М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті “Журналистика” кафедрасының негізін қалауға елеулі еңбек сіңіргендердің бірі – филология ғылымдарының кандидаты, профессор Зарқын Тайшыбай. Оның бір кездері Қарағандыдан Қызылжарға келіп, осында журналистика мектебін қалыптастырғаны көпке аян. Ғалымның алдын көрген шәкірттері бүгінде өңіріміз бен республиканың бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп жүр. Профессордың журналистиканың теориялық негізі мен тарихы туралы көптеген еңбектері жарық көріп, маман даярлау үшін кеңінен пайдаланылып келеді. Абыз оқытушы әлі де ғылыммен айналысып, жас маман тәрбиелеуде. Ғалымның осы және өзге де еңбектері университет қабырғасында өткен “Ұлағатты ұстаз – дарынды шәкірт” атты басқосуда айтылды.
Шара барысында жарты ғасырға жуық оқытушылықпен айналысып келе жатқан ғалымның үздік шәкірттеріне де құрмет көрсетіліп, олардың бірқатары марапатталды. Атап айтқанда, университеттің тыныс-тіршілігін көрсететін “Парасат” бағдарламасын түсіріп, шығаруға белсенді атсалысқан студенттерге Алғыс хаттар табысталды. “Парасат” бағдарламасы аптасына бір рет облыстық “Qyzyljar” телеарнасынан көрсетіліп отырады. Ал профессор Зарқын Тайшыбай атындағы арнайы шәкіртақыға университеттің 3-курс студенті Ұлан Ыдырыс ие болды. Ұлан – үздік оқу үлгерімімен, қоғамдық шараларға белсенді қатысуымен көзге түсіп жүрген жастардың бірі. Жас шәкірттерінің бұл жетістігіне куә болған ғалым оларға ризашылығын білдірді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.