«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлтымыздың нағыз жанашыры

Нұргүл Оқашева

 nurgul.okasheva@mail.ru

Көзі тірісінде “Қазақтың қуанышы – менің қуанышым”, “Қазақтың тілі ме­нің тілім” деп өткен қабырғалы қа­лам­гер, көрнекті аудармашы, эссе­ші, көркемсөзші, бір сөзбен айтқан­да, “сегіз қырлы бір сырлы” тұлға Ге­рольд Бельгер ақтық демі қалғанша төл әдебиетімізге, мәдениетіміз бен дәстүрімізге деген адалдығынан ай­ны­ған жоқ. “Ұлтым неміс болса да, қа­зақтың жанын бір кісідей түсінемін”, – деген жазушыны қазақ халқы да жүрегінде әлдиледі, көңіл түкпі­рін­де тербете білді. Петропавл гу­мани­тарлық-техникалық колледжін­де “Қазақ даласындағы шығармашы­лық әлемнің ұлағатты ұлы” деген атаумен өткізілген облыстық ғылы­ми-тәжірибелік конференцияда қа­зақтың нағыз жанашырының өмір жолы, шығармашылық мұрасы, қай­раткерлігі жан-жақты сөз болды.

Герольд Бельгер 1934 жылы Са­ратов облысындағы Энгельс қала­сын­да дүниеге келген. 1941 жылы ол ата-анасымен бірге неміс ұлтының өкілі ретінде Қазақстанға жер ауда­рылады. Ол қасиетті Қызылжар өңі­рінің Шал ақын ауданындағы Ыбы­раев ауылында өсті. Осында қазақ тілін жетік меңгеріп шықты. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педа­гогикалық институтының филология факультетін бітіріп, еңбек жолын Жамбыл облысында орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бе­руден бастады. 1971 жылы Қазақ­стан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, ұлт әдебиетінің тасын өрге домалатуға сүбелі үлес қосты.

Са­налы ғұмырының сәулелі сәт­терін Абайды тануға, қазақтың небір ар­дақтыларының еңбектерін ауда­руға бағыттаған жазушының артына қал­дырған мұрасы аз емес. “Ауыл ше­тіндегі үй” (1973), “Даладағы ша­ға­­лалар” (1976), “Алты асу” (1977), “Тас өткел” (1988, орыс, қазақ, неміс тіл­дерінде), “Бауырластықтың жан­ды бейнесі” (1981), “Созвучие” (1982), “Уақытпен бетпе-бет” (1985, не­міс тілінде), “Мотивы трех струн” (1986), “Гете и Абай” (1989), “Род­ство” (1991), “Земные избранники” (1995) атты зерттеу еңбектері – төл әдебие­тімізді көркейткен құнды туын­дылар. Осылардың әрқайсы­сына жеке тоқ­талған М. Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан уни­верситетінің про­фессоры Жанар Та­ласпаева қалам­гердің ауылға, қа­заққа болысқан сәттеріне терең бой­лады.

“Қиын-қыстау замандардың ала­сапыран дауылына, тоталитарлық қоғамның тегеурінді тепкісіне, халық­тың бостандықсүйгіш пейіліне кісен салып, қанын судай ағызған оз­бырлыққа қарамастан, әдебиет бар­лық уақытта да бізге адамдық болмысымызды жоғалтып алмауды үйретіп келеді. Сол адамдық бол­мысты Гераға қазаққа шынайы жанашыр болу арқылы дәріптеді”, – деді Жанар Серкешқызы.

Содан кейін сөз алған колледж директоры Виктор Михейкин қалам­герді жас ұрпақтың жадына берік орнықтыру бағытында білім орда­сында көптеген жұмыстар атқары­лып жатқанын айтты. Осыдан бірне­ше жыл бұрын жазушы атындағы мұ­ражай жасақталып, ол құнды құжат­тармен, Г. Бельгер тұтынған зат­тармен толыққан. Білім ордасының қабырғасында ұйымдастырылған мәдени жиындардың дені осы мұражайда өткізіледі. Алдымыздағы жылы Герольд Бельгердің дүниеге келгеніне 90 жыл толады. Осынау датаға байланысты колледж басшы­лығы облыстық деңгейде Бельгер оқуларын өткізуді жоспарлап отыр.

Конференцияда мазмұнды баян­дама жасаған Ғабит Мүсірепов атын­дағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы Ай­нагүл Секренова, колледж оқытушылары Алмат Макишев, Ақнұр Базар­бекова, “Возрождение” неміс қоғам­дық бірлестігінің өкілі Римма Смир­нова, студенттер Самат Жексембай, Роман Кайзер өз сөздерінде қалам­гердің рухани байлықтан басқа еш­теңеге қызықпағанын, ұшы-қиыры жоқ алып мұхиттай әдебиет кеңіс­тігінде ұлы Абайды пір тұтқанын, ұлтқа, тілге қатысты өткір ойларын баспасөз бетінде ашық айтқанын, алтыннан да қымбат уақыттарын қадірлей алмаған қазақты көргенде қатты қапаланғанын әсерлі жеткізді.

Ақын Олжас Сүлейменов бір еңбегінде: “Қай тілге болса да қамшы салдырмайтын, алған бетінен қайтпайтын Герольд Бельгер секілді жазушы әлемде кемде-кем. Ол қазақ хал­қының ұлы досы. Біз оған мәң­гілік қарыздармыз”, – депті. Иә, қазақтың тағдыры дегенде қайсарлана алға ұмтылып, қайсарлана ой толғаған “Бельгер соқпағы да уақыт өте келе, күні-түні жүрісі тоқтамайтын нағыз күре жолға айналары” сөзсіз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp