«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Асық атудан әлемде теңдессіз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттық ойын – тәрбиенің бір түрі. Мәселен асық дене бітімінің, ойлау жүйесінің дамуына септігін тигізеді екен. Мергендікке, ептілікке, қол қимылын жақсартуға, жүйкені тыныштан­дыруға, есте сақтау қабілетін жетілдіруге, ұстамдылық пен сабырлыққа тәрбиелейді. Бұрын­дары бұл ойынды екінің бірі ойнаса, бүгінде ұмыт қалып бара жатқандығы қынжылтады. Дегенмен асық ойнаудан халықаралық додаларда жеңімпаз атанып жүрген жерлестеріміз де жоқ емес. Солардың бірі – Сәния Зейкенова.

Сәния Қайратқызы қаңтардың 29-ы мен ақпанның 4-і аралығында Түркия елінде асық атудан өткен Еу­разия кубогында алтыннан алқа та­ғынып қайтты. Бұған дейін облыс­тық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген болатын. Он үш жастан бастап асық­қа құмартқан ол алты жылдың ішінде түрлі дәрежедегі 17 медаль жеңіп алған. Бүгінде ол – халықаралық дә­режедегі спорт шебері, Қазақстан құ­рамасының мүшесі.

Сәнияны спорттың бұл түріне қы­зықтырған, баулыған – ұстазы Ор­ман Мұқанов. Шал ақын ауданы, Ал­қағаш орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі асық үйірмесін ашып, жастарды ұлттық ойынға баулыған екен.

– Бастапқыда жай ғана қызығушы­лық болды. Төрт айлық жаттығу­дан кейін ұстазым жарысқа қосты. Уәлиханов, Ақжар, Есіл аудандары­ның өрендерімен ойнап, бірінші орын­ға ие болдым. Бұл үлкен құлшыныс туғызды. Сол жылы, яғни 2017 жылы Қызылордада өткен республикалық жарыстан күміс медальмен орал­дым. Бұл – алғашқы үлкен жеңісім еді, – дейді жас спортшы.

Сәнияның айтуынша, туған ауылында тоғызшы сыныпты бітіріп, білімін көрші Кеңес ауылында жалғастырған кезде ондағы балаларды асық ойынына үйрете бастаған. Бүгінде аталмыш мектептің спортшылары аудандық сайыстарда алқа­ғаштықтарға негізгі қарсылас атанып жүр. Осылайша ұлттық ойын­ның дамуына өз септігін тигізген. Сәния асық ойыны спорт түріне жа­татындықтан, оған жастарды көптеп тарту қажеттігін айтады.

– Облыс аумағында бес асықтан жарыстарға шығып жүрген 3-4 қыз ғана бармыз. Жасыратыны жоқ, біз­де асық ойыны ойдағыдай дамытылмай жатыр. Мәселен, Қостанай­дың мектептерінде бес асық және асық ату ойындары оқыту бағдарлама­сына енгізілген. Бізде де солай болса деймін. Өңірімізде осы спорт тү­рін дамытсам деймін. Қосымша үйірме ашпақ ойым бар. Күні бойы ұялы телефоны қолынан түспейтін балаларды ұлттық ойынға тартып, денсаулықтарының жақсаруына неге көмектеспеске, – дейді ол.

Сәнияның соңғы жеңістіктеріне тоқталар болсақ, 2022 жылғы 1-4 желтоқсан күндері Астана қаласын­да өткен Азия чемпионатында 2-ші орын иеленген. Осы жарыста спорт шебері нормативін орындаған. Ал Түрияда өткен жарысқа Қазақстан құ­рамасының мүшесі ретінде барған. Үш команда ел намысын қорғады. Сәния қостанайлық спортшы Мере­ке Шанабаймен бірге он рет ойын өткізіп, барлығында жеңіп шыққан. Еуразия кубогына бес елдің – Қазақ­стан, Қырғызстан, Түркия, Румыния мен Чехия спортшылары қатысқа­нын айта кеткен жөн.

Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бі­лім алып жатқан Сәния Зейкенова­ның өңірімізде ұлттық ойынды дамытсам деген ниеті қуантты. Оның әлемдік додаларда әлі де талай же­ңіске жетуіне тілектеспіз.

Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp