Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Президент сайлауы қарсаңында сөйлеген сөзінде ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданың бірі мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық екенін атап көрсетіп, ауылдан Ақордаға дейінгі шешімнің бәрі осы тұрғыдан қабылдануы, әр істе мемлекеттік ұстаным болуы қажеттігін қадап айтты.
Президент ұсынған жаңарту бағдарламасының түп қазығы саяси реформаларды жаңашылдықпен әрі дәйектілікпен жүзеге асыра отырып, әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам құруға бағдарланбақ. Ал экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейтіні, оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру болып қала беретіні анық. Саяси бастамалар мемлекеттік құрылысымыздың “Қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” қағидатын формалық және мазмұны жағынан байытып, бүкіл саяси жүйені кешенді түрде реформалауға зор мүмкіндіктер беретінін қазақстандықтар нақты сезініп отыр. Оның айғақты мысалдарын алысқа ұзамай-ақ, Аққайың ауданындағы Полтавка ауылдық округінен келтіруге болады.
2022 жылғы 3 наурызда Президенттің “Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы” Жарлығы қабылданғалы тоқсан сайын барлық деңгейдегі әкімдердің жергілікті жерлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы азаматтарды хабардар ету, халықты толғандыратын проблемалық мәселелерді шешу, билік органдарының беделін күшейту шаралары жандана түскенін аңғару қиын емес. Тұрғындар әкімдердің кездесулері бұрынғыдай жалпылама есеп үшін ғана керек деген көзқарастан арылып, өздері қоғамдық істерге белсене араласа бастағаны қуантады. Шешімін таппай келе жатқан шетін проблемаларды бірге талқылап, әлеуметтік-экономикалық дамудың кенжелеп қалған тұстарын сынаушыдан гөрі жәрдемдесуші, түрлі тетіктер, құралдар арқылы ықпал жасаушы, бақылауға алушы ретінде бет бұра бастауы өте құптарлық. Мұның өзі бұдан былай жылына бірнеше мәрте өтетін есеп беру жиындарының маңыздылығын, ауқымдылығын түсінгенін аңғартады. Полтава ауылдық округінің аумағында орналасқан үш елді мекенде шешімін табуы тиіс мәселелер аз емес. Бірінші кезекте, жаңа жұмыс орындарын ашу есебінен екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер санын азайтуға ерекше мән берілді. Округ бойынша экономикалық белсенді тұрғындар саны – 440 адам болса, 122-сі өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен. Сырттан көшіп келушілердің есебінен көші-қонда оң үрдіс пайда болып, туу көрсеткіші біршама жақсарды. Өткен жылы 91 адам жұмысқа орналастырылып, жастар тәжірибесіне – 3, әлеуметтік жұмыс орнына – 1, кәсіптік оқытуға – 3, қоғамдық жұмыстарға – 8, бос орындарға 42 адам тартылды. Осылайша 2021 жылмен салыстырғанда жұмыспен қамту көрсеткіші 9 бірлікке артты.
Президенттің Үкіметке жүктеген тапсырмаларының бірі – әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайға қарамастан тұрақты экономикалық өсімге, әлеуметтік қамсыздандыруға қол жеткізу. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоя отырып, оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату күн тәртібіне қойылды. Әсіресе жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету, бюрократия мен формализмді азайтуға бағытталған қадамның мәні айтарлықтай болды. Бертінге дейін билікті орталықсыздандыру үдерісіне мән берілмей келсе, енді жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі адамдардың өздері тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз салатынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Мұның барлық деңгейдегі әкімдіктерге тікелей қатысы бар.
Конституциялық реформа мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталып, ортақ жетістіктер ұлт мерейін өсіретін құндылығымызға айналды. 1 қаңтардан бастап сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне қатысты бірқатар жаңа өзгерістер енгізілді. Бірмандатты сайлау округтері мен тиісті сайлау комиссиялары құрылды. Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау ережелері жаңа тәртіппен бекітілді. Бұдан бөлек, болашақта аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайланады. Ауыл әкімдерінің корпусын халықтың дауысы арқылы жаңарту өз жалғасын табады. 350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін сайлау тікелей сайлау тәсілімен жүзеге асырылып, бір мыңға жуық ауылдық елді мекенді қамтымақ. Бұл талаптар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етері сөзсіз. Округ әкімінің аппаратында халыққа тиімді қызметтер ұсынудың оңтайлы жолдары қарастырылған. Мәселен, бекітілген мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес 5 қызмет түрі көрсетіледі. Елді мекен шегінде нысан салу үшін жер учаскесін беру туралы ұсыныс қолдау тапты. Қызметтерді алу барысын және халыққа қызмет көрсету орталығына баруды жеңілдету мақсатымен “Connection Point” өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі орнатылды, оның көмегімен әрбір азамат “электрондық үкіметтің” веб-порталы арқылы электрондық қызметтерді дербес алады. 2021 жылмен салыстырғанда анықтамаларды “электрондық үкімет” порталы арқылы рәсімдеу 45 бірлікке ұлғайды. Сөйтіп, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы біршама жақсарды. 2020 жылдан бастап әкімдік бюджеттің 4-ші деңгейіне көшірілді. Былтыр округті дамытуға 52554 мың теңге бөлініп, кентішілік жолдар жөнделді, көшелер жарықтандырылды. 2283,1 мың теңге салық жиналды.
Округтегі 283 отбасының 226-сы жеке қосалқы шаруашылықпен айналысады. Оларға жемшөп қолжетімді бағамен беріледі. Ақшаға шаққанда, бір пай мөлшері 94 мың 600 теңгені құрайды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердің жалпы аумағы – 30711 гектар. Орташа астық өнімділігі 15 центнерден айналды. 2 серіктестік, 8 шаруа қожалығы, 7 жеке кәсіпкерлік жұмыс істеді. Олар елді мекендерді абаттандыруға үлкен көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік салаға 370 млн. теңге демеушілік көмек көрсетілді. Ауылға кіреберісте стелла орнатылды, әкімшілік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. 147 түп ағаш көшеттері отырғызылды. “Алтын Сары” ЖШС Борки ауылында спорт залын тұрғызып берді, үйлерге орталық жылыту және сумен жабдықтау жүйелері тартылды. Сүт сатып алу ісімен “Курделя”, “Белов” ЖК шұғылданады.
Президент заң үстемдігін берік орнықтырып, оған бәсекелестік сипат беру арқылы қоғамның жіті назарына алуды тапсырған болатын. “Қасыретті қаңтар” оқиғасы бәрімізге үлкен сабақ болды. Сондықтан кез келген заңсыздыққа тосқауыл қою, алдын алу – басты міндеттеріміздің бірі. Мемлекет басшысы “саяси плюрализмге ашықпыз, экстремизмнен, қарақшылық пен бұзақылықтан қашықпыз” деген ортақ тұжырымды жұртшылық есіне сала келіп, соңғы кезде адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қылмыстардың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Учаскелік полиция инспекторлары жүргізген рейдтерге сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізінде елді мекен аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзған жеке тұлғаларға 16 ескерту жасалып, 12 нұсқама жазылды, 2 айыппұл салынды. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты жайттар елеусіз қалған емес.
Мәдениет үйі мен кітапхананың есігі жастарға әркез ашық. Оқушылардың алаңсыз оқуына, өздерін еркін сезінулеріне әркез мүдделілік танытамыз. Мұндай жұмыс мұқият жүргізіледі, олар ешқашан босаңсыған емес. Елімізде синтетикалық есірткі тұтынушылардың көбейіп, ұлт саулығына үлкен қатер төндіруі, ахуалдың күрделене түсуі ешкімді бейжай қалдырмауы тиіс. Аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кеселді еңсеруге мұғалімдер, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар да бір кісідей жұмыла кіріскен. Сабағын үздік оқып, өнегелі тәрбиесімен үлгі көрсетіп жүрген балалар аз емес. Шағын орталыққа баратын 31 тәрбиеленуші аға-апаларынан үлгі алады. Былтыр ҰБТ қорытындысы бойынша түлектеріміз 7 грант ұтып алды. “Менің кіші Отаным” республикалық жас тарихшылар зияткерлік байқауында Максим Петренко жеңімпаз атанды. “Зерде” шығармашылық сайысында Александра Пак, “Сені сүйемін, Қазақстан” байқауында Алмаз Ермағанбетов бірінші орынды иеленді. “Отан отбасынан басталады” демекші, жас буынға жастайынан лайықты тәрбие бере білсек, ертең өкінбейміз. Ұстаздар қауымы білім алушылардың жеке басының үйлесімді қалыптасуын естен шығармайды. Ахмет Байтұрсынұлының, Мұхтар Әуезовтің, Дінмұхамед Қонаевтың, Роза Бағланованың мерейтойлары, Мемлекеттік рәміздер күні мазмұндылығымен есте қалды.
Президент Жолдауында қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың оқуларын тастап кетіп жатқаны, олардың білім алуды қажет деп таппайтыны айтылды. Мемлекет тарапынан ұстаздар мен балғындарды қолдау саясаты жалғасып, қабылданған шаралар жемісін беріп жатса, бұл салаға салынған инвестицияның ақталғаны деп білеміз. Бұл орайда балаларды ерте жастан өнерге, спортқа бейімдеп, нақты мамандыққа баулудың маңызы зор. Мектептерде спорт үйірмелері жұмыс істейді. “Адал ұрпақ” клубы, “Ромашка” әншілер тобы, “Хуторок” балалар ансамблі құрылған. Стадион, хоккей корты бар.
Тұрғындарға бір фельдшерлік-акушерлік пункт қызмет көрсетеді. 100 адам диспансерлік есепте тұр, олар қажетті препараттармен толық көлемде қамтамасыз етілген.
Өткен жыл бәріміз үшін айрықша, тарихи жыл болды. Бүкілхалықтық референдум, кезектен тыс Президент сайлауы Қазақстан дамуының түбегейлі бетбұрысына айқара жол ашты. Бүгінде Конституцияға сәйкес билік тармақтарының түгел жаңартылып жатқанының куәсіміз. Мемлекет басшысы айтып өткендей, жергілікті әкімдерді сайлау саяси модернизацияның жаңа кезеңіне айналып, электораттың билікке деген көзқарасының өзгеретіні күмәнсіз.
Ольга СЕМЕНЮК,
Полтавка ауылдық округінің әкімі.
Аққайың ауданы.