«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әлем таныған Ботай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отанды, елді сүю, қадір-қасиетін жете ұғыну туған жерді аялаудан басталады. Аққайыңдар өлкесі атан­ған Қызылжар өңірінде сұлулығымен сұқтандыратын әсем жерлер аз емес. Солардың бір шоғыры Айыр­тау ауданында орналасқан. Мұнда тамылжыған табиғатымен қоса ту­ристердің назарын ерекше аудара­тын құнды ескерткіштерді көптеп кез­дестіруге болады. Олардың қата­рында Сырымбеттегі Айғаным хан­шаның қонысы мен Ш.Уәлиханов атын­дағы тарихи-этнографиялық мұ­ражай, Қарасай мен Ағынтай батыр­лардың мемориалдық кешені, Ботай қонысы бар.

Республикалық киелі жерлер картасынан айшықты орын алатын Ботай тарихи мекенінің орны бөлек. Ол жайлы жер­лесіміз, саяси ғылым­дардың докто­ры, профессор Әмір­жан Шалтықов бірнеше томдық кітап жа­зып, артына өшпес мұра қалдыр­ды. Энеолит дәуіріне жа­татын ежелгі адамдар тұрағын төрт­күл дүниеге танытуда белгілі тарихшы-ғалым Виктор Зайберт зор еңбек сіңірді. “Ботай мәдениеті” атауы қалыпта­сып, бұл әлемдік сенсация ретінде қа­былданды. Бүгінде Ботай жылқы ең алғаш қолға үйретілген, арбаға же­гіл­ген, қымыз өндірілген жер ретінде таны­мал. Әлем ғалымдары бұрын жүген-ноқта тимеген асаулар тұңғыш рет, шамамен ІІІ-VІ мыңжылдықта Украинаның Дериевка мекенінде үй­ретілді деп келген, бұл тұжырымның 53 ғасырға кейін шегерілуі, тіпті Андронов мәдениетінен де арыға кетуі бұлтартпас деректермен биік мінберлерде, симпозиум, конферен­цияларда дәлелденіп, ЮНЕСКО-ны мойындату – ғаламат ерлікке пара-пар. АҚШ-тың маңдайы жарқыраған беделді тарихшы-ғалымы Д. Энто­нидің: “Бүгінгі дәуірдің ғалымдары дүниежүзілік тарихтың сан мың сұрағының жауабын дәл осы “Ботай мәдениетінен” тауып отыр”, – деген сөзі бар. Кембридж университетінің профессоры Маршал Левина Айыр­тауға арнайы ғылыми экспедиция жасап, мінсе – көлік, жесе – тамақ, ішсе сусын болған Қамбар ата түлігінің сүйектерін, үй шаруашы­лығына пайдаланылған құрал-сай­мандарды, қымыз ашытатын құрал­дарды таңғажайып ғаламатқа баға­ла­ған. Мұхиттың арғы жағында ар­найы көрме өткізіліп, дүниежүзі ар­хеологиясының ең үздігі ретінде та­нылған. Қазір Никольск елді мекеніне таяу қоныс тепкен қалашықта та­рихи, археологиялық қорық ұйым­дас­тырылып, 150-ден астам үйдің орны аршылып, қалпына келтірілді.

Ботай ел-жұртына, ауыл-аймағы­на сыйлы, беделді кісі болғанын жастар түгіл үлкендердің өздері біле бермейді. Әміржан Шалтықов аға­мыз келтірген деректерге сүйенсек, оның тікелей ұрпақтарының бірі – Есләмбек Зікірияұлы тарихи орын­ның ашылуына себепші бол­ған. Ол жайлы там-тұмдап қана ай­тылатын­дықтан, кеңірек тоқталған­ды жөн көрдік. 1927 жылы туған, ма­мандығы – бастауыш мектеп мұға­лімі. Кейін Қарағанды пединституты­ның тарих факультетін бітірген. Біраз жыл Никольский жетіжылдық мек­тебіне жетекшілік етеді. Тарих пәнінің мұғалімі ретінде жоғары сынып оқу­шыларын Иман-Борлық өзенінің жа­ғасына экскурсияға апарып жүреді. Осы кезде жағалау малдың сүйекте­ріне толы екенін аңғарады. Мұндай тосын жайт оны қатты қызықтырып, жәдігерлерді жинауға кіріседі. Кейін Көкшетау облыстық мұражайына апарып тапсырады. Онда экспонат ретінде он шақты жыл тұрады. 1980 жылдары Петропавл педагогикалық институтының жас оқытушысы В.Зай­берт экспонаттарды көріп, қай­дан келгенін білгеннен кейін бірден Никольскийге тартады. Бәлкім, Ес­ләмбек ағамыз қозғау салмағанда Ботай мәдениеті әлі күнге дейін жұм­бақ күйінде қалар ма еді? Ебепке – себеп деген осы!

Жалпы жұртшылық Ботай мәде­ние­тін білгенімен, кімнің атымен аталғанына мән беріп жатпайтынын талай рет кездестірдік. Осы бір әді­летсіздіктің орнын жерлесіміз Ә.Шал­тықов толтырып бергенін мақ­тан етеміз. Тиісті органдарға құлақ­қағыс ете жүріп, олардың назарын ардақты тұлғаны ұмыт қалдырмауға, ауыл іргесіндегі зиратына лайықты белгі қоюға аударды. Қабірінің ма­ңында тас-құм шығаратын карьер­дің жұмыс істеп жатқанына қатты налы­ды. Ботай бабамыздың жатқан жері­нен де айырылып қалуымыз мүмкін, оған деген құрметіміз бір ауылмен ғана шектелмеуі тиіс деп, балапанын қорғаған қарлығаш сияқты шыр-пыр болды. “Ботай баба” атты екінші кі­тапта тұлғалық қасиеттерін, өмір сүр­ген заманындағы қоғамдық қарым-қатынастарды жан-жақты ашып көр­сет­ті. Ол өмір сүрген кезең патшалық Ресейдің қазақ жеріне отаршылдық саясатын үдете түсуімен сәйкес кел­ді. Бабамыз көзі ашық адам болған. Отаршылдық саясатқа қарсы шығып, орыс әкімшілігіне қызмет етуден бас тартқан. Өз қатарына ағайындарын шақырып, отаршылдардың қитұрқы әрекеттерін әшкерелеп отырған. Кеңестік идеология мұның бірін де айтқызбай, қаны сорғалаған шын­дық­ты бұрмалап көрсетті.

Ботайдың әкесі Досан да – қазақ тарихында өз орны бар тұлғалардың бірі. Он сегіз жасынан Абылай хан­ның жасағына қосылып, жорықтарға қатысқан. Ханның сенімді серігіне айналған. Тортай Сәдуақасовтың “Ел мен жер” атты кітабындағы “Әбіл­­қайыр ханмен бірге ант берген­дер Орта жүз, арғын руынан … 19. Қа­расай батыр (Қосқұл, Ораз), 22. До­сан батыр”, – деген деректер мұ­ра­жай құжаттарына сүйеніп жазыл­ған.

Ботай бабамыздың кенже, жетін­ші ұлы Кенжебек болса, Кенесары ханның көтерілісіне өз еркімен атта­нып, азаттық жолында басын өлімге тігеді. Оған Шәлтік және Жақия қажылардың жазбалары дәлел. “Бо­тайдың кенжесі – Кенжебек 23 жасын­да Кенесарының сарбазы болып, Көшқұлыдан жүздеген жігітті ертіп, көтерілісшілерге қосылыпты. Көпте­ген ерлігін елге оралған жігіттерден естіп, риза болдық. Кенжебек Ақмола қамалын алғанда ерлікпен қаза тапқан”, – деп жа­зылған.

Жетінші Кенжебегі батыр туған,

Сарбаз боп Кенесарыға өзі аттанған.

Бостандықты аңсаған Кене ханмен,

Қамалын Ақмоланың бірге алған.

Кенжебек тас қамалда ойран салды,

Ілгері ұмтылыпты топты жарып.

Сегізін патша әскерін жайратқан соң,

Ақыры ерлікпенен қаза тапты, – деген шумақтар бар.

Ел аузындағы әңгімелерге қара­ғанда, Ботай ұрпақтарының ішінде ең білімдісі – Шәлтік. Қажылар тура­лы кітапта 1905 жылы Ботай окру­гінен Мекке-Мәдинаға парызын өтеу­ге барған деген дерек бар. Оның ұлы Сүлеймен де әке жолын қуып, әр­түрлі қоғамдық-әлеуметтік мәселе­лер­ге белсене араласқан, әділ төре­лік еткен. Інісі Бәшәрдің өзі сияқты шешендік, іскерлік қабілетін сезіп, ел басқару ісіне тартқан. Келешегінен үлкен үміт күтіп, жанына ертіп жүрген. Бірақ бұлардың халыққа адал қызмет етуіне кеңес өкіметінің орнауы кедергі жасайды.

Қарап отырсақ, Ботай ұрпақта­рының осалы жоқ. Ұжымдастыруды да, аштықты да, сталиндік қуғын-сүргінді де бастарынан кешірді. Кейін Ботай бабамыздың ескі қонысына Никольское орыс селосы салынды. Высокое, Грачевка, Казанка, Кирил­ловка, Всеволодовка сықылды жат атаулар қаптады. Жалғыз қазақ ауылын қос бүйірден қысып, ту-талақайын шығара жаздады. Осын­дай қилы заманда өмір сүрген Ботай ұрпақтары өз елдігін сақтап қалды. Ұжымдасып, еңбек етті, келешекке үлкен үмітпен қарады.

Ботай ауылын бүкіл әлемге әйгілі еткен, әлемдік жаңалыққа мұрындық болған – Есләмбек ағамыз жасы келіп қалса да, бүкіл Ботай ауылы­ның жан-жақта жүрген түлектеріне хат жазып, дамыл таппапты. Туған інісі, республиканың баспасөз коми­тетін он жылдан артық басқарған Қалит Зікірияұлының үйіне Алма­ты­дағы ботайлықтарды жинап, әрқай­сысына жеке-жеке тапсырма береді. Туған жерді, туған ауылды ардақтау­дың үлгісі осылай болса керек. Асыл ағамыз 2007 жылы дүниеден өтті.

Ботай мәдениетінің табылуы – қазақ тарихының ерен олжасы. Оның ұшар басында Есләмбек ағамыздың тұруы, аты-жөнінің алдымен аталуы заңды. Оның есімі де әлем тарихына алтын әріппен жазылуы керек. Се­бебі дүниежүзіне әйгіленген Ботай мәдениеті – қазақ тарихының ажы­рамас бөлігі, тұма бастауы.

Әйгерім ОМАРОВА,

“Айыртау таңы” газетінің редакторы.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp