М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жастарға білім беріп қана қоймайды, шығармашылық қабілеттерін дамытуға да көп көңіл бөледі. Жоғары оқу орнының қабырғасында құрылған “Шаңырақ”, “Пилигрим”, “Кривое зеркало” театрлары, “Шертер” фольклорлық-этнографиялық және “Антурнан” хореографиялық ансамбльдері, студенттер хоры – өнерге жақын жастарға талабын шыңдап, талантын танытуға мүмкіндік беретін орта. Мұнда өткізген күндер жастықтың ұмытылмас бір белесі болып есте қалары сөзсіз. Төменде біз 55 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан “Пилигрим” студенттер театрына кеңірек тоқталмақпыз.
Студенттер театрының құрамы үздіксіз жасарып отырғанымен, тарихы тереңде, ол 1968 жылы ашылған болатын. Ұжымда қаншама адам өзінің актерлік шеберліктерін шыңдады. Кейбірінің студенттік өмірінің төрт жылы осында өтсе, көбінің бастауынан тастауы тез. Студенттер театры болашақта өнерпаз болғысы келгендердің ешқайсысын жатсынбайды, қабілеттерін ашуға көмектеседі. Ізденіске үйретеді.
“Пилигрим” 1973 жылы “халықтық театр” атағын алғаны белгілі. Бұл ұжымның негізін қалаушы – Зинаида Басаргина. Сол “халықтық” деген атауға сай өнер көрсетіп келе жатқанына да жарты ғасыр. Талап бойынша бұл атақты екі-үш жылда бір қорғап отыру керек.
– Алдағы көктемде “халықтық театр” атағын қорғаймыз. Қазір дайындық жүргізіп жатырмыз. Ол үшін жаңа спектакльдер ұсынуымыз керек. Арнайы комиссияның көңілінен шығатындай репертуар қажет. Қандай қойылым сахналайтынымызды анықтап қойдық. Бірақ әзірге құпия. Тосын сый болуы керек, – дейді “Пилигрим” театрының көркемдік жетекшісі Санжар Тойболат.
“Пилигрим” студенттер театрының құрамында он алты адам бар. Бәрі – оқу орнының студенттері. Дегенмен жас таланттарды іздеу – үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Бірінші курсқа түскендер қатарға қабылданып жатса, оқу бітіргендері сахнамен қоштасуға мәжбүр. Әрбір оқу жылының басында өнерпаздарды іздеу мақсатында кастинг өткізіледі. Студенттерден бөлек, қала мектептерінің оқушыларын шақыру да дәстүрге айналған. Театр жетекшісі Санжар Тойболаттың өзі де студент кезінен осында жүр. Мамандығы филолог болғанымен, сахна өнерін бірден меңгеріп кеткен. Оның айтуынша, студенттер театрының мақсаты – тек өнерлі жастарды табу емес, томаға тұйық, ешкіммен араласа қоймайтын жеткіншектердің қабілеттерін ашу, өмірге бейімделуіне психологиялық тұрғыдан көмек көрсету.
“Пилигрим” негізінен классикалық қойылымдарды сахналайды. Сонымен қатар репертуарда бүгінгі жастардың өзекті мәселелеріне арналған заманауи авторлардың пьесалары да бар. Спектакльдердің ішінде комедия, трагедия, ертегі, мелодрама, детектив жанрындағы қойылымдарды кездестіруге болады. Шетелдік авторлардың шығармаларын да сахналайды. Ашылғаннан бері жүздеген қойылым көрерменге жол тартқан. Жылына екі жаңа спектакль сахналау – театрдың басты жоспары. Сондай-ақ театр күнінде, Жеңіс күні, Наурыз мейрамы, Тәуелсіздік күні сияқты мерекелер қарсаңында түрлі іс-шараларға қатысады, арнайы шоу-бағдарламалар ұйымдастырады. Соңғы қойылымдары – университет қызметкерлерінің балаларына арналған жаңажылдық ертегі.
– Бұл ертегіге дайындықты бір жарым ай бұрын бастадық. Басында әртүрлі шығармаларды оқып, бүгінгі жасөспірімдерге не қызықты екендігін анықтауға тырыстық. Біз классикалық ертегілердегі кейіпкерлерден бас тартып, яғни көпке мәлім сюжеттерден алыстап, фантастика жанрындағы танымал кейіпкерлерді ертегіге кіріктіруді жөн көрдік. Және қазіргі өзекті мәселелерді дөп басуға тырыстық. Жұмыс оңай жүрді деп айта алмаймын. Дайындық жұмыстарын мұқият жүргізіп, бір айда ертегіні сахналап шықтық, – дейді театрдың қоюшы режиссері Елизавета Гуляева.
Қойылымды көрерменге жаңаша сипатта жеткізу театр әкімшілігінің ғана емес, жас әртістердің де идеясынан туған. Жеткіншектерге мұндай қойылымдар ерекше ұнайды. Көрермендерінің көңілдері көтеріліп жатса, бұл – жас әртістер үшін үлкен жетістік.
Театр репертуарындағы қойылымдарға келетін болсақ, Агата Кристидің “Массетапы”, Александр Пушкиннің “Тас қонағы”, Родион Белецкийдің “Білмеген әңгіме”, Валентин Азерниковтың “Азғыру мектебі”, Николай Коляданың “Соқырлар жері” сияқты спектакльдерін ерекше атап өтуге болады. Сәбит Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов”, Д.Липскеровтың “Асфальттағы өзен” қойылымдары да – әртүрлі жастағы көрермендердің көңілінен шыққан туындылар.
Театр ұжымы республика, облыс аумағында түрлі байқаулар болып жатса, одан тыс қалмауға тырысады. 2009 жылдың көктемінде “Театр және болмыс” бірінші қалалық театр топтарының фестиваліне қатысып, Л.Филатовтың “Федот мерген туралы” ертегісін сахналап, үшінші орынды жеңіп алған. Фестивальда бұл қойылым режиссерлік жұмыс және ең үздік ер адам рөлі үшін марапатталды. Ал 2011 жылы өткен фестивальда “Кощей Василисаға қалай үйленді?” ертегісін сахналаған, арнайы аталым бойынша марапатталды. 2017 жылы Астанада өткен XII Дельфий ойындарына қатысқанын да айта кеткен жөн.
Шығармашылық ұжым университет қабырғасынан тыс жерде де қойылымдарын көрсетеді. Мәселен, бірнеше рет Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино ауылындағы балалар үйіне барып, қызықты спектакльдерімен балалардың көңілін көтерген. Жас актерлер жетім қалған жеткіншектерге қуаныш сыйлауды өздерінің азаматтық борышы санайды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.