Жұртшылық “Гераға” деп атап кеткен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қарымды қаламгер, публицист, әдебиет зерттеушісі, сыншы, аудармашы Герольд Бельгер 1934 жылы 28 қазанда Саратов облысы, Энгельс қаласында туғанмен, өзі шығармаларында жазғандай балалық, жастық шағы Шал ақын ауданының бұрынғы Ленин, қазіргі Ысқақ Ыбыраев ауылында қазақ балаларымен бірге құлын-тайдай тебісіп, жарты құртты бөлісіп жеп өсті. 1941 жылы Сталиннің пәрменімен Қызылжар өңіріне этникалық немістер еріксіз жер аударылып келгені белгілі, әке-шешесі қазақи ортаны жатсынбай, тез сіңісіп кетті. Ауыл адамдарының құшағы кең, жаны жомарт, әсте жатырқауды білмейтін кеңқолтық қасиеттері кішкентай Герольдтің бойында да қазақы ұстанымның қалыптасуына зор ықпалын тигізді.
Талай адамды емдеп, ауруынан айықтырған фельдшер Карл Бельгерді ауылдастары тегіне ұйқастырып, “білгір” деп атап кетті. Ол маңайдағы елді мекен тұрғындарына қолдан келген дәрігерлік көмегін аямады. Қыста ат жеккен шанамен, жазда велосипедпен жүретін. Қобдишасын жанынан тастамайтын. Қайырымдылықтың қайтарымы ретінде кеңшар оның отбасына үй және медициналық орталық салып берді. Мен өзім бұрынғы Ленин ауылында туғандықтан, Карл ақсақалдың кескін-келбеті есімде жақсы сақталып қалыпты. Ұзын бойлы, мұрны үшкір, қағылез жан болатын. Зайыбы да өте қарапайым еді, отағасын пір тұтты, қазақи ғұрыптарды жақсы білді. Карл Фридрихович (1931 жылдан бері құжатта “Федорович” деп көрсетілген) Ресейде ұшқыштар мектебінің дәрігерлік бөлімінде істепті, әйелі Анна парашютші болған. Герольд – үйдің тұңғышы, одан кейін Эльма, Роза, Альма есімді үш қарындасы дүниеге келген. Ауылда Герольдті “Сары бала” деп атап кеткен.
Қазақ мектебінде оқыған болашақ жазушы кейін Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының (бүгінде Абай атындағы мемлекеттік университет) филология факультетін бітіріп, еңбек жолын орыс тілі пәнінің мұғалімдігінен бастайды. 1964 жылдан бастап біржола шығармашылыққа ден қойып, аудармашылықпен де айналысады. А.Құнанбаев, М.Әуезов, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов, Д.Досжанов, тағы басқа қаламгерлердің шығармаларын орыс тіліне тәржімалайды. Ұзын-ырғасы 50-ден астам кітабы, екі мыңдай мақаласы баспа беттерінде жарияланады. Қазақ, орыс, неміс тілдерінде өндірте жазып, қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосады. Оның “Ауыл шетіндегі үй”, “Даладағы шағалалар”, “Алты асу”, “Тас өткел”, “Мұнартау”, тағы басқа шығармалары әдебиет сүйер қауым мен сыншылар тарапынан жоғары бағаланады. “Абай мен Гете” зерттеу еңбегінде екі алып тұлға шығармаларының үндестігін зерттейді. Шоқтығы биік шығармаларының бірі –“Кезбенің үйі” романы этникалық немістердің тағдырына арналып, зұлмат заманның ауыртпалығын бірге көрген қазақтар мен немістердің қиын өмірі суреттеледі. “Менің әкем – енді Еділге қайтпаймын, өз отаныма оралмаймын, қазақтың арасында қаламын деген үлкен қағидаға бой ұрып, ақыр аяғында қазақ ауылында ағаш үй салған азамат. Романның оқиғасы осы эпизодтан басталады. Ондағы кейіпкерлер – менің әкем, еңбек армиясында болып, талай қорлықты көрген інісі Христиан және Гарри есімді үшіншісі – өзім”, – дейді автор осы туындысы жайлы.
Жеті жасында жер аударылған неміс баласының жүрегі қашан көзі жұмылғанша “қазақ” деп соққаны кез келген шығармасы мен сөйлеген сөздерінен, берген сұхбаттарынан анық сезіледі. “Өмірінің 43 жылын қазақ тіліне құлағының құрышын қандырумен келген” оның Қазақстан мен қазақ ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі нағыз патриотизмнің үлгісі болып саналады. Мәселен, қазақ тілі туралы толғамдары мен кесек ойлары адам жанын тебірентпей қоймайды. “Қазақ тілі үшін барымды беруге дайынмын. Менің рухани тірегім – Абай Құнанбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов. Қазақ тіліне үңілген сайын тереңдей түстім”, “Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі – құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дарқан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл”, “Маған қазір ең жақыны – қазақ пен неміс. Қазақты бірінші орынға қойғанымды жағымпаздық деп қабылдамаңыз. Мені неміс тапса да, жарқырап көрінуіме себеп болған қазақ қой. Сондықтан мен неміс пен қазақтың тел өскен арда ұлымын”, – деген ол шындықты шымбайға батырып та айта біледі. Оған “Қазақтар өздерінің елінде жүріп, өздерінің ана тілін менсінбейді. Тіпті ауылдық жерлерден келген, әлі “қаймағы бұзылмаған” дейтін қазақ қыздары Алматыға келген бойда-ақ бірден орысша сөйлеуге құмартып тұрады. Бүгінгі қыздар ертеңгі аналар емес пе? Олар өз балаларын қай тілде тәрбиелейді? Қазақша сөйлеу отбасынан басталмай ма?” – деп қара қылды қақ жара айтуы – бүгінгі өмір ақиқаты екенін жоққа шығару қиын. Осыдан-ақ ұлтжандылығымен үлгі боларлық нар тұлға екенін бағамдай беруге болады.
“Қазақстандық ұлт”, “үш тілдік” дегендерге қарсы шыққандардың бірі – Герағамыз. “Бізді мемлекеттік тілдің тағдыры алаңдатып отырған кезде “үш тілдік тұғыр” деген мәселе қазақ тілінің дамуына кедергі келтіреді. Ана тілін үйренгісі келмей жүрген шала қазақтарға бұл үлкен сылтау болады. Ал “қазақстандық ұлт” жайы – мүлдем мен қабылдамайтын дүние. Мен тіпті келешекте төлқұжатты бергенде ұлтымды көрсетпесе, ұлтымның неміс екенін оған сиямен жазамын. Сол сияқты қазақтың ұлты қазақ, орыстың ұлты орыс болуға тиіс”, – деп бұл идеялар саясатқа айналдырылса, қазаққа сор болып тиетін нәубат екенін ешкімнен жасқанбай қадап айтады. Жерлесіміз 1994-1995 жылдары Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған еді. Жоғарғы кеңесті таратып жібергенде басқалар қайғырып жатқанда, экс-депутат шығармашылықпен еркін айналысатын болдым деп қуанады. Тіпті аралас-құралас жүрген қаламгер достарын да бетің бар, жүзің бар деместен сойып салады. Бір сұхбатында былай дейді: “Біздегі жазушылардың, керісінше, биліктің алдында құрдай жорғалап, құлдық ұратынын талай көріп жүрмін. Көшеде жүргенде олар басқаша сөйлейді де, биліктің алдына барғанда мүлде бөлек сайрайды. Ол әкім екен, бастық екен деп, олардың алдында дірілдеп-қалшылдап жұмсақ сөйлеп, биязы бола қаламыз. Зиялы қауымның осы бір мінезі менің көңілімнен шықпайды, ызамды келтіреді”.
Жазушының шығармалары қаншалықты ізгілікке толы болса, өзі де жаны нұрлы, жайсаң мінезді азамат болатын. Замандастары Әбіш Кекілбайұлы: “Герольд Бельгердей ірі талант, іргелі суреткер қайда да, қай заманда да ешкімнің қолтығына сыймайды ғой. Дараланбай, сараланбай тұра алмайды. Бала жасынан бір ғана өзін емес, туған халқын ойлап өскен қамырықты суреткер ерте ме, кеш пе бұйдасын үзіп шығып, өмір кеңістігінде, өнер жазирасында өз сүрлеуін салып, өз соқпағын омбылайды”, – деп тебірене жазса, Роллан Сейсенбаев: “Адам бойындағы ар-ұят өлген ХХІ ғасырда ақыл-парасаты мен намысын қазақ халқы жоғалтып алмасын деп Дешті-Қыпшақ даласында жанталасқан ерен тұлға едіңіз. Қазақтың кемшілігін, жетіспей жатқан жерін сынаған сырт көзбен емес, бөтен адамдай емес, қазақтың төл баласындай, көп қазақтың бірі болып, жаныңыз жылай отырып сынадыңыз. Соны ұққан қазақтың сізге деген өкпесі болған жоқ. Қазақтың да сізді бөтенсінбегенін өзіңіз де ұқтыңыз”, – деп ағынан жарылады.
Солтүстікқазақстандықтар Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, Достық орденінің иегері, шығармаларын үш тілде еркін көсіліп жазған Герольд Бельгерді қазақ халқының шын жанашыры, үлкен патриоты ретінде қадірлеп, құрмет тұтады. Ұлты неміс, жүрегі қазақ жерлесіміз 2015 жылы 7 ақпанда 81 жасқа қараған шағында қайтыс болғанда жерлестерінің де қабырғасы қатты қайысты. Тірі болса, Герағамыз бүгінде 89 жасқа толар еді. “Тау алыстаған сайын биіктей береді” демекші, арада біраз уақыт өтсе де, есімі ұмытылмақ емес. Заңғар тұлғаны ұлықтау рәсімі Петропавл гуманитарлық техникалық колледжінде бұрыннан дәстүр болып қалыптасқан. Оның атында арнайы мұражай ашылып, зайыбы аманаттаған киімдері, қолжазба дәптерлері, күнделігі, көзілдірігі, фотоаппараты, қалам-қарындаштары, басқа да жеке заттары қойылған. Мұнда Семей, Көкшетау, Астана қалаларынан да студенттер келіп, сирек кездесетін жәдігерлерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына пайдаланады. Қаламызға ат басын тіреген туристер мен қонақтардың соқпай кеткені кемде-кем. Облыс аудандарынан да экскурсиялар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады.
Неміс болып туса да, салт-дәстүрлерімізді, тілімізді, мәдениетімізді бойына сіңіру арқылы ішкі жан дүниесі мен жаратылысы байырғы халықтан айырғысыз сыршыл суреткердің, қарымды қаламгердің қазақ ұлтын шексіз сүйген махаббаты жас ұрпаққа әркез үлгі-өнеге болып қала бермек.
Ақнұр БАЗАРБЕКОВА,
Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы, Г.Бельгер мұражайының меңгерушісі.