АУЫЛ МЕКТЕБІ ҚОЛДАУҒА ИЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Уәлиханов ауданындағы №2 Кішкенекөл орта мектебінде “Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру” жалпыұлттық жобасы таныстырылған ашық есік күні өтті. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім берудегі алшақтықты жоюды көздейтін бұл жобаны “Қазақстан халқына” қоры, “Білім беруді тұрақты дамыту” қоры және Назарбаев зияткерлік мектебі бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Өңірдегі мектептердің ішінен дәл осы білім ордасының таңдалып алынуының өзіндік себебі бар. Облыс орталығынан шалғайда, яғни 340 шақырымдай жерде орналасқан елді мекенде білім сапасы артса, жобаның негізгі мақсаты да орындалар еді. №2 Кішкенекөл орта мектебі 1986 жылы салынған. Мектеп жанында интернат бар. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген мектеп ғимаратының 2019 жылы терезелері ауыстырылған екен. Бүгінгі таңда 900 балаға шақталған оқу ордасында 516 оқушы білім алып жатыр. Оларға қос тілде 71 мұғалім сабақ береді.

“Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру” жалпыұлттық жобасы аясында оқу үдерісіне үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізу және мектепті қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету жоспарланған. Яғни білім ордасындағы 34 оқу кабинеті толықтай жабдықталады. Бұның барлығы “Қазақстан Халқына” қорынан бөлінген 249825000 теңге көлеміндегі демеушілік қаражатқа алынады. Мектеп жеке пән кабинеттерінен бөлек, STEM лаборатория, АРТ-студия, интеллектум кабинеті, шеберлік сыныптарымен жабдық-талып, кітапханаға керек-жарақтар жеткізіледі. Сонымен бірге білім ордасында телестудия да жасақталады. Осы арқылы ұжым аудандағы шағын комплектілі мектептерге өз тәжірибелерін көрсетеді.

Егер бала қалада оқып, қандай да бір себептермен білімі төмендеп кетсе, онда репетитор жалдап, әр-түрлі үйірмеге немесе орталыққа жазылуы мүмкін. Өкінішке қарай, ауыл баласында мұндай мүмкіндік жоқ. Негізгі орталық – мектеп, сондықтан оны дамыту өте маңызды. Мәселен, 2019 жылы жобаға Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан кірген 5 мектепте оң өзгеріс байқалып, оқушылар жақсы нәтиже көрсеткен. Үш жылдың ішінде мектептердегі оқу сапасы жалпы алғанда 10-12 пайызға артқан.

– “Қазақстан халқына” қорымен бірлесіп 2022 жылы тағы 17 мектепті қосып, жалпыұлттық жобаға айналдырдық. “Қазақстан халқына” қоры, “Beeline” компаниясы сынды серіктестеріміздің қолдауымен әр мектепке шамамен 250 млн. теңге қаржы бөлінді, – деді “Білім беруді тұрақты дамыту” қорының жоба менеджері Аслан Айтахметов.

Кішкенекөл мектебінде 22 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Құралай Сүлейменова мектептегі өзгерістерге барлық мұғалімнің қуанышты екенін жеткізді. “Мектебіміздің жаңа белеске шығуы қуантады. Бастауыш сыныптарда көрнекі құралдарды пайдаланудың маңызы зор. Осы жаңалық жұмысымыздың өнімді болуына септігін тигізеді деп сенемін. Әрине, білім жолы – ауыр жол. Дегенмен бұл өзгеріс жұмысты жеңілдете түседі деген ойымыз бар”, – деді білікті ұстаз.

Оң бастама аясында педагогтарға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері, “Білім беру бағдарламалары” орталығы, “Педагогикалық шеберлік” орталығы тренерлерінің көмегімен өткізілетін қарқынды оқыту бағдарламасы жалғасады. Қарқынды оқыту бағдарламасы аяқталғаннан кейін мектеп 2025 жылға дейін үшжылдық әдістемелік қолдауға көшеді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp