«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СТУДЕНТТЕР ТЕАТРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жастарға білім беріп қана қоймайды, шығармашылық қабілеттерін дамытуға да көп көңіл бөледі. Жоғары оқу орнының қабырғасында құрылған “Шаңырақ”, “Пилигрим”, “Кривое зеркало” театрлары, “Шертер” фольклорлық-этнографиялық және “Антурнан” хореографиялық ансамбльдері, студенттер хоры – өнерге жақын жастарға талабын шыңдап, талантын танытуға мүмкіндік беретін орта. Мұнда өткізген күндер жастықтың ұмытылмас бір белесі болып есте қалары сөзсіз. Төменде біз 55 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан “Пилигрим” студенттер театрына кеңірек тоқталмақпыз.

Студенттер театрының құрамы үз­діксіз жасарып отырғанымен, та­рихы тереңде, ол 1968 жылы ашыл­ған болатын. Ұжымда қаншама адам өзінің актерлік шеберліктерін шың­дады. Кейбірінің студенттік өмірінің төрт жылы осында өтсе, көбінің бастауынан тастауы тез. Студенттер театры болашақта өнерпаз болғысы келгендердің ешқайсысын жатсын­байды, қабілеттерін ашуға көмекте­седі. Ізденіске үйретеді.

“Пилигрим” 1973 жылы “халық­тық театр” атағын алғаны белгілі. Бұл ұжымның негізін қалаушы – Зинаида Басаргина. Сол “халықтық” деген атауға сай өнер көрсетіп келе жат­қанына да жарты ғасыр. Талап бо­йынша бұл атақты екі-үш жылда бір қорғап отыру керек.

– Алдағы көктемде “халықтық театр” атағын қорғаймыз. Қазір да­йын­дық жүргізіп жатырмыз. Ол үшін жаңа спектакльдер ұсынуымыз керек. Арнайы комиссияның көңілі­нен шығатындай репертуар қажет. Қандай қойылым сахналайтыны­мыз­ды анықтап қойдық. Бірақ әзірге құ­пия. Тосын сый болуы керек, – дейді “Пилигрим” театрының көркемдік жетекшісі Санжар Тойболат.

“Пилигрим” студенттер театры­ның құрамында он алты адам бар. Бәрі – оқу орнының студенттері. Де­генмен жас таланттарды іздеу – үз­дік­сіз жүргізілетін жұмыс. Бірінші курсқа түскендер қатарға қабылда­нып жатса, оқу бітіргендері сахнамен қоштасуға мәжбүр. Әрбір оқу жылы­ның басында өнерпаздарды іздеу мақсатында кастинг өткізіледі. Сту­денттерден бөлек, қала мектепте­рінің оқушыларын шақыру да дәс­түр­ге айналған. Театр жетекшісі Санжар Тойболаттың өзі де студент кезінен осында жүр. Мамандығы филолог бол­ғанымен, сахна өнерін бірден мең­геріп кеткен. Оның айтуынша, сту­денттер театрының мақсаты – тек өнерлі жастарды табу емес, томаға тұйық, ешкіммен араласа қоймайтын жеткіншектердің қабілеттерін ашу, өмірге бейімделуіне психологиялық тұрғыдан көмек көрсету.

“Пилигрим” негізінен классика­лық қойылымдарды сахналайды. Со­нымен қатар репертуарда бүгінгі жас­тардың өзекті мәселелеріне арнал­ған заманауи авторлардың пьесала­ры да бар. Спектакльдердің ішінде ко­медия, трагедия, ертегі, ме­лодрама, детектив жанрындағы қойы­лым­дарды кездестіруге бола­ды. Шетел­дік авторлардың шығар­ма­­ларын да сахналайды. Ашылған­нан бері жүз­деген қойылым көрер­мен­ге жол тарт­қан. Жылына екі жаңа спектакль сах­налау – театрдың бас­ты жоспары. Сондай-ақ театр күнін­де, Жеңіс күні, Наурыз мейрамы, Тә­уелсіздік күні сияқты мерекелер қар­саңында түрлі іс-шараларға қаты­сады, арнайы шоу-бағдарламалар ұйымдастыра­ды. Соңғы қойылым­да­ры – универ­ситет қызметкерлерінің балаларына арналған жаңажылдық ертегі.

– Бұл ертегіге дайындықты бір жарым ай бұрын бастадық. Басында әртүрлі шығармаларды оқып, бүгінгі жасөспірімдерге не қызықты екен­дігін анықтауға тырыстық. Біз клас­сикалық ертегілердегі кейіпкерлер­ден бас тартып, яғни көпке мәлім сюжеттерден алыстап, фантастика жанрындағы танымал кейіпкер­лерді ертегіге кіріктіруді жөн көрдік. Және қазіргі өзекті мәселелерді дөп басуға тырыстық. Жұмыс оңай жүрді деп айта алмаймын. Дайындық жұмыс­тарын мұқият жүргізіп, бір ай­да ертегіні сахналап шықтық, – дей­ді театрдың қоюшы режиссері Елиза­вета Гуляева.

Қойылымды көрерменге жаңаша сипатта жеткізу театр әкімшілігінің ғана емес, жас әртістердің де идея­сынан туған. Жеткіншектерге мұндай қойылымдар ерекше ұнайды. Көрер­мендерінің көңілдері көтеріліп жатса, бұл – жас әртістер үшін үлкен же­тістік.

Театр репертуарындағы қойы­лым­дарға келетін болсақ, Агата Крис­­тидің “Массетапы”, Александр Пушкиннің “Тас қонағы”, Родион Белецкийдің “Білмеген әңгі­ме”, Валентин Азерниковтың “Азғы­ру мектебі”, Николай Коляданың “Со­қырлар жері” сияқты спектакльдерін ерекше атап өтуге болады. Сәбит Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов”, Д.Липскеровтың “Асфальттағы өзен” қойылымдары да – әртүрлі жастағы көрермендердің көңілінен шыққан туындылар.

Театр ұжымы республика, облыс аумағында түрлі байқаулар болып жатса, одан тыс қалмауға тырысады. 2009 жылдың көктемінде “Театр және болмыс” бірінші қалалық театр топтарының фестиваліне қатысып, Л.Филатовтың “Федот мерген тура­лы” ертегісін сахналап, үшінші орын­ды жеңіп алған. Фестивальда бұл қойылым режиссерлік жұмыс және ең үздік ер адам рөлі үшін марапат­талды. Ал 2011 жылы өткен фести­вальда “Кощей Василисаға қалай үйленді?” ертегісін сахналаған, ар­найы аталым бойынша марапат­талды. 2017 жылы Астанада өткен XII Дельфий ойындарына қатысқа­нын да айта кеткен жөн.

Шығармашылық ұжым универ­ситет қабырғасынан тыс жерде де қойылымдарын көрсетеді. Мәселен, бірнеше рет Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино ауылындағы балалар үйіне барып, қызықты спек­такльдерімен балалардың көңілін көтерген. Жас актерлер жетім қалған жеткіншектерге қуаныш сыйлауды өздерінің азаматтық борышы са­найды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp