«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫС-БЕРІС АРТА ТҮСПЕК

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гинтаутас Васюлис Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік-мәдени және өндірістік нысандарды аралады. Мәртебелі мейман 2004-2006 жылдарға арналған “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында қалпына келтіріліп, 2008 жылы ашылған тарихи маңызы зор “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде болып, қоладан құйылған “Ат үстіндегі Абылай хан” ескерткішін, залдардағы құнды жәдігерлерді тамашалады. Бұдан кейін 1924 жылы іргетасы қаланған облыстық тарихи-өлкетану мұражайына ат басын тіреді. 2400 шаршы метр аумақты алып жатқан музейге қойылған 350 мыңға жуық экспонат ежелгі дәуірден бастап бүгінгі кезеңге дейінгі аралықты қамтиды.

Елшіні “Digital Urpaq” оқушылар сарайының ұжымы жоғары технологиялық жетістіктермен таныстырды. Мұнда “Цифрлық Қазақстан” жобасы шеңберінде интеллектуалдық даму орталығы, білімге құштар 1800 бала қатысатын 80-нен астам үйірме жұмыс істейді. Олар робототехниканың, биотехнологияның, мехатрониканың, IT-технологияның, көркемөнердің құпияға толы қырсырларын танып-біледі. Мәдени, шығармашылық, танымдық дәрістер тыңдайды.

Құрметті қонақ өнеркәсіп ошақтарын да аралады. Солардың бірі – “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында бой көтерген трансформатор зауыты. Электротехникалық зауытта жылына 13 мың трансформатор шығарылып, негізгі бөлігі экспортқа кетеді. Былтыр 3,2 млрд. теңгенің өнімі тұтынушыларға жөнелтілсе, биылғы меже – 10 млрд. теңгенің өнімін өндіру.

“Солтүстік фанер комбинаты” ЖШС директорының орынбасары Айваз Бакиров былтыр 16 мың текше метр ламинатталған фанер өндірілгенін, оның бірі бөлігі Литва, Латвия, Германия елдеріне жөнелтілгенін жеткізді. Экспорт көрсеткіші 71 пайызға жуық. Қазіргі таңда ДСП материалдарын шығаратын зауыттың іргетасы қалануда. Оның жылдық қуаттылығы 50 мың текше метрді құрап, 300-дей жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Мәртебелі мейман “Радуга” ЖШС-ға қарасты бағасы қолжетімді әрі сапалы металл-пластикалық бұйымдар шығаратын кәсіпорында болып, атқарылып жатқан жұмыс­тарды көрді. “Өндіріс аумағы да, қағаз өндірісін ұлғайтуға бағыттал­ған жобаларыңыз да өте ауқымды екен. Нысандар жоғары деңгейде жабдықталған, бәрі заманауи. Соң­ғы үлгідегі қондырғыларды қолдану арқылы макулатураны қайта өң­деу­леріңіз құптарлық іс”, – деді ұжым­мен кездескен Гинтаутас Васюлис.

“Масло-Дел” серіктестігінің тех­нологы Евгений Шегел сүт өнімде­рінің жиырмадан астам түрі шыға­рылатынын, жаңа желі іске қосылса, тәуліктік қуат 250 тоннаға дейін жететінін айтты.

Елші өңірдің бизнес қауымдас­тығы өкілдерімен кездесуде сөй­ле­ген сөзінде теріскейлік іскер жан­дармен тығыз әріптестік байланыс­тың жанданарына сенім білдірді.

“Саясаттың салқын сызы литва­лықтарды да айналып өткен жоқ. Өт­кен ғасырда жүздеген мың отанда­сымыз Қазақстанға еріксіз жер ау­дарылды. Кеңпейіл қазақ халқы олар­ға құшағын айқара ашып, мей­мандостығын көрсетті. Оны ешқа­шан ұмытпаймыз”, – деді елші.

Литваның жер көлемі біздің облыстан екі еседей кіші, ал хал­қының саны 3 млн.-ға жетпейді. Соған қарамастан IT саласы жақсы дамыған, интернетке қолжетімділік бойынша Европада бірінші орында. Ал әлеуметтік желінің жылдамдығы жөнінен әлемде көшбасшылар қатарында. Топырақтың құнар­лы­лығы Қазақстаннан төмен болса да, астық түсімі жоғары.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Литва Республикасының Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Гинтаутас Васюлисті қабылдап, екі­жақты кездесу барысында ара­дағы өзара тиімді ынтымақтас­тықты ны­ғай­ту мәселесі талқыланды. Бүгінде Қызылжар өңірі әлемнің 60 елімен тығыз байланыс орнатқан. Ал Литва Қазақстанның негізгі сауда серіктес­тіктерінің ондығына кіреді.

– 2022 жылы облыс пен Литва арасындағы тауар айналымы 1,7 есеге өсіп, 2,2 млн. долларды құ­рады. Алда жұмыс көп, жоспарла­ры­мызды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндіктер мол. Тауар айналы­мын 10 млн. АҚШ долларына дейін жеткізу міндеті тұр. Сіздің елде біздің өңірге инвестиция құйғысы келетін кәсіпкерлер болса, барлық жағдайды жасауға әзірміз, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Елші екіжақты қарым-қатынас­тардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. “Экономикалық байланысты орталықта ғана емес, негізінен аймақтарда дамытуға баса назар аударып отырмыз. Сол­түстік Қазақстан облысының әлеуеті зор. Біз Қазақстанның әрбір өңірін­де еліміздің консульдығын құруға ұмтылудамыз. Биыл Петропавлда салтанатты ашылуы болады деген үміттеміз. Осының арқасында іс­керлік және мәдени байланыстар нығая түспек”, – деді өз сөзінде Гинтаутас Васюлис.

Кездесуде Солтүстік Қазақстан облысы мен Литва арасында ауыл шаруашылығы, өнім өңдеу, өнеркәсіп және баламалы энергетика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаластық жасалды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp