Бұл кітап Мәдениет және спорт министрлігі “Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру” бағдарламасы “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату” кіші бағдарламасы бойынша жарық көрді.
Бұл туынды – 2005 жылы шыққан, оқырман қауымның ерекше ықыласына бөленген, рәмізтану саласындағы аса құнды еңбектің екінші басылымы. Алғашқы басылым шыққаннан бері өткен жылдар ішіндегі елімізде әрі әлем мемлекеттерінде орын алған өзгерістер ескеріліп, кітапта берілген кейбір ақпарат сәйкесінше жаңартылып, толықтырылды.
Ел – ұлттық дүниетанымымыздағы ұлы ұғымдардың бірі. Арғықазақ сөзінен бастап бүгінге шейін еш өзгеріссіз қауым, қағанат, ел-жұрт, Отан, мемлекет мағынасында қолданылып келеді. Елдік мінез, елдік дәстүр, елдік мұрат, елдік намыс, елжандылық, отаншылдық тәрізді рухани құндылықтардың өзегі де – осы сөз, осы ұғым.
Тәуелсіз Қазақстанның нығайып, дамуы үшін тыным таппай еңбек еткен, Мемлекеттік рәміздеріміздің дүниеге келіп, қабылдануының басы-қасында болған белгілі ақын, жазушы-публицист, қоғам қайраткері, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлының бұл бағалы еңбегі студенттер мен оқушыларға, педагогтарға, саясаттанушыларға, рәмізтанушыларға, жүрегі елім деп соққан барша оқырман қауымға арналған. “Елтаным” кітабына автор қайтыс болғаннан кейінгі жылдары орын алған еліміздің саяси өміріндегі өзгерістер мен оқиғаларды саралап, басылымға толықтыруларды қызы Бақыт Ерболқызы енгізгенін айта кету керек.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.