Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тәулік бойы көптеген міндеттерді орындайды. Олар қызметтеріне кірісетін уақыттан бастап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, қоғамдық тәртіпті сақтайды. Сондай-ақ олар тұрғындардың қоңырауларына ден қойып, шаралар қабылдайды, қоғамдық орындардағы қылмыстардың жолын кеседі.
Мұндай қылмыстардың басым бөлігі сауда орындарында жасалады. Жыл басынан осындай 23 факті тіркелді. Қаңтар айында Петропавлдың қоғамдық орындарында 43 қылмыс жасалып, оның 39-ы патрульдік полицейлердің қатысуымен ашылды. Тұрақты профилактикалық жұмыс көшедегі қылмыстың айтарлықтай төмендеуіне көмектесті.
Полицейлердің сенімді құралы – омырауға тағылатын бейнежетондар мен көліктегі бейнетіркеу құрылғылары, олардың көмегімен 878 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ең жиі кездесетіні – қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу немесе мас күйде жүру. Мұндай 137 факті тіркелді.
Патрульдік полиция батальонының негізгі міндеті – жол қозғалысы қауіпсіздігін нығайту. Жыл басынан облыс орталығының көшелерінде 17 мас жүргізуші тоқтатылды. Жол жүрісі қағидалары бұзушылықтарының ең көп тарағаны – қауіпсіздік белдіктері мен балаларға арналған арнайы орындықтарды пайдаланбау, бұл үшін 161 жүргізуші жауапқа тартылды. Тағы 103 адамға көлік жүргізу кезінде ұялы телефонмен сөйлескені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Әсет ҚАНАФИН.