Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі, тарихшы Сәуле Мәлікованың айтуынша, өңірде қазіргі уақытта 661 елді мекен болса, соның тек 225-і ғана қазақша аталады. Өзгесін айтпағанда бір ғана Қызылжар ауданының құрамында 70 ауыл бар, соның небәрі төртеуі ғана қазақша атауға ие.
“Ел-жер атауларын қазақиландыру – үлкен мәселе. Қазақи атау беру жөнінде алдымызға жоспар қоя отыра, мұның біз деректік, архивтік, ғылыми негіздерін іздейміз. Архив құжаттарын қопара отыра көптеген елді мекендердің XIX ғасырда, XX ғасырдың басында атаулары қазақша болғанын білдік. Бұған Ресейдің Омбы, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург архивтеріндегі деректер негіз бола алады. Сонымен бірге Ресей мемлекеті 1887 жылдан бастап 1916 жылға дейін Ақмола облысы бойынша “Памятная книжка” деген кітап шығарып отырған. Ол кітаптар бізде бар. Сонда біздің өңірдегі елді мекендердің қазақи атаулары кездеседі”, – деді Сәуле Мәлікова.
Сәуле Зейноллақызы атауларды өзгертуге, тарихи әділеттікті орнатуға себепкер болған жерге орналастыру және егін шаруашылығының бас басқармасы шығарған 1901 жылғы басылым екенін айтады. Ол 1908 жылы Санкт-Петербургте қайта басылып шығарылған. Басылымда қазақи елді мекендердің атауларын көрсете отырып, кейін келімсектердің орналасуына байланысты ауылдардың атауын өзгерткендігі жөнінде жазылған. Бұл еңбектер – елді мекен атауларын қайтадан қалпына келтірудің негізі болып саналады.
Тәуелсіздік алғалы бірқатар елді мекеннің тарихи атауы қайтарылды. Солардың бірі – Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылы.
“Елді мекен атауының тарихына тоқталар болсақ, ол керемет табиғатына байланысты Саумалкөл атанған. Ресейдің құжаттарында ол туралы жазылады. 1861 жылы “крепостнойлық право” жойылғаннан кейін бұл жерге басқа ұлт өкілдері көшіп келген. Олар келе сала ауылды “Кривозерное” деп атайды. Кейін кеңес заманында бұл атау да өзгеріп, белгілі революционер, бірақ біздің өңірге еш қатысы жоқ Володаровтың есімін беріледі. Тәуелсіздік жылдары тарихи құжатарды негізге ала отырып, елді мекеннің әдемі Саумалкөл атауын қайтардық”, – дейді Сәуле Мәлікова.
Мұндай елді мекендер облысымызда аз емес. Соның бірі – Тайынша ауданындағы Чкалов елді мекені. XIX ғасырдың картасын қарасақ, бұл елді мекеннің Жанмырза, Алакөл деген атаулары болған екен.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары өңірге халықтар көптеп, күштеп, жер аударыла бастады. Алдымен кулактар, кейін поляктар келді. Сол кезде осы жердің атауы “Блюхерге” ауысқан екен.
“1934 жылы атақты ұшқыш Чкаловтың есімі беріледі. Бұл елді мекеннің де ертедегі атауы болғанын дәлелдедік. Жақында оның атауында да өзгерістер болады ғой деген ойдамын”, – дейді тарихшы.
Былтыр ономастикалық комиссияның мүшелері, қоғам өкілдері, тіл жанашырлары Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының облыстық филиалы мамандарының ұсынысымен бірқатар елді мекенді аралап, тұрғындармен кездесіп, оларға не себепті ескірген атауларды ауыстыру қажет екенін түсіндіріп қайтты.
Елді мекендердегі көше атауларын өзгертуге қатысты да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Петропавлда оған негіз болатын ресми құжаттар аз емес. Олардың барлығы ономастикалық комиссияның қарауына алынып, көптеген жұмыс атқарылды. Облыс бойынша соңғы үш жылға тоқталсақ, 2020 жылы – 129, 2021 жылы – 124, былтыр 121 көше атауы өзгертілді. Сонымен қатар мектептерге, мәдениет ордаларына ұлы тұлғаларымыздың есімдері берілді.
“Ең алдымен Қызылжар атауына тоқталсақ, бұл елді мекеннің тарихы тереңде жатқаны, оның қазақтың жері екені, бекіністің тек 1752 жылы ғана салына бастағаны ресми тарихи құжаттармен дәлелденді. Бұл фактіні өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары, кейін 50-ші жылдары жазушы Сәбит Мұқанов өз еңбектерінде жазған. Ресейдің Омбы архивінде Петропавлдың байырғы атауы Қызылжар екенін дәлелдейтін және де осы жерге қоныстануға әскери органдардан сұраным салған қоныстанушылардың өтініштерін алып отырмыз. Сол құжаттарда бұл жердің Қызылжар өңірі деп аталғаны тайға таңба басқандай жазылған. 19-25 жылы бұл қаланы Петропавлдан Қызылжарға өзгерту жөнінде шешім қабылданған, бір жылдай солай аталған”, – дейді тарихшы.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві 2020 жылы көшелердің ресми түрде бірінші аталуына 100 жыл толуына орай анықтамалық құрастырды. “Қала көшелері, тарихи, мәдени, ақпараттық код” деп аталған бұл еңбек аса құнды. Оған 300-ден астам көшенің атауы енген, әрқайсысына түсініктеме берілген.
Сәуле Зейноллақызының айтуынша, қазіргі уақытта Петропавлдың өзінде мән-мағынасы жоқ, Вагонная, Теплые кусты, Прохладная, Асфальтная сияқты немесе идеологиялық тұрғыда ескірген Красин, Дзержинский, Кармелюк сияқты атаулар жеткілікті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.