Облысымызда интернет-алаяқтар әлеуметтік желіде пайдаланылған автокөліктерді сату туралы жалған хабарландырулар жариялауда. Олар қызығушылық танытқандарға тек “WhatsApp” арқылы хабарласуды сұрайды.
Содан кейін ауылда ұялы байланыстың нашарлығын сөз етіп, бейнеқоңырауға жауап бермейді. Бұдан бөлек, “көліктің” бағасын одан сайын түсіріп, кішкентай баласының науқас болғандығы себепті ақшаға өте мұқтаж екенін айтады. Сенімге кіргеннен кейін, алдын ала төлем алады. Кейін байланысқа шығуды тоқтатады. Осыдан екі жыл бұрын алаяқтардың бұл тәсілі туралы БАҚ-та және әлеуметтік желілерде материалдар жариялағаннан кейін мұндай жағдайлар тоқтаған еді. Биыл екі факті тіркеліп отыр. Егер “сатушының” адалдығына күмәнмен қарасаңыз алдын ала төлем жасауға келіспеу керек.
Облыс полицейлері алаяқтық болуы мүмкін хабарландыруларды анықтау үшін веб-кеңістікке мониторинг жүргізеді.
Марат ЖҰМАЛИЕВ,
облыстық криминалдық полиция басқармасының бастығы.