Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз, халқымыздың тарихы мен өнерінде ерекше орны бар, ақын, әнші, композитор, ел қорғаны – батыр, біртуар тұлға Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақовтың туғанына 205 жыл толуына арналған “Сегіз сері – ұлт мақтанышы” атты поэзия кеші өтті.
Шараға ақын-жазушылар, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, студенттер, “Қаламгер” клубының мүшелері, кітапхана оқырмандары, Сегіз серінің ұрпақтары, жерлестері қатысты.
Кеш Ақан сері атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Ғалымжан Нұрпейісовтің орындауындағы Сегіз серінің “Ақбақай” әнімен ашылды.
Алғашқы болып сөз сөйлеген М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың доценті Данагүл Қуандықова “Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығы туралы” мазмұнды да мағыналы баяндама жасады. Ардагер ұстаз, “Ән-жыр тұнған Гүлтөбе” кітабының авторы Қарақат Шалабаев Сегіз серінің әншілік-композиторлық өнеріне тоқталды. Дос көлінің маңына Сегіз серінің кесенесі орнатылса деген ұсыныс айтты. Белгілі күйші-домбырашы Серікбай Құсайынов алдағы уақытта Сегіз серінің және тағы да басқа жерлес ақын, әнші, композиторларымыздың күй жинағын, ноталарымен бірге басып шығаруды қолға алатынын тілге тиек етті. Тіл жанашыры Марал Оспанова Сегіз серінің “Мақпалға” арнап жазған 50-60 шумақтан тұратын жырының мәтінін әкесі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев қолмен Сегіз серінің Айымжандағы туыстарынан жазып алғанын, мәтіні үйінде құнды жәдігер ретінде сақтаулы екенін айтып, одан үзінділер оқып берді. Шараға келген жастар да өз өнерлерін көрсетіп ақынның өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.
Кешімізге Сегіз серінің үлкен ұлы Мұстафадан тараған ұрпақтан – Мұстафина Күлзира Бегенқызы, кіші ұлы Мұсайыннан тараған ұрпақтан – Тырқаев Балта Қабиұлы, Сегіз серінің жалғыз қызы Бибізарадан тараған ұрпақтан – Бисарина (Мақышева) Күлзи Ғалымжанқызы қатысты. Ұрпақтары атынан сөз алған ардагер ұстаз Күлзи Ғалымжанқызы Сегіз сері бабаларының батырлығынан, ақындық, әншілік, композиторлығынан басқа да өнерлі: жауырыны жерге тимеген балуан, аңшы, құралайды көзге атқан мерген, бармағынан бал тамған шебер, зергер болғанын мақтанышпен жеткізді.
Дамира СЕРІКБАЕВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.