Тексеру көрсеткендей, мемлекеттік органдарда қайталанатын кемшіліктер – бухгалтерлік есептерді бұрмалау, бюджет қаржысын және мемлекет активтерін тиімді пайдаланбау, мақсатсыз жұмсау. Мәселен, былтыр Мамлют ауданына қарасты ұйымдарға, атап айтқанда, аудандық, қалалық әкімдікке, Новомихайловка, Дубровин, ауылдық округтерінің аппараттарына, экономика және қаржы, жұмыспен қамту, сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімдеріне мемлекеттік аудит жүргізудің нәтижелері шығарылып, көптеген олқылықтар анықталды. 17,6 млрд. теңгеге жуық бюджет қаражаты қамтылып, 402,5 млн.теңгенің бұзушылықтары тіркелді. Оның 16,1 млн. теңгесі жергілікті қазынаға қайтаруға жатса, мақсатты жұмсалуға тиісті 386,1 млн. теңге бухгалтерлік есеп-қисап балансында дұрыс көрсетілмеген. Тұтастай алғанда, бюджет жүйесіндегі талдаулар мен бекітулер, қайта түзетулер сақталғанымен, аудит қорытындысы қаржылық тәртіптің төмендігін, мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін лауазымды тұлғалардың бюджеттік, басқа да заң нормаларына немқұрайды қарайтынын көрсетіп берді.
Аудит қызметі “Аудиторлық қызмет туралы” заңмен реттеледі. Аудитор белгіленген талаптарға сәйкес экономикалық субъектінің қаржылық жағдайына қатысты аудиторлық дәлелдемелерді жинау, бағалау және талдау нәтижесінде бухгалтерлік есептің дұрыс жүргізілгендігі, бухгалтерлік есеп-қисаптың растығы туралы тексере отырып, ұйымның есеп-қисабындағы мүлікті, міндеттемелерді, белгілі бір кезеңдегі есептесулер мен қаржы нәтижелерінің жай-күйін сипаттайтын көрсеткіштердің толықтығын, уақтылы жасалуын, дәлдігін, заңдар мен қабылданған есеп саясатының дұрыс сақталуын бағалайды. Аудиторлық қызметті жүзеге асырудың негізгі формаларының бірі – тексеру. Бұл орайда, тексерумен ғана шектелмей, сонымен бірге кемшіліктерді жою, мекеме қызметін оңтайландыру жөнінде ұсыныстар мен сараптамалар да әзірленеді.
Мәселен, Мамлют ауданында жұмысшыларға жалақыны, іссапар төлемдерін есептеп, аударуда да қиғаштықтар аз емес. Оның мөлшері 8 млн. теңгені құраған. Сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімдерінде негізгі қаржы көздері бойынша құжаттарды дұрыс толтырмау, бухгалтерлік есептеулерді бұрмалау жиі кездеседі. Және де бұл жүйелі түрде орын алғанын, оның себебі қолданыстағы заңдарды жете білмеушіліктен, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан бюджет қаражатын жұмсауға қатаң бақылаудың болмауынан туындағанын байқау қиын емес. Оның бір дәлелі – алты жауапты тұлғаның тәртіптік жауапкершілікке тартылуы.
Аудандық әкімдік аппараты, білім, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту бөлімдерінің жауапты мамандарына қатысты материалдар ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жіберілді. Ондағы мақсат – мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік және қаржылық есеп салаларындағы заң бұзушылықтарға әділ бағасын беріп, нақты шара қолдану. Сондай-ақ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғ.Әбдірашевке қатысты материалдар (электрондық құжаттар, электрондық сандық қол қою заңдылықтарын бұзғаны үшін) Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрлігіне жолданды. Сөз арасында оған әкімшілік жаза тағайындалып, 7,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынғанын да айта кеткен жөн.
Аудиттік тексеріс жұмыс берушілердің өз міндеттемелерін талапқа сай орындамайтынын да айғақтап берді. Мәселен, мемлекеттік тұрғын үй қорынан салықтық емес төлемдерді уақытылы және толық көлемде аудармау салдарынан баспананы жалға беру бойынша 1376,6 мың теңге қарыз жинақталып қалған. Осы олқылық бойынша әкімшілік іс қозғау үшін материалдар мемлекеттік кірістер департаментіне берілді. Сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі, білім бөлімдеріне, Краснознаменск, Новомихайловка ауылдық округтері аппараттарына қатысты процессуалдық шешімдер қабылдау мақсатымен аудит материалдары сыбайлас жем-қорлыққа қарсы күрес департаментіне жолданды. Өйткені жалақы, іс-сапар, сыйақы төлемдерін негізсіз есептеу, төлеу, мектептерге күрделі жөндеу жүргізгенде атқарылған жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес келмеуі сияқы заң бұзушылықтар бар. Ұлттық экономика министрлігіне “Денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамту, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені мамандарына, елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген ауылдық округ аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсету туралы” ережесіне қатысты ұсыныстар айтылып, хат жолданды.
Мекеме басшыларының назары олқылықтардан жедел түрде қорытынды шығаруға, жұмысты түзеу үшін кешенді шаралар қабылдауға аударылды. Десек те, тұрғындарды сапалы ауызсумен, жылдам интернетпен қамтамасыз ету, ауданішілік, ауылішілік жолдарды қалпына келтіру бойынша шешімін таппаған мәселелер аз емес. Сондықтан жергілікті бюджетке түсетін салықтық түсімдерді тиімді әрі мақсатты түрде жұмсай отырып, әлеуметтік маңызы зор салаларға бағыттаған жөн. Аудан әкіміне кемшіліктерді түзету, бюджеттік, басқа да заң нормаларын бұзған лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс айтылды.
Тимур ТҰРСЫНОВ,
облыстық тексеру комиссиясының мүшесі.