«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысқа жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов келді. Ол солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесіп, елдегі жемқорлыққа қарсы саясаттағы жаңашылдықтарды түсіндірді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек қатысты.

Жиын барысында жеке кәсіп иелерінің құқықтарын қорғау және бизнес саласындағы парасаттылықты арттыру мәселелері талқыланды. Саян Ахметжановтың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі былтырдан бастап әр өңірде жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында мониторингтер жүргізіп, әр облыста талқылаулар жүргізіп жатыр. Бүгіндері аталмыш ведомство мамандары автокөлік жолдары, тұрғын үймен қамтамасыз ету және ауызсу тарту мәселелері саласында “Бизнеске жол” жобасын іске асыра бастады.

– Қазіргі уақытта бизнестің бірінші қадамдарында қандай әкімшілік кедергілер бар, қандай қиындықтар кездеседі – соларды уәкілетті органдармен бірлесіп шешуге атсалысып жатырмыз. Бірінші бағыт – бизнестің адалдығын қамтамасыз етуге ықпал ететін тұжырымдамалық шаралар, екіншісі – кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізу. Үшінші бағыт – өңірдің ерекшелігін ескере отырып, кәсіпкерлердің қажеттіліктері бойынша жедел әрекет ету, – деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы.

Өткен жылы елімізде мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 5200 жаңа кәсіпорын ашылып, 17 мыңға жуық кәсіпкердің кәсібі кеңейтілген. Осы ретте заң аясында жұмыс істейтін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуді қолдайтын компаниялар үшін түрлі мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылғанын айта кеткен жөн.

– Мемлекеттік сатып алу саласы бойынша бюджет қаржысын пайдаланудың бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз ету мақсатында сатып алу нормаларын бір заңға біріктіру ұсынылды. Орташа сату бағасын анықтау мемлекеттік сатып алуды тиімді жоспарлауға негіз болады. Мемлекеттік кәсіпорындар үшін монополиялық жеңілдіктер мен ерекшеліктер тізбесі оңтайландыруға жатады, бұл бәсекелестіктің күшеюіне әкеледі, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сергей Перов.

Облыстық кәсіпкерлер палатасына өткен жылы кәсіпкерлерден жемқорлыққа тап болғандығы жайында 118 өтініш келіп түскен. Тиісті құқық қорғау органдарының араласуы нәтижесінде шамамен 110 млн. теңгенің құқығы қорғалған. Мамандардың айтуынша, өңірде жер қатынастары, салық, қаржыландыру, мемлекеттік сатып алу мен субсидиялауға қатысты мәселелер әлі де өзекті.

Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлыққа тап болған жағдайда өңірлік кәсіпкерлер палатасы базасындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңеске немесе жергілікті жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жүгіне алады. Ведомство өкілдері ашық диалогқа әрқашан дайын екендерін айтты.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp