Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровты және Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты қабылдады. Президентке облыстардың әкімдері өңірлердің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндады.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде айтып берді. Облыс әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында құны 160 миллиард теңге болатын 62 инвестициялық жоба іске асырылады. Сондай-ақ өңірге 430 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, оның жартысы ауыл шаруашылығына бөлінеді.
Президентке көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары туралы да ақпарат берілді. Көктемде 489 мың тонна тұқым себіліп, 180 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіріледі. Сонымен қатар биыл акционерлер жаңа түтін құбырын салуға және 2 жылу-электр орталығының қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуден өткізуге 6 миллиард теңге бөледі. 1,1 миллиард теңгеге 7,2 шақырым жылу желілерін жөндеу және қайта жаңарту жоспарланып отыр.
Облыс әкімі өңірде 650 шақырым жол жөнделіп, 300 мың шаршы метр тұрғын үй салынатынын жеткізді. 16 мыңнан астам адам тұратын 22 ауылды сумен қамтамасыз ету ісі жақсартылды.
“Жайлы мектеп” және “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобалары аясында мектептер мен медициналық мекемелердің құрылысы туралы ақпарат ұсынылды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыстардың әкімдеріне былтыр өңірлерге жұмыс сапары барысында берген тапсырмалары уақтылы әрі сапалы орындалуға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз етуді және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
“Аkorda.kz”.