«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауызсудың жыры

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Мамлют ауданына қарасты Пок­ровка ауылы тұрғындарын алаңда­тып отырған өзекті мәселелер аз емес. Ауылдықтар біресе “Еңбек” бағдарламасы бойынша салынған үйлердің сапасыздығына шағым­данса, енді бірде ауызсудың әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқанына наразы.

Өткен аптада Покровка ауылы­ның тұрғыны Мақпал Тоқтанаева редакциямызға хабарласып, ауыл­дың кіреберісіндегі күнделікті су сататын пункттің су тазалайтын сүзгісі істен шыққанын, сол себепті тұрғындар тұзды су ішіп отырғанын, су желісін жүргізу үшін қазылған шұңқырлардың беті жабылмағанын, оған мал да, адам да құлап кетуі мүмкін екенін айтты.

Біз аталған ауылдағы су мәселе­сін газетіміздің өткен 2022 жылғы 11 ақпанында шыққан “Табыс көзі – ты­нымсыз еңбекте” деген мақалада кө­терген болатынбыз. Онда Мамлют аудандық әкімдігінің сәулет, құры­лыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лы­ғы, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімінің ма­ма­ны Ғали Абдрашев “Покровка ауы­лына су құбырын тарту және тарату желі­ле­рінің құрылысы бойынша ашық тен­дерді “Дәнекер” ЖШС-ы жеңіп ал­ғанын, бұл шаруа сәуір-шілде ара­лығында қолға алынаты­нын айтқан. “Жоспарды жағдай бұзады” демек­ші, сол сәуірде баста­лып, шілдеде аяқ­талады деген жұ­мыс белгілі се­беп­термен сиыр­құйымшақтанып, кейін басқа фирма­ға табысталып, олар тамыз-қараша айларында то­лық аяқтауға уәде еткен. Алайда олардың да жұмысы межелі уақытта бітпегенін көшедегі қазылып, беті жабылмай қалған терең шұңқырлар­дан анық аңғаруға болатындай. Қа­ра­шаны көзбен ұзатып салған пок­ров­калықтардың енді көктемді күту­ден басқа амалы жоқ. Сонда су тар­ту жұмысына жауапты мамандар­дың “ауыл батпақты жерде орналас­қан­дықтан, жердің қатқанын күтуге тура келеді” дегені жалған болғаны ма? Қара жердің нағыз қатқан кезі қаңтар мен ақпан емес пе?

Біз бұл мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін Покровканы бетке ал­дық. Шынымен де, тұрғындары айт­са айтқандай, жол бойында самса­ған шұңқырлардың бірде біреуінің беті жабылмапты. Ал жердің қатқа­нын пай­даланып техникамен жұмыс іс­теп жатқан ешкімді көзіміз шал­мады.

Мән-жайды білу үшін ауыл әкімі­не жолықтық. Бізді кеңсесінің алды­нан күтіп алған Мұрат Қарабалаев Покровка ауылында су құбыры және тарату желілерінің құрылысы жүргі­зі­ліп жатқанын жеткізді.

– Мамлютка қаласынан жеткізі­летін ауызсу желісінің құрылысы жос­пар бойынша үстіміздегі жылдың тамыз айында бітеді. Ал аптасына 5 күн тұрақты жұмыс істейтін таза ауыз­су пунктінің сүзгісі тозғандық­тан, жылдам ауыстыруды қажет етеді. Осындай кезде тұрғындардың ба­рын­ша сабырлы болуын сұрай­мыз. Сүзгіні бір-екі күнде ауыстыруға ты­рысамыз, – деп уәде берді ауыл әкімі.

Су беру пункттіне жауапты Анарбай Қалдаровтың айтуынша, шағын темір үйдегі тазалағыш құрылғы тір­ші­лік көзін 30 метр тереңдіктен со­рады екен. Су алдымен үлкен плас­тик бөшкеге құйылып, одан кейін қатарынан 5 сүзгіден өткеннен кейін барып тұтынушыларға беріледі. Бастапқы екі сүзгіні күнделікті қол­мен тазалап отырмаса, құм мен тұз қалдықтары толып қалады. Сүзгі тоза бастағанда судың дәмі сәл тұздылау болады, “NURSUPLUS” ЖШС-ның мамандары айына бір рет келіп судың тазалығын тексереді. Тұрғындар судың бір литрін бір теңгеге сатып алады.

Ендігі мәселе – беті ашық жатқан шұңқырлардың қашан жабылатынында. Терең ұраларға түсіп кетсе, мал мен адамның мертігетіні айдан анық. Ауыл әкімі оқыс оқиғаның ал­дын алу үшін тиісті шаралар атқары­латынын тілге тиек етті.

Покровкалықтар ауызсумен қо­са облыс орталығына қатынайтын ав­тобустың жайын да көлденең тарт­ты. Олар Петропавлға жету үшін ба­ғасы қымбат такси қызметін пай­да­лануға мәжбүр. Өйткені ауылдың ір­ге­сіне келіп тоқтайтын жалғыз ав­то­бус осыдан біраз күн бұрын жұмы­сын тоқтатыпты. Ал Петропавлдан Майбалық, Айтуар, Катанай, Прес­новка, Казанка, Чистое бағытына жүретін автобустардың барлығы Покровкаға бұрылмай күре жолмен тура тартатын көрінеді.

Біз мәселенің мәнісін білу үшін Мам­лют ауданының әкіміне жолығу­ды жөн көрдік. Әкімдіктің алдына біраз тұрғын жиналып үлгеріпті. Әр­қайсысының өз уәждері бар көрінеді. Алайда ау­дан басшысымен жүзде­су­дің сәті бұйырмады. Дегенмен де аудан әкі­мінің бірінші орынбасары Айсұлу Тайменова, аппарат басшы­сы Ғабит Мүсірепов, Мамлютка қа­ласының әкімі Еркін Самарханұлы тұрғындар­дың мұң-мұқтажын жыл­дам шешудің жолын қарастыратын­дарын жеткізді.

– Аудан мен облыс орталығына төте қатынайтын жалғыз автобус әкімдік иелігіндегі мүлік емес. Сон­дықтан бұл шаруа бүгін-ертең ше­шіл­мейді, – деді Еркін Самарханұлы.

Тұрғындар қала әкімінен аудан орталығындағы көше автобусының жұмысы қашан жолға қойылатынын сұрады. Бұрын қаланың бір шеті мен екінші басына 80 теңге төлеп жететін олар қазіргі уақытта такси жүргізу­ші­ле­ріне 800-1000 теңге төлеуге мәж­бүр.

– Мен Петропавлға бару үшін Жұмысшы кентінен орталыққа дейін 800 теңге төлеп таксимен жетуім ке­рек. Одан кейін автобусқа 360 теңге төлеймін. Ал аудан орталығына жаяу жүріп жетуге кемінде жарты сағат уақыт жұмсаймыз. Ал балалы-шағалы, қарт адамдар қайтпек? – дейді Мамлютка қаласының тұрғыны Эльмира Жәдік.

Көше автобусы індет белең ал­ған тұста, адам санының азайғаны себепті өз жұмысын тоқтатыпты. Жер­гілікті биліктің айтуынша, бұл мә­се­лені шешу үшін конкурс жария­лан­ған. Оған қатысушылар табылса, бір автобус үш мезгіл тұрғындарды тасымалдаумен айналыспақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp