Мамлют ауданына қарасты Покровка ауылы тұрғындарын алаңдатып отырған өзекті мәселелер аз емес. Ауылдықтар біресе “Еңбек” бағдарламасы бойынша салынған үйлердің сапасыздығына шағымданса, енді бірде ауызсудың әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқанына наразы.
Өткен аптада Покровка ауылының тұрғыны Мақпал Тоқтанаева редакциямызға хабарласып, ауылдың кіреберісіндегі күнделікті су сататын пункттің су тазалайтын сүзгісі істен шыққанын, сол себепті тұрғындар тұзды су ішіп отырғанын, су желісін жүргізу үшін қазылған шұңқырлардың беті жабылмағанын, оған мал да, адам да құлап кетуі мүмкін екенін айтты.
Біз аталған ауылдағы су мәселесін газетіміздің өткен 2022 жылғы 11 ақпанында шыққан “Табыс көзі – тынымсыз еңбекте” деген мақалада көтерген болатынбыз. Онда Мамлют аудандық әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Ғали Абдрашев “Покровка ауылына су құбырын тарту және тарату желілерінің құрылысы бойынша ашық тендерді “Дәнекер” ЖШС-ы жеңіп алғанын, бұл шаруа сәуір-шілде аралығында қолға алынатынын айтқан. “Жоспарды жағдай бұзады” демекші, сол сәуірде басталып, шілдеде аяқталады деген жұмыс белгілі себептермен сиырқұйымшақтанып, кейін басқа фирмаға табысталып, олар тамыз-қараша айларында толық аяқтауға уәде еткен. Алайда олардың да жұмысы межелі уақытта бітпегенін көшедегі қазылып, беті жабылмай қалған терең шұңқырлардан анық аңғаруға болатындай. Қарашаны көзбен ұзатып салған покровкалықтардың енді көктемді күтуден басқа амалы жоқ. Сонда су тарту жұмысына жауапты мамандардың “ауыл батпақты жерде орналасқандықтан, жердің қатқанын күтуге тура келеді” дегені жалған болғаны ма? Қара жердің нағыз қатқан кезі қаңтар мен ақпан емес пе?
Біз бұл мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін Покровканы бетке алдық. Шынымен де, тұрғындары айтса айтқандай, жол бойында самсаған шұңқырлардың бірде біреуінің беті жабылмапты. Ал жердің қатқанын пайдаланып техникамен жұмыс істеп жатқан ешкімді көзіміз шалмады.
Мән-жайды білу үшін ауыл әкіміне жолықтық. Бізді кеңсесінің алдынан күтіп алған Мұрат Қарабалаев Покровка ауылында су құбыры және тарату желілерінің құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Мамлютка қаласынан жеткізілетін ауызсу желісінің құрылысы жоспар бойынша үстіміздегі жылдың тамыз айында бітеді. Ал аптасына 5 күн тұрақты жұмыс істейтін таза ауызсу пунктінің сүзгісі тозғандықтан, жылдам ауыстыруды қажет етеді. Осындай кезде тұрғындардың барынша сабырлы болуын сұраймыз. Сүзгіні бір-екі күнде ауыстыруға тырысамыз, – деп уәде берді ауыл әкімі.
Су беру пункттіне жауапты Анарбай Қалдаровтың айтуынша, шағын темір үйдегі тазалағыш құрылғы тіршілік көзін 30 метр тереңдіктен сорады екен. Су алдымен үлкен пластик бөшкеге құйылып, одан кейін қатарынан 5 сүзгіден өткеннен кейін барып тұтынушыларға беріледі. Бастапқы екі сүзгіні күнделікті қолмен тазалап отырмаса, құм мен тұз қалдықтары толып қалады. Сүзгі тоза бастағанда судың дәмі сәл тұздылау болады, “NURSUPLUS” ЖШС-ның мамандары айына бір рет келіп судың тазалығын тексереді. Тұрғындар судың бір литрін бір теңгеге сатып алады.
Ендігі мәселе – беті ашық жатқан шұңқырлардың қашан жабылатынында. Терең ұраларға түсіп кетсе, мал мен адамның мертігетіні айдан анық. Ауыл әкімі оқыс оқиғаның алдын алу үшін тиісті шаралар атқарылатынын тілге тиек етті.
Покровкалықтар ауызсумен қоса облыс орталығына қатынайтын автобустың жайын да көлденең тартты. Олар Петропавлға жету үшін бағасы қымбат такси қызметін пайдалануға мәжбүр. Өйткені ауылдың іргесіне келіп тоқтайтын жалғыз автобус осыдан біраз күн бұрын жұмысын тоқтатыпты. Ал Петропавлдан Майбалық, Айтуар, Катанай, Пресновка, Казанка, Чистое бағытына жүретін автобустардың барлығы Покровкаға бұрылмай күре жолмен тура тартатын көрінеді.
Біз мәселенің мәнісін білу үшін Мамлют ауданының әкіміне жолығуды жөн көрдік. Әкімдіктің алдына біраз тұрғын жиналып үлгеріпті. Әрқайсысының өз уәждері бар көрінеді. Алайда аудан басшысымен жүздесудің сәті бұйырмады. Дегенмен де аудан әкімінің бірінші орынбасары Айсұлу Тайменова, аппарат басшысы Ғабит Мүсірепов, Мамлютка қаласының әкімі Еркін Самарханұлы тұрғындардың мұң-мұқтажын жылдам шешудің жолын қарастыратындарын жеткізді.
– Аудан мен облыс орталығына төте қатынайтын жалғыз автобус әкімдік иелігіндегі мүлік емес. Сондықтан бұл шаруа бүгін-ертең шешілмейді, – деді Еркін Самарханұлы.
Тұрғындар қала әкімінен аудан орталығындағы көше автобусының жұмысы қашан жолға қойылатынын сұрады. Бұрын қаланың бір шеті мен екінші басына 80 теңге төлеп жететін олар қазіргі уақытта такси жүргізушілеріне 800-1000 теңге төлеуге мәжбүр.
– Мен Петропавлға бару үшін Жұмысшы кентінен орталыққа дейін 800 теңге төлеп таксимен жетуім керек. Одан кейін автобусқа 360 теңге төлеймін. Ал аудан орталығына жаяу жүріп жетуге кемінде жарты сағат уақыт жұмсаймыз. Ал балалы-шағалы, қарт адамдар қайтпек? – дейді Мамлютка қаласының тұрғыны Эльмира Жәдік.
Көше автобусы індет белең алған тұста, адам санының азайғаны себепті өз жұмысын тоқтатыпты. Жергілікті биліктің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін конкурс жарияланған. Оған қатысушылар табылса, бір автобус үш мезгіл тұрғындарды тасымалдаумен айналыспақ.