Өңірде былтыр 1250 адам құтырмаға қарсы екпе алды. Тұрғындардың 70 пайызын ит қапқан, сондай-ақ 15-і сиыр-жылқы, түлкі-тиіннен зардап шеккен.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, өңірде 1998 жылдан бері адамдар арасында құтырма ауруы тіркелмеген. Десек те, былтыр 1255 адам антирабиялық көмек алған.
“Қаңғыбас иттердің көбеюіне байланысты өңірде ит қауып, медициналық көмек алуға жүгінгендер саны артып отыр. Шал ақын ауданында былтыр 51 адамды ит қапты. Есіл ауданында 61 тұрғын зардап шекті. Барлық жағдай бойынша эпизоотолого-эпидемиологиялық тергеу жүргізілді. Медициналық көмекке жүгінгендердің 1250-іне құтырмаға қарсы екпе қойылды”, – дейді Арман Күшбасов.
Барлық зардап шеккендердің 70 пайызын немесе 681 адамды ит қапқан немесе тырнаған. 281 адам мысықтан, 68 тұрғын тышқан мен егеуқұйрықтан жарақаттанған. Жеті адамды ірі қара мал, 3 адамды жылқы тістеген. Тұрғындарды жабайы жануарлар да шабуылдап, былтыр 3 адам түлкіден, 2 адам тиіннен зардап шекті.
“Құтырма – инфекциялық аурулардың ішінде қауіптілігі бойынша алдыңғы орындарда тұр, өйткені оны жұқтырған адамға санаулы сағатта көмек көрсетілмесе, бұл жағдайдың соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысы құтырма ауруының табиғи ошағында орналасқан. Әсіресе қыс-көктемде бұл дерттен қауіп зор, үй және ауыл шаруашылығы жануарлары жұқтырып, адамдарға таратуы мүмкін. Сондықтан барынша қауіпсіздік шараларын ұстану керек. Ит-мысық жабайы жануарлардан жұқтырмауы үшін оларды қамап, байлап ұстаған жөн. Құтырмаға қарсы екпе қойдыру да инфекцияның алдын алады”, – дейді санитар дәрігер.
Маманның айтуынша, құтырма ауырған жануардың сілекейі арқылы адамға беріледі. Вирус ағзаға түскен жағдайда орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Адам дем ала алмай, жүрек қызметі нашарлайды. Салдарынан қатты қиналып, қайтыс болады.
Құтырманың алдын алу үшін дертке қарсы екпе салдыру қажет. Маманның айтуынша, профилактикалық егулер ауыртпалықсыз және оңай өтеді. Вакциналау кезеңінде дәрумендер мен ақуыздарға бай тағамдарды тұтынған жөн. Сондай-ақ ушықпауы үшін салқын тиюден, қатты қыздырынудан, ағзаға шамадан тыс ауыртпалық түсіруден сақтану керек, сонымен қатар алкогольдік ішімдіктерді тұтынудан да бас тарту қажет. Екпе тиімді болуы үшін оны уақтылы салдыру керек.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.