«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Басты бағдар – әлеуметтік әділеттілік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Астанада өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған форум жайлы айтылды. Бұл халықаралық деңгейдегі шара “Жаңа қоғамдық келісім: әділетті еңбек қатынастары” атты тақырыпта өтті.

Отырыста сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев аталмыш форумның маңыздылығын атап өтіп, жергілікті салалық кәсіптік одақтардың алдағы жоспарын ортаға салды.

– Форум әлеуметтік әріптестік жылы аясында, яғни өткен 2022 жылдың қорытындысын жариялау мақсатында ұйымдастырылды. Оған елімізден бөлек, Әзірбайжан, Молдова, Түркия елдерінің өкілдері қатысты. Біздің өңірлік филиалдың мүшелері де бұл шарадан шет қалған жоқ. Халықаралық деңгейдегі жиында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сөз сөйледі. Ол Мельбурн қаласындағы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V Конгресінде қабылданған жаңа әлеуметтік келісім тұжырымдамасы аясында әділетті еңбек қатынастарын құруда тың ізденістер танытуды ұсынды. Оның сөзінше, дүниежүзі бойынша еңбек саласын дамытудың ең маңызды шарты – адамға бағытталған жаңа әлеуметтік келісімді қалыптастыру және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, бұл өз кезегінде аймақтық, ұлттық және жаһандық деңгейде әлеуметтік-экономикалық жүйелердің тұрақты дамуына ықпал етеді, Шетелдік әріптестер бұл бастаманы құптады, – деді Ерік Нұрақаев.

Кәсіподақтардың негізгі міндеті – жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында құқықтық ашықтықты қамтамасыз ету. Сондай-ақ кез келген кәсіпорында, мекемеде жалақының уақытында төленуін қадағалау. Жұмыс істейтін азаматтардың табысын бөлуде, теңсіздік пен кедейшілік мәселесін шешуде кәсіподақтардың рөлі маңызды. “Әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру – бүгінгі күні кәсіподақтардың алдында тұрған басты міндет”, – деді баяндамашы.

Форумның негізгі идеясын жеткізген Ерік Есімұлы әлеуметтік әріптестерді кеңес беру кезеңінен нақты шешімдер қабылдау кезеңіне көшуге шақырды. Үйлестіру кеңесінің отырысында кәсіподақтар ұйымында “2023 жыл – қауіпсіз еңбек жылы” деп бекітілді. Оның аясында биыл адамның денсаулығына залал тигізетін мекемелер назарда болмақ.

Кеңесте биыл “Еңбек адамының” рөлін арттыру бағытында кең ауқымды жұмыс жүргізілетіні айтылды. Мәселен, облыстық “Soltüstık Qazaqstan ” газеті кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, жергілікті кәсіпорындарда еңбек етіп жатқан азаматтар жайлы сериялы материалдар жариялап тұрмақ.

Жиын соңында Ерік Нұрақаев өткен жылы ұйымдастырылған “Үздік ұжымдық келісімшарт” байқауының қорытындысына тоқталды. Республикалық деңгейде өткен сайыста “СҚО әкімдігі жанындағы Петропавл қалалық балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі жеңімпаз атанды. Форумда аталмыш ұйым жанындағы кәсіподақтың төрағасы Елена Шляхтинаға “Еңбек озаты”, ал мекеме басшысына “Үздік әлеуметтік әріптес” медалі табысталды.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp