Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гинтаутас Васюлис Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік-мәдени және өндірістік нысандарды аралады. Мәртебелі мейман 2004-2006 жылдарға арналған “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында қалпына келтіріліп, 2008 жылы ашылған тарихи маңызы зор “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде болып, қоладан құйылған “Ат үстіндегі Абылай хан” ескерткішін, залдардағы құнды жәдігерлерді тамашалады. Бұдан кейін 1924 жылы іргетасы қаланған облыстық тарихи-өлкетану мұражайына ат басын тіреді. 2400 шаршы метр аумақты алып жатқан музейге қойылған 350 мыңға жуық экспонат ежелгі дәуірден бастап бүгінгі кезеңге дейінгі аралықты қамтиды.
Елшіні “Digital Urpaq” оқушылар сарайының ұжымы жоғары технологиялық жетістіктермен таныстырды. Мұнда “Цифрлық Қазақстан” жобасы шеңберінде интеллектуалдық даму орталығы, білімге құштар 1800 бала қатысатын 80-нен астам үйірме жұмыс істейді. Олар робототехниканың, биотехнологияның, мехатрониканың, IT-технологияның, көркемөнердің құпияға толы қырсырларын танып-біледі. Мәдени, шығармашылық, танымдық дәрістер тыңдайды.
Құрметті қонақ өнеркәсіп ошақтарын да аралады. Солардың бірі – “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында бой көтерген трансформатор зауыты. Электротехникалық зауытта жылына 13 мың трансформатор шығарылып, негізгі бөлігі экспортқа кетеді. Былтыр 3,2 млрд. теңгенің өнімі тұтынушыларға жөнелтілсе, биылғы меже – 10 млрд. теңгенің өнімін өндіру.
“Солтүстік фанер комбинаты” ЖШС директорының орынбасары Айваз Бакиров былтыр 16 мың текше метр ламинатталған фанер өндірілгенін, оның бірі бөлігі Литва, Латвия, Германия елдеріне жөнелтілгенін жеткізді. Экспорт көрсеткіші 71 пайызға жуық. Қазіргі таңда ДСП материалдарын шығаратын зауыттың іргетасы қалануда. Оның жылдық қуаттылығы 50 мың текше метрді құрап, 300-дей жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Мәртебелі мейман “Радуга” ЖШС-ға қарасты бағасы қолжетімді әрі сапалы металл-пластикалық бұйымдар шығаратын кәсіпорында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. “Өндіріс аумағы да, қағаз өндірісін ұлғайтуға бағытталған жобаларыңыз да өте ауқымды екен. Нысандар жоғары деңгейде жабдықталған, бәрі заманауи. Соңғы үлгідегі қондырғыларды қолдану арқылы макулатураны қайта өңдеулеріңіз құптарлық іс”, – деді ұжыммен кездескен Гинтаутас Васюлис.
“Масло-Дел” серіктестігінің технологы Евгений Шегел сүт өнімдерінің жиырмадан астам түрі шығарылатынын, жаңа желі іске қосылса, тәуліктік қуат 250 тоннаға дейін жететінін айтты.
Елші өңірдің бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесуде сөйлеген сөзінде теріскейлік іскер жандармен тығыз әріптестік байланыстың жанданарына сенім білдірді.
“Саясаттың салқын сызы литвалықтарды да айналып өткен жоқ. Өткен ғасырда жүздеген мың отандасымыз Қазақстанға еріксіз жер аударылды. Кеңпейіл қазақ халқы оларға құшағын айқара ашып, меймандостығын көрсетті. Оны ешқашан ұмытпаймыз”, – деді елші.
Литваның жер көлемі біздің облыстан екі еседей кіші, ал халқының саны 3 млн.-ға жетпейді. Соған қарамастан IT саласы жақсы дамыған, интернетке қолжетімділік бойынша Европада бірінші орында. Ал әлеуметтік желінің жылдамдығы жөнінен әлемде көшбасшылар қатарында. Топырақтың құнарлылығы Қазақстаннан төмен болса да, астық түсімі жоғары.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гинтаутас Васюлисті қабылдап, екіжақты кездесу барысында арадағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселесі талқыланды. Бүгінде Қызылжар өңірі әлемнің 60 елімен тығыз байланыс орнатқан. Ал Литва Қазақстанның негізгі сауда серіктестіктерінің ондығына кіреді.
– 2022 жылы облыс пен Литва арасындағы тауар айналымы 1,7 есеге өсіп, 2,2 млн. долларды құрады. Алда жұмыс көп, жоспарларымызды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндіктер мол. Тауар айналымын 10 млн. АҚШ долларына дейін жеткізу міндеті тұр. Сіздің елде біздің өңірге инвестиция құйғысы келетін кәсіпкерлер болса, барлық жағдайды жасауға әзірміз, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Елші екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. “Экономикалық байланысты орталықта ғана емес, негізінен аймақтарда дамытуға баса назар аударып отырмыз. Солтүстік Қазақстан облысының әлеуеті зор. Біз Қазақстанның әрбір өңірінде еліміздің консульдығын құруға ұмтылудамыз. Биыл Петропавлда салтанатты ашылуы болады деген үміттеміз. Осының арқасында іскерлік және мәдени байланыстар нығая түспек”, – деді өз сөзінде Гинтаутас Васюлис.
Кездесуде Солтүстік Қазақстан облысы мен Литва арасында ауыл шаруашылығы, өнім өңдеу, өнеркәсіп және баламалы энергетика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаластық жасалды.