«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНДЫҚ БРЕНДКЕ АЙНАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің индустриялық-инновациялық даму саласына елеулі үлес қосып келе жатқан компаниялардың бірі – “Alageum Electric” холдингі. Қазақстан нарығында ширек ғасыр бойы жұмыс істеп келе жатқан кәсіп­орын жылдан-жылға тамырын те­рең­ге жаюда. “Alageum Electric” ата­уын отандық брендке айналдырған холдинг еліміздің бірнеше өңірінде зауыттар ашып, қанатын кеңге жаю­да. Алғашқы зауыты оңтүстіктегі Кен­тау қаласында ашылса, соңғысы 2021 жылы солтүстіктегі Петропавл топырағында пайда болды.

Біздегі зауыт “Петропавл элек­тро­техникалық зауыты” ЖШС деп аталады. Өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік дамуында орны ерекше. Зауыттың құрылысына 10 миллиард теңге инвестиция салынғандығын, шығарылатын өнімдердің 98 пайызы шетелдерге экспортталатынын, өн­дірістегі шикізаттың 85 пайызы отан­дық өнімдер екендігін, кәсіпорынның 350 мың адамды жұмыспен қамти­тынын, сұраныстың қарқынды өсіп жат­қандығын, шығарылатын өнім­дер­дің қатарында кернеу класы 6, 10, 35 кВ тарату трансформаторла­ры мен жоғары вольтты ұяшықтар бар екендігін айтуға болады.

Барлық технологиялық үдеріс, оның ішінде персоналдың қызмет етуі халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген. Холдингтің кәсіп­орынды дамыту, еңбекті ұтымды үйлестіру, нарықтағы беделдерін тү­сірмеу, өнімділікті арттыру мақса­тында алдына қойған талаптары табысты еңбек етудің негізінде туын­дауда. Зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Нұржан Абдуллаев бұл талаптар қатардағы жұмысшыдан бас­тап, лауазымды қызметтегі бас­шыға дейін қойылатынын айтады.

– Өндіріс басындағы ең басты мін­дет – тәртіп. Қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының “Тәр­биелі – тәртіптің құлы. Тәртіп – елдің құлы” деген ұлағатын еске алыңыз. Тәртіп жұмысқа уақытында келумен, міндетіңді талапқа сай орындаумен, өндіріс ісіне жауапкершілікпен қарау сияқты қасиеттермен өлшенеді. Ма­ған жапондықтардың еңбек ұста­ным­дары ұнайды. “Ысырапсыз өнді­ріс” қағидасын біз де ұстанамыз, – дейді басшы.

Үлкен кәсіпорындар пайдалана­тын жұмысты үйлестірудің “5S” жүйесі мұнда да қолданылады. Ол дегеніміз – өндіріс басында еңбекке ыңғайлы жағдай жасау және даму, тәртіпке бағыну, тазалық сақтау, өнім­нің стандартқа сәйкестігі, уақыт­ты үнемдеу. Басшының айтуынша, мұның барлығы еңбек өнімділігіне, өнімнің сапалылығына, табысты­лық­қа және еңбек мәдениетін да­мытуға мүмкіндік береді.

Зауыт заманауи техникалармен жабдықталған, автоматтандырыл­ған. Алайда адамның қолымен, кү­шімен атқарылатын өндіріс желілері де бар. Сол жүйедегі жұмыстарды жеңілдету үшін әкімшілік еңбеккер­дің конструкторлық-идеялық ұсы­ныс­тарын қош көреді. Зауыт ашыл­ғаннан бері 120 ұсыныс қабылда­нып, соның 56-сы өндіріске енгізіл­ген. Мәселен, жылжымалы кранның баяу қозғалысына көңілдері толма­ған жұмысшылар кейбір қосалқы бөлшектерді тасымалдау үшін “рельсті жол” немесе арба түріндегі құрылғы жасап алған. Жұмыс өнім­ділігін арттырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін осындай құрыл­ғылар үшін идея авторлары сыйақы­мен марапатталыпты.

Жұмысшыны ынталандырудың тағы бір жолы – еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жасау. Оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де бар. Бұл трансформа­тор зауытының ең басты артықшы­лығы десек болады. Зауыт әкімшілігі кадр мәселесін шешудің тиімді жолы баспанамен қамтамасыз ету екенін бірден аңғарған. Бүгінге дейін кәсіп­орын бірнеше ондаған жұмысшыны жатақха­намен қамтамасыз етсе, осы жыл­дың мамыр айында 100 отбасы­ға жаңа тұрғын үйден бір, екі немесе үш бөлмелі пәтер кілтін табыстамақ. Ең бастысы – еңбеккерлер ол пә­тер­лерді үстемеақысыз, бірер жыл не­гіз­гі құнын ғана төлеп, сатып ала­ды.

Қазіргі таңда зуытта 150 адам ең­бек етеді. Бүгінгі тапсырысты орын­дауға жеткілікті. Десек те, сұраныс­тың ұлғайып жатқанын сараптап отырған әкімшілік кадрды толықты­ра түспек, екі, кейін әрі үш аусымдық жұмыс тәртібін ұйымдастырмақ. Бас­шылық кадр таңдауға жоғары талап қоятындарын да жасырмайды.

– Біз зауытқа келген адамның бетін қақпаймыз. Сынақпен аламыз. Байқаймыз. Білікті болып тұрса да, қоғамда еңбек ету мәдениетінен жұр­дайларды көп ұстамаймыз. Жауап­кершілігі жақсы, тәртіпті, ынтасы мол, үйренері көп адамды қуана қа­былдаймыз. Ондай адамды кәсіпке өзіміз баулуға дайынбыз. Әсіресе жастарға қолдау көп, – дейді Нұржан Мұратбекұлы.

Петропавлдағы трансформатор зауыты іске қосылған кезде “Ala­geum Electric” холдингінің басқа өңір­лердегі кәсіпорындарынан бір­не­ше қызметкер осы жаққа жұмысқа тартылған. Бүгінге дейін бала-шаға­сымен 33 отбасы көшіп келіпті. Ер аза­маттарымен қатар, еңбек етуге ниетті әйелдеріне де жұмыс беріл­ген. Бүгінде олар солтүстіктің таби­ға­тына үйреніп, қоғамдық ортасына бейімделіп қалыпты. Сол отбасы­лар­дың қатарында электрмен дәне­керлеуші Нұрлыбек Алдияров та бар. Мамандығы бойынша жиырма жыл еңбек өтілі бар еңбеккер Кентау зауы­тынан ауысқан. Бүгінде кәсіп­орын­дағы үлгілі жұмысшылардың бірі.

Зауыт ұжымды жас мамандар­мен толықтырып отыруды да мақсат тұтады. Жоғары және кәсіби білім беретін оқу орындарын былтыр біті­ріп келген бірнеше маман абыройлы еңбек етуде. Бүгінгі таңда жергілікті университеттің “Инженерлік және сандық технологиялар факульте­тінің” 4-ші курс студенттері осында екі айлық өндірістік тәжірибеден өту­де. Екі жаққа да тиімді әрекет. Жас­тарға жұмыс керек, зауытқа жұмыс­шы қажет. Нұржан Мұратбекұлы қа­зір жиырмадан аса студенттің қалай жұмыс істейтінін бақылап жүр. Олар­дың ішіндегі жұмысқа жауапты, ең­бекқор, ортаны сыйлайтын, үйре­нуге бейім, қабілеттілерін зауытта қалдырмақ.

Барлық еңбеккер бар болғаны 100 теңге төлеп, түскі ас ішеді. Асха­наның іші жарық. Тамақ ішіп отырып, демалуға ыңғайлы орын. Еңбеккер­лердің айлығы 150 мыңнан бастала­ды. Зауыттағы орташа еңбекақы 250 мың теңгені құрайды. Мамандар компанияның басқа кәсіпорында­рына, шетелдерге барып тәжіри­беден өту мүмкіндігін де жасауда. Нұржан Мұратбекұлының өзі тәжіри­беден өту үшін Қытай еліне барып, үлкен әсермен оралған.

– Қытайлықтардың еңбекке ынтасы көз қызықтырады. Тәртіп, та­лап, талпыныс, іскерлік, еңбекқор­лық – барлығы үйлесімді. Олардың зауыттарына барып, көп нәрсе үйреніп келдім, – дейді ол.

Петропавл электротехникалық зауытының алдағы уақытта жылына он үш мың дана трансформаторлық жабдық шығарамыз деген мақсаты бар. Зауыт қуаттылығы оған жетеді. Петропавлда үшінші жыл ғана жұ­мыс істеп жатқан зауыттың аяқа­лысы жаман емес. Бұл кәсіпорын­ның әлеуеті бұдан әлдеқайда жо­ғары екені алға қойған мақсаттары­нан-ақ аңғарылады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp