Алматыда күрес түрлерінен өткен VI республикалық спартакиадада жерлестеріміз екі жүлделі орынға қол жеткізді. Грек-рим күресінен Ислам Евлоев – алтын, Бауыржан Мусин қола медаль иегері атанды.
Биылғы жарыста өңір намысын 29 балуан қорғаған болатын. Соның 12-сі еркін, 15-і грек-рим және 2 қызымыз әйелдер күресінде бақтарын сынады. Грек-рим күресінен Ислам Евлоев 82 килограмм салмақтағылар санатында боз кілемге шыққан. Солтүстікқазақстандық спортшы төрт белдесу өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Финалда атыраулық балуанның жауырынын жер иіскетті. Нәтижесінде спартакиаданың жеңімпазы атанды. Ал Бауыржан Мусин 87 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен болатын. Жерлесіміз төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, қола медальді еншіледі.
Еркін күрестен өңір балуандары медаль иеленбегенімен Алматы қаласының атынан қатысқан Уәлиханов ауданының тумасы Ризабек Айтмұқан алтын жүлде алғанын айта кеткен жөн.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.