып-қағудың жеңілдей түскенін ризашылықпен айтты. Құрғақ уәдеден, сылдыр сөзден әбден ығыр, запы болған адамдардың кейде ашу-ызаға бой алдырып, оның ақыры әлеуметтік талас-тартыстарға соқтырып жататынын көріп те, кездестіріп те жүр­міз. Оларға керегі – қалай жазсаң да, ақ қағаз беті көтере беретін сы­қиған семіз цифрлар мен жалпыла­ма есептер емес, жеке бастарына қатысты мәселенің тап-тұйнақтай ше­шілуі. Мергендіктердің де жайы­лым тапшылығынан салы суға кет­кен­дей күй кешіп жүргенін көрген Гүлмира Амангелдіқызы олардың өтінішін шаруа қожалығы басшылы­ғына жеткізуі сол екен, сөзге келместен 400 гектар жерді малы бар тұрғындардың иелігіне босатып берген.

– Осы үйге немереммен көшіп келген жылы түнде далаға кіріп-шығу қиын болды. Гүлмира қызым айтқызбай-ақ бағаналарға аспалы шамдар қойдырып берді. Үлкенмен де, кішімен де сыйласа білетін тіл алғыш мінезінен айналып кетейін, – деді қоштасар сәтте “қартайғанда бір балаға” айналып сала берген кейіпкеріміз.

Ауылдық округ әкімі тығыз шаруалармен жүрсе де, бізбен сұхбаттасуға уақыт тапты. Мерген ауылының тумасы осындағы мектепте 16 жыл, оның 5 жылында директор болып қызмет еткен екен. Кейін Юбилейный ауылдық округіне әкім болып тағайындалған. “Тағайындалу мен сайланудың айырмасын сезіндіңіз бе?” – деген сұрағымызға былай жауап берді:

– Қызметке қойылатын талап ортақ болғанымен, жауапкершілік жүгі әрқилы екені білінбей тұрмайды. Юбилейный ауылдық округі құрамында бес ауыл болды. Ұзынжар, сондай-ақ Куприяновка мен округ ор­талығы Крещенканың іргесі сөгіл­мей тұр. Бұлар бұрынғы “ТНС”, со­сын “Степное – 2020” деп атауы өз­герген серіктестіктер тұсында эко­но­микалық жағынан өте әлеуетті болды. Серіктестік банкроттыққа ұшыраған соң бұл ауылдардың ба­сынан да бақ тая бастады. Тельман тарап, Құртайда 5 үй ғана қалды. Жерге сырттан келген алпауыттар иелік етіп, жергілікті тұрғындармен санаса қоймады. Әлеуметтік мәселелер назардан тыс қалып, жұмыстан шеттетіле бастады. Олармен тіл тауып, ымыраласу өте қиынға соқты, – деген Гүлмира Амангелдіқызы әкімдік сайлауына түскенде, біріншіден, осы саладағы азды-көпті тәжірибесіне сүйенгенін айтты. Екіншіден, ауылдастарының қолдауы үлкен күш, дем берген. Өзін-өзі ұсыну жолымен бағын сынауды ұйғарған. Сайлауалды бағдарламасын саралап, нақты мәселелер іріктеліп алынған. Нәтижесінде сайлаушылардың 80 пайыздай дауысын жинаған.

Сайланған ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бұл – тұрғындар алдындағы уәделер мен міндеттемелерді орындауға жеткілікті уақыт. “Бастапқыда қатты толқыдым. Көпшілік таңдағандықтан, саяси салмағы да өзгеше. Талмай ізденуге тура келеді, шын мәніндегі ұйымдастырушысың ба, әлде бос уәденің шеберісің бе, төреші – сайлаушылар. Бағалайтын да, кемшілігіңді осып тұрып айтатын да – солар. Өйткені бұрын жоғары тұрған бастықтарға есеп берсең, енді “халық сайлаған әкім” деген атқа кір келтірмеуге ұмтыласың”, – дейді ол.

Санамалай берсек, Городецкий ауылдық округінің жетістіктері көп. Алайда әкім одан гөрі шешімін таппаған мәселелер жайлы айтуға бейіл. 100 үйлі Мергенге керегі – мектеп. 65 орынды ғимарат ескі, 60 оқушы мен шағын орталықтың 22 тәрбиеленушісіне тарлық етеді. Туу көрсеткіші артып, көпбалалы отбасылар көбейіп келеді. “Ауыл – ел бесігі” бағларламасы аясында акушерлік-фельдшерлік пункт тұрғызылады делінген. Алайда республикалық бюджеттен қаржының бөлінетініне күмән көп. Себебі “келешегі жоқ” деген кесір сөз алдан бұралаңдап шыға келеді. Мерген мен Жалтырға орталықтандырылған су құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттарды рәсімдеуге жергілікті шаруашылық есебінен қаражат алдын ала төленіп, республикалық бюджеттен 960 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат әлі де аздық етеді.

– Қолды жіпсіз байлап тұрғаны – ауылдық бюджеттің шектеулігі, тіпті жолдарды қардан тазалауға, қатты қалдық заттарды шығаруға қаржылық та, техникалық та мүмкіндік келе бермейтіндіктен, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартудың түрлі жолдарын іздестіруге тура келеді. Ірі шаруашылықтардан көмек сұрауға мәжбүрміз. Бюджет төрт деңгейден тұрғанымен, жиналатын салық мардымсыз. Өзгелерге кіріптармыз. Міне, осындай екіұдай тұстарда республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі басшылар қолтығымыздан демеп жіберсе, құба-құп болар еді. Мергенде мәдени шаралар түгелге жуық асханада өтеді. Жаңа Мәдениет үйі болса, артықтық етпес еді. Жоғары жақтың көмегінсіз үйлерге газ тарту жайы да түйінді проблемаға айналып отыр”, – деген Гүлмира Амангелдіқызы бізбен қоштасып, көлігіне қарай бет алды. Шопанның мәстек атына көбірек ұқсайтын ескі “Жигулидің” қиюы қашқан сықырлауық есігін “ойбайлата” ашып, орнына отырды. Есептен әлдеқашан шығарылған көлік мініп жүрген сайланбалы әкімнің адам жыларлық халін кім түсінер екен? Ауданда 10 ауылдық округ болса, біреуінің ғана “темір тұлпары” жаңаланыпты. Араларында жекеменшік көлігін мемлекеттік қызметке “жегіп” жүргендері де бар. Осылай жүріп сайланған әкім үмітті ақтай ала ма?

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp