«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұңғыш баланың ата-әже тәрбиесінде болғаны дұрыс па?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызда тұңғыш сәбиді ата­сы мен әжесінің тәрбиесіне беру дәс­түрі бұрыннан бар. Шал мен кемпір­дің бауырында мейірімге қанып өс­кен баланың өмір жолында аяғын шалыс басқан кезі некен-саяқ. Тари­хымыздан ойып тұрып орын алатын Айғаным, Зере сынды асыл аналар қазаққа Шоқан мен Абайдай асыл тұлғаларды сыйламады ма? Алай­да кейбір өмірлік мысалдар дәстүр­дің бала психологиясына кері әсері де болуы мүмкін екенін көрсетуде. Дәстүрлі айдарымыздың кезекті сауалын осы тақырыпқа арнауды жөн көрдік.

Гүлдария ӨМІРБЕК,

Аққайың ауданының тұрғыны:

– Тұңғыш немерені кенжелерін­дей бағып-қағу дәстүрі халқымызда бағ­зы замандарда қалыптасқан. Мен үйдің үлкенімін. Әжемнің бауырында өстім. Өкінішке қарай, атам мен бе­сікте жатқанда дүние салыпты. Ерке болдым. Әжемді “апа”, ал туған анам­­ды “жеңге”, әкемді “аға” деп атап кеттім. Әке-шешем әжемді өте қат­ты құрметтейтін. Ол кісіні сый­ла­ғандары соншалық, үнемі жанында жүретін маған да ауыр сөз айтып көр­ген емес. Жиын-тойларда әжемнің қа­сынан табыламын. Әжем мені жақ­сы әдеттерге үйір қылып өсірді. Теріс қылық көрсетсем, оның әбес екендігін жалықпай түсіндіретін. Мен үлкен­ді сыйлауды, тамақты оң қолмен жеуді, ысырап етпеуді, мейірімді, көпшіл болуды әжемнен үйрендім.

Өмір мәңгілік емес қой. Жасым жиырмаға таяғанда ардақты арқа­сүйе­рім мәңгілік сапарға аттанды. Мынау кең әлемде жападан-жалғыз қалғандай сезіндім өзімді. Әжемнің ақ орамалын құшақтап жылай бере­тінмін. Мен сол кезде тұңғыш баланы үйдің үлкендеріне беру дәстүрінің бұрыс екенін ұққандай едім. Неге де­сеңіз, анам мен әкемді, шыны керек, қабылдай алмадым. Бауырларымды жатсынатынмын. Жасым отыздан асса да, арамызда әлі күнге дейін алшақтық бар. Бәлкім, әжем, мені әкем мен шешеме жақын етіп тәр­биелегенде мұндай түсініспеуші­лік орын алмас па еді?

Қазір адамның өмір сүру салты өзгерді. Алғашқы сәбиін атасы мен әжесіне беріп қоятын жас отбасылар азайған. Олар бауыр еті балаларын өздері тәрбиелегісі келеді. Екінші мәселе, жас ерлі-зайыптылардың дені ата-аналарымен бірге тұрғанды жөн көрмейді. Содан да болар туған әкесі мен шешесінің махаббатына бөленіп өсіп келе жатқан сәбилер көп. Бір жағынан соған қуанамын.

Ажар ЕСПЕРЛІ,

психолог:

– Халқымыз “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” деген сөзді жиі қол­данады. Сауалнаманың басты өзегі­не айналып отырған дәстүрді озық деп айта алмас едім. Өйткені қазір қоғам өзгерді, адамның сана-сезімі басқаша. Шынтуайтына келгенде, ба­ласының тәртібіне, тәрбиесіне қа­рия­лар емес, ата-ананың өзі жауап­ты емес пе? Үш жасқа дейін бала ана­сының қамқорлығында болуы ке­рек. Өйткені бұл уақытта сәбидің дүние­танымында қоршаған ортаға, туған­дарына деген махаббаты оянады. Ал үш жастан кейін баланың тәр­биесіне әкесі араласуы тиіс. Егер сә­биді анасынан ерте ажырататын бол­са, табиғаттың заңдылықтары бұзы­лады. Болашақта ол бала жиі проб­ле­маларға шалдығып, көңілінде ата-анасына деген реніш пайда болады.

Бауырына басқан немересіне де­ген махаббат ата мен әженің қыз­ға­нышына себеп болып жатады. Жас ба­ланың өз әке-шешесін мойында­май “сен” деп қарсы сөйлеген әрбір сөзін жақсы көріп, мұндай қарым-қа­тынастың салдарына бейжай қа­райтын әулет үлкендері де бар. Со­ның зардабынан кімнен туғанын біл­се де “тәтелеп”, “ағалап” яки атын атап жүрген немерелерді кездестіріп жатамыз. Уақыт өтіп, есейсе де қа­лыптасып қалған қағиданы өзгерту қиын. Ал қариялар келместің кеме­сіне мініп кеткен соң ортада қалған бала жетімдікті ерте сезінуге мәжбүр болады. Тағдырдың бұл соққысы есеңгіретіп, әке-шешесімен қарым-қатынасын жаңаша қалыптастыруға тура келеді.

Таяқтың екі ұшы болатындай, бұл мәселеге де біржақты қарауға бол­майтын сияқты. Дәстүр – біреу. Бірақ оны әр отбасы әрқалай түсіне­ді. Ата мен ененің алдында ізетін көр­сетіп, тұңғыш сәбиіне олардың көзін­ше өліп-өше бермейтін келіндер де бар. Қазақы психологиямен қарай­тын болсақ, мұның балаға пайдасы болмаса, зияны жоқ. Үлкен баланы ата-әжесіне беру отбасында ұрпақ­тар сабақтастығын орнатады. Өсе келе мұндай балалар зерек болып, ерте есейеді. Дегенмен кейбір ата-әжелер немересінің бетін қақпай тәр­биелегендіктен, мінезінде кемшілік­тер болуы мүмкін. Осы жағын да ес­керу керек. Қандай жағдай болма­сын бізге қазақы тамырдан ажырамау ма­ңызды. “Балам – тек менікі” деп ата мен ененің жанына жолатпайтын ке­лін­дерді де көріп жүрміз ғой. Содан құ­дай сақтасын. Қандай жағдай бол­масын, жас отбасылар үлкенді сый­лау тәрбиесінен ажырап қалмаса екен.

Сауалнаманы жүргізген

Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,

М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp