Ұлттық ойын – тәрбиенің бір түрі. Мәселен асық дене бітімінің, ойлау жүйесінің дамуына септігін тигізеді екен. Мергендікке, ептілікке, қол қимылын жақсартуға, жүйкені тыныштандыруға, есте сақтау қабілетін жетілдіруге, ұстамдылық пен сабырлыққа тәрбиелейді. Бұрындары бұл ойынды екінің бірі ойнаса, бүгінде ұмыт қалып бара жатқандығы қынжылтады. Дегенмен асық ойнаудан халықаралық додаларда жеңімпаз атанып жүрген жерлестеріміз де жоқ емес. Солардың бірі – Сәния Зейкенова.
Сәния Қайратқызы қаңтардың 29-ы мен ақпанның 4-і аралығында Түркия елінде асық атудан өткен Еуразия кубогында алтыннан алқа тағынып қайтты. Бұған дейін облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген болатын. Он үш жастан бастап асыққа құмартқан ол алты жылдың ішінде түрлі дәрежедегі 17 медаль жеңіп алған. Бүгінде ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан құрамасының мүшесі.
Сәнияны спорттың бұл түріне қызықтырған, баулыған – ұстазы Орман Мұқанов. Шал ақын ауданы, Алқағаш орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі асық үйірмесін ашып, жастарды ұлттық ойынға баулыған екен.
– Бастапқыда жай ғана қызығушылық болды. Төрт айлық жаттығудан кейін ұстазым жарысқа қосты. Уәлиханов, Ақжар, Есіл аудандарының өрендерімен ойнап, бірінші орынға ие болдым. Бұл үлкен құлшыныс туғызды. Сол жылы, яғни 2017 жылы Қызылордада өткен республикалық жарыстан күміс медальмен оралдым. Бұл – алғашқы үлкен жеңісім еді, – дейді жас спортшы.
Сәнияның айтуынша, туған ауылында тоғызшы сыныпты бітіріп, білімін көрші Кеңес ауылында жалғастырған кезде ондағы балаларды асық ойынына үйрете бастаған. Бүгінде аталмыш мектептің спортшылары аудандық сайыстарда алқағаштықтарға негізгі қарсылас атанып жүр. Осылайша ұлттық ойынның дамуына өз септігін тигізген. Сәния асық ойыны спорт түріне жататындықтан, оған жастарды көптеп тарту қажеттігін айтады.
– Облыс аумағында бес асықтан жарыстарға шығып жүрген 3-4 қыз ғана бармыз. Жасыратыны жоқ, бізде асық ойыны ойдағыдай дамытылмай жатыр. Мәселен, Қостанайдың мектептерінде бес асық және асық ату ойындары оқыту бағдарламасына енгізілген. Бізде де солай болса деймін. Өңірімізде осы спорт түрін дамытсам деймін. Қосымша үйірме ашпақ ойым бар. Күні бойы ұялы телефоны қолынан түспейтін балаларды ұлттық ойынға тартып, денсаулықтарының жақсаруына неге көмектеспеске, – дейді ол.
Сәнияның соңғы жеңістіктеріне тоқталар болсақ, 2022 жылғы 1-4 желтоқсан күндері Астана қаласында өткен Азия чемпионатында 2-ші орын иеленген. Осы жарыста спорт шебері нормативін орындаған. Ал Түрияда өткен жарысқа Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде барған. Үш команда ел намысын қорғады. Сәния қостанайлық спортшы Мереке Шанабаймен бірге он рет ойын өткізіп, барлығында жеңіп шыққан. Еуразия кубогына бес елдің – Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Румыния мен Чехия спортшылары қатысқанын айта кеткен жөн.
Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатқан Сәния Зейкенованың өңірімізде ұлттық ойынды дамытсам деген ниеті қуантты. Оның әлемдік додаларда әлі де талай жеңіске жетуіне тілектеспіз.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.