Көзі тірісінде “Қазақтың қуанышы – менің қуанышым”, “Қазақтың тілі менің тілім” деп өткен қабырғалы қаламгер, көрнекті аудармашы, эссеші, көркемсөзші, бір сөзбен айтқанда, “сегіз қырлы бір сырлы” тұлға Герольд Бельгер ақтық демі қалғанша төл әдебиетімізге, мәдениетіміз бен дәстүрімізге деген адалдығынан айныған жоқ. “Ұлтым неміс болса да, қазақтың жанын бір кісідей түсінемін”, – деген жазушыны қазақ халқы да жүрегінде әлдиледі, көңіл түкпірінде тербете білді. Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде “Қазақ даласындағы шығармашылық әлемнің ұлағатты ұлы” деген атаумен өткізілген облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қазақтың нағыз жанашырының өмір жолы, шығармашылық мұрасы, қайраткерлігі жан-жақты сөз болды.
Герольд Бельгер 1934 жылы Саратов облысындағы Энгельс қаласында дүниеге келген. 1941 жылы ол ата-анасымен бірге неміс ұлтының өкілі ретінде Қазақстанға жер аударылады. Ол қасиетті Қызылжар өңірінің Шал ақын ауданындағы Ыбыраев ауылында өсті. Осында қазақ тілін жетік меңгеріп шықты. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, еңбек жолын Жамбыл облысында орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастады. 1971 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, ұлт әдебиетінің тасын өрге домалатуға сүбелі үлес қосты.
Саналы ғұмырының сәулелі сәттерін Абайды тануға, қазақтың небір ардақтыларының еңбектерін аударуға бағыттаған жазушының артына қалдырған мұрасы аз емес. “Ауыл шетіндегі үй” (1973), “Даладағы шағалалар” (1976), “Алты асу” (1977), “Тас өткел” (1988, орыс, қазақ, неміс тілдерінде), “Бауырластықтың жанды бейнесі” (1981), “Созвучие” (1982), “Уақытпен бетпе-бет” (1985, неміс тілінде), “Мотивы трех струн” (1986), “Гете и Абай” (1989), “Родство” (1991), “Земные избранники” (1995) атты зерттеу еңбектері – төл әдебиетімізді көркейткен құнды туындылар. Осылардың әрқайсысына жеке тоқталған М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Жанар Таласпаева қаламгердің ауылға, қазаққа болысқан сәттеріне терең бойлады.
“Қиын-қыстау замандардың аласапыран дауылына, тоталитарлық қоғамның тегеурінді тепкісіне, халықтың бостандықсүйгіш пейіліне кісен салып, қанын судай ағызған озбырлыққа қарамастан, әдебиет барлық уақытта да бізге адамдық болмысымызды жоғалтып алмауды үйретіп келеді. Сол адамдық болмысты Гераға қазаққа шынайы жанашыр болу арқылы дәріптеді”, – деді Жанар Серкешқызы.
Содан кейін сөз алған колледж директоры Виктор Михейкин қаламгерді жас ұрпақтың жадына берік орнықтыру бағытында білім ордасында көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Осыдан бірнеше жыл бұрын жазушы атындағы мұражай жасақталып, ол құнды құжаттармен, Г. Бельгер тұтынған заттармен толыққан. Білім ордасының қабырғасында ұйымдастырылған мәдени жиындардың дені осы мұражайда өткізіледі. Алдымыздағы жылы Герольд Бельгердің дүниеге келгеніне 90 жыл толады. Осынау датаға байланысты колледж басшылығы облыстық деңгейде Бельгер оқуларын өткізуді жоспарлап отыр.
Конференцияда мазмұнды баяндама жасаған Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы Айнагүл Секренова, колледж оқытушылары Алмат Макишев, Ақнұр Базарбекова, “Возрождение” неміс қоғамдық бірлестігінің өкілі Римма Смирнова, студенттер Самат Жексембай, Роман Кайзер өз сөздерінде қаламгердің рухани байлықтан басқа ештеңеге қызықпағанын, ұшы-қиыры жоқ алып мұхиттай әдебиет кеңістігінде ұлы Абайды пір тұтқанын, ұлтқа, тілге қатысты өткір ойларын баспасөз бетінде ашық айтқанын, алтыннан да қымбат уақыттарын қадірлей алмаған қазақты көргенде қатты қапаланғанын әсерлі жеткізді.
Ақын Олжас Сүлейменов бір еңбегінде: “Қай тілге болса да қамшы салдырмайтын, алған бетінен қайтпайтын Герольд Бельгер секілді жазушы әлемде кемде-кем. Ол қазақ халқының ұлы досы. Біз оған мәңгілік қарыздармыз”, – депті. Иә, қазақтың тағдыры дегенде қайсарлана алға ұмтылып, қайсарлана ой толғаған “Бельгер соқпағы да уақыт өте келе, күні-түні жүрісі тоқтамайтын нағыз күре жолға айналары” сөзсіз.