Диас Аяған
Петропавлда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысына кедергі келтірген күзетші қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық соты журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіру дерегі бойынша С.-ға қатысты қылмыстық істі қараған. Оқиға 2021 жылдың 2 тамызы күні орын алған. “Хабар” агенттігінің журналистері “Ashyq” мобильді қосымшасының жұмысы жайында сюжет түсіру үшін Петропавлдағы “DostyqMall” ойын-сауық орталығына барады. Алайда орталықтың қауіпсіздік қызметінің бастығы С. бейнеоператорға түсірілім жасауға рұқсат бермейді. Кейін С.-ның нұсқауымен күзет қызметінің қызметкерлері түсірілім тобын далаға шығарып жіберген. Күш көрсету салдарынан бейнекамераға зақым келген.
Сотталушының кінәсі дәлелденді.
Прокуратура Қазақстан Республикасы “Рақымшылық жасау туралы” Заңын қолданып, негізгі жазадан босата отыра, сотталушының бостандығын бір жылға шектеуді және үш жылға дейін күзет қызметіне қатысты лауазымды атқару құқығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындап, өзін ақтауды сұрады.
Сот сотталушының кәмелетке толмаған үш баласының барлығын есепке алып, С.-ның бостандығын бір жылға шектеу туралы үкім шығарды, ол Қазақстан Республикасы “Рақымшылық жасау туралы” Заңы негізінде жазадан босатылды. Сондай-ақ отбасының жалғыз асыраушысы екені ескеріліп, қосымша жаза қолданылмады.