«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Артында өшпес із қалды

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Өмірде сауабы мол істің бірі – жол салу. Аталмыш сала мыңдаған маманның маңдай терін ағыза істеген еңбегінің арқасында дамып келе жатқанын күнделікті көріп отырмыз. Әсіресе “темір тұлпар” тізгіндейтіндер тақтайдай тегіс асфальтқа кез болса, осы салада күннің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген жол жөндеушілерді бір сәт еске алатыны шындық. Кезінде көптің алғысын арқалаған азаматтардың қатарында Мейрам Теміров те болған еді. Ол өңіріміздегі автомобиль жолдары желісінің дамуына елеулі үлес қоса білген іскер мамандардың бірі болатын. Тасжол төсеу саласында табаны күректей 40 жылға жуық еңбек етті. Өзі өмірден өткенімен артында өшпес ізі сайрап жатыр.

Мейрам Әшімұлы бала кезінен еңбексүйгіш жан болғанын туысы Мәриям Рамазанқызының естелігінен анық аңғарғандай болдық. “Ағасы бардың жағасы бар” демей ме қазақ, үйдегі сегіз баланың үлкені болғандықтан көбінде әкенің қолқанаты, артындағы үш інісі мен төрт қарындасының қорғаны еді. Жақындары оның кімге болса да көңілі ақ, жақсылық істесем деп тұратын жақсы әдетін сағынады. Інілерін бөлек-бөлек үй қылып, қарындастарын құтты орнына қондырды. Көзінің ағы мен қарасындай болған екі қызын да адал еңбекке, адамгершілік қасиеттерге баулып өсіріпті. Саналы тәрбиемен сусындаған екі қызғалдағы бұл күнде қоғамнан өз орнын тауып отырған жайы бар. Үлкені Ғалия – Петропавлда, кенжесі Динара Астанада тұрады. Кіші қызы әке жолын қуып, жол саласын таңдаған.

– Жылда қараша айының 22-ші жұлдызы әкеміздің туған күнін тойлайтын едік. Өкінішке қарай, биыл құттықтау тілектердің орнына естелік айтып, Құран бағыштаймыз. Әкеміздің жүріп өткен жолы – балаларына үлгі-өнеге. Өйткені біз әкемізден осы күнге дейін көп нәрсені үйрендік. Бізді оқытты, тоқытты, ең бастысы, адамгершілікке баулыды. Бір сөзбен айтқанда, әкелік махаббатын сезініп өстік, – дейді үйдің үлкені Ғалия Мейрамқызы. “Өмір деген қайшылыққа толы, дүние – дөңгелек, қайда жүрсеңдер де адалдықпен еңбек етіңдер, сендер салған сара жолды ұрпақтарың мақтанышпен жалғастыратын болады”, – дейді екен марқұм. Екі қызғалдағы әкелерінің сол бірауыз сөзін жадында сақтап келе жатқандарын айтады.

“Тау алыстаған сайын асқақ көрінеді” демеуші ме еді, асқар тау – әкенің саясында жүргенде албырттықпен көп нәрсені аңғармайтынымыз рас. Орны ойсырап қалғанда әрбір іс-әрекетін сағынып отыратынымыз тағы бар. Белгілі жазушы Оралхан Бөкейдің “Ұлылық – жалған дүниені майға шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, қайта арғымаққа мінгендей асығыс зулап өте шығу, яғни өміріңді оқыс әрі әдемі аяқтау”, – деген қанатты сөзі тіршіліктің әрбір минутын қастерлеудің маңызын меңзеп тұрғандай. Адам болып өмірге келгеннен кейін уақытың мен күш-жігеріңді пайдалы істерге жұмсағанға ешетеңе де жетпейді.

Өзі жоқ болса да оның туыстарына, халқына істеген еңбегі, көмегі, лебізі ұмытылмақ емес.

– Өзім Шал ақын ауданының тумасымын. Есепші болып ұзақ жыл қызмет істеп, зейнеттік демалысқа шыққаныма да жеті жыл болды. Адам өмірден көшпейтіндей сезінеміз ғой, бір жылдан бері беймаза сезімнің күйін кешіп жүрмін. Жолдасым өз ісіне адал, нағыз еңбектің адамы еді. Өмірдің ыстығы мен суығын бірге көріп, ащы мен тұщысын қатар таттық. Жол саласында қырық жылдан артық уақыт қызмет етті. Еңбек жолында қатардағы шеберден басқарма басшысына дейін көтерілді. Тірі болса биыл шаңырақ көтергенімізге 47 жыл толар еді, – дейді жан жары Ақнұр Темірова жолдасының жақсы қырларын есіне алып.

Мейрам Әшімұлының өмір жолына қысқаша тоқталар болсақ, ол 1950 жылы Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Қарақоға ауылында өмірге келген. Әкесі учаскелік инспектор болып қызмет еткен екен. Ауыл мектебін бітірген соң, Сібір автожол институтына оқуға түсіп, оны 1973 жылы “Автомобиль жолдары” мамандығы бойынша тамамдайды. Кейін Булаево қаласына оралған жас маман №78 жол-құрылыс басқармасында еңбек жолын бастайды. 1984 жылы басшылық белсенді маманды трестің бас инженері қызметіне лайық деп табады. Жаңа қызметке ауысқан ол бұл жерде де жемісті еңбек етеді. Он екі жылдан кейін трестің атауы “Петропавл-Автодор” болып өзгеріп, Мейрам Әшімұлы директор болып тағайындалады. Білікті басшының басқаруымен мекеме мамандары республикалық маңызға ие тасжолдарды күтіп ұстау, қыста қардан тазалау жұмыстарымен айналысумен қатар, жеңіл, орташа және күрделі жөндеу жұмыстарына дейін жүргізеді. Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға да көп көңіл бөлген. Үздіксіз құлшыныстың арқасында арнайы техника саны да артып, жұмыс ауқымы кеңейе түскен.

“Өмірі өнегеге толы әкеміз адал еңбекпен тапқан нанның құнды әрі тәтті болатынын үнемі айтып отыратын”, – дейді кіші қызы Динара. Мейрам Әшімұлының әріптестерінің арасында да сыйлы болып, алдыңғы қатардан көріне білуі көпшілікті бір-бірінен алаламай, шындыққа тура қарайтын әділдігінен деп білген дұрыс шығар. Көпжылғы адал еңбегі үшін “Құрметті жолшы” төсбелгісін кеудесіне жарқыратуы да осының айғағындай. Сондай-ақ әр жылдары Көлік және коммуникация министрінің, Автомобиль жолдары комитеті төрағасының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марпатталуы да еңбегіне берілген жоғары баға емес пе?!.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp