«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жүрегі алтын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсарин: “Ұстазды алтын діңгекке балар едім” – депті. Сахна саңлағы Серке Қожамқұловтың: “Ұстаз деген ұлағатты естігенде күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін”, – деген қанатты сөзі жүрегімізді елжіретеді.

Қандай мамандық иесі болмасын олардың барлығының мұғалімнің ал­дын көргені әмбеге аян. Біз де ұс­таз­дарымыздың ұлағатты тәрбиесі­нен нәр алып, үлкен өмірге қадам бастық. Қолымызға қалам ұстатып, әріп та­ныт­қан ардақты жандарды жиі сағы­на еске алатынымыз сондықтан. Бү­гін­гі мақалам арқылы талай шә­кірттің жүрегіне жол тапқан ұстазым Ғалия Әскерқызы туралы айтқым келеді.

Өмірін қастерлі салаға арнаған ол 1953 жылы 13 ақпанда Мамлют ауданындағы Бике (бұрынғы Ленин) ауылында дүниеге келген. 1968 жы­лы Целиноград (қазіргі Астана) қала­сындағы Әділбек Майкөтов атын­дағы педагогикалық училищеге түсіп, бастауыш сынып мұғалімі маманды­ғын алып шығады. Еңбек жолын 1972 жылы Октябрь шағын бастауыш мек­тебінде бастайды.

Қазақ атамыз “қыз мұраты – кету” деп бекер айтпаса керек. Бұл тағы­лым­ды ұғым кейіпкеріміздің санасы­на бала күнінен сіңірілді. 1974 жылы Амангелді Өмірбеков есімді жігітпен жарасып, екі жас отбасын құрады. Дүниеге алғашқы сәбилері – Айдын­гүл келгенде ерлі-зайыптылар қатты қуаныпты. Екінші нәрестелерін күтіп жүргенде Амангелді ағамыз мезгілсіз дүние салады. Арқасүйерінен айы­рыл­ған жалғыз басты анаға қос бір­дей сәбиін өсіру, жеткізу жеңілге соқ­пайтыны белгілі ғой. Өмірінде кез­дес­кен қиыншылыққа мойымаған ол барлық қуаныш пен жетістіктің бас­тауы еңбек деп ұқты, уақытпен са­нас­пай жұмыс істеді. Білім-білігімен, қарым-қабілетімен ауылдың өркен­де­уіне атсалысты. Еңбегі еш кеткен жоқ. 1978 жылы Ғалия Әскерқызының кеудесіне “Социалистік жарыс жеңім­пазы” медалі тағылған.

Өмір – сынақ. Оның қиындықта­ры­на мойымау – қазақ әйелінің мін­деті. Бала-шағаны ойнатып, қазан-ошақ­ты қайнату, бір азаматтың ба­ғын үс­тем ету де – қазақтың қыз-ке­ліншектері­не жүктелген абыройлы іс. Ғалия апай екі перзенті бар, келін­шегі о дү­ниелік болған Өміржан деген азамат­пен қосылғанда осы міндет­терге адал болуға тырысты. Бір жыл­дан соң Әйгерім есімді сәбилері өмір есі­гін ашты. Бес бірдей балаға ана­лық мейірім төгу жүрегі кең, көңілі ашық адамның ғана қолынан келеді ғой. Құдай қосқан қосағын ерекше құр­мет­теп, жанынан бір елі қалдырма­ған Өміржан ағамыз да кенеттен бұл дүниені тәрк етіп кете барды. Бес бүл­діршінімен жесір қалған апайы­мыз тағдырдың бұл сынағына налыған жоқ. Сыздаған жанын еңбекпен, са­бырмен емдеп, жүрек жарасын сә­билерінің күлкісімен таңа білді. Үйдің шаруасын да, түздің тірлігін де қатар атқарды. Балаларын еңбекке бау­лы­ды, өздігінен күн көруге тәрбиеледі. Осылайша айлар, жылдар өтіп жат­ты. Айдынгүл мектеп бітіріп, Ақмола­дағы қаржы техникумына, Ерік тоғы­зыншы сыныптан кейін Қарағанды қа­ласындағы Суворов әскери учили­ще­сіне оқуға түсті. Балаларының ба­қытты болашағын ойлаған ана облыс орталығына көшіп, жұмысқа орна­ла­сады. Сафуан Шәймерденов атын­дағы қалалық классикалық гимна­зия­да білім алып жүрген қазақ бала­ларының көкіректеріне оқудың сәу­ле­сін құюда Ғалия апайдың сіңірген еңбегі орасан. Ол әр шәкіртпен жеке жұмыс істеп, тұлға болып қалыпта­су­лары үшін барын салды. Қымбат қа­зы­на – кітап оқуға деген құлшыныста­рын оятты. Өмірдің мәні адал еңбек­пен айшықтала түсетінін ұқтырды. Ұстаздың бұл еңбегі түрлі деңгейдегі марапаттарға ұсынылды. 2003 жылы “Жыл ұстазы” байқауының жеңімпа­зы, көп ұзамай жоғары санатты оқы­тушы атанды. Ғалия Әскерқызының қаламынан туған “Тіл дамыту”, “Бо­ла­шақтың басты міндеті”, “Ойшыл­дар Одиссеясы”, “Модульдік оқыту”, “Отбасы клубы”, “Бастауыш сынып­тарда ғылыми жобалармен айналы­су” сынды әдістемелік құралдары, “Бастауыш білім” журналына шыққан мағыналы мақалалары бүгінгі таңда әріптестері мен жас маман иелеріне таптырмас көмекшіге айналған.

Ол кісі Абай атамыздың “Адам­зат­­тың бәрін сүй бауырым деп”, – деген қа­натты тәмсілге айналған сө­зін өмір­­лік ұстанымына айналды­рып, шә­кірттерінің жүрегіне де осы қағида­ны берік ұялатты. Содан да болар Ға­лия апайдың халқына еңбек қылуды адамдық борышы санаған шәкірттері аз емес. Мақтан етіп отыратын шә­кірттерінің бірегейі Жансая Темірбо­латова қаржы мамандығы бойынша Алматы шаһарында докторлық дис­сертациясын қорғап, PhD ғылыми дә­режесіне ие болды, Самал Тойым­бе­кова Шымкетте жақ-сүйек хирургі қыз­метін абыроймен атқаруда. Жә­дігер Ташығұлов – мемлекеттік қызмет са­ласында биік белестерден көрініп жүр.

Жүзінен шуақ, сөздерінен жылы­лық төгіліп тұрған ұлағатты ұстазым­ның өнегелі өмірі мен еселі еңбегі оны айналасына қадірлі етті.

Гүлфайруз СИНБАЕВА,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті “Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp