«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРЕГІ ЖОМАРТ ЖАН

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Бір көргеннен ежелгі танысын­дай жатсынбайтын, сөзімен де, ісі­мен де ұршықша үйіріп алатын кең­қолтық, мінезі ашық адамдар бо­лады. Осы санаттағылардың бірі – біздің Ілекең. Өзімсініп, жанымызға тартып отырған себебіміз, Ілияс То­қымбетов саналы ғұмырының біраз бөлігін облыстық “Soltüstık Qazaq­stan” газетінің Шал ақын және Ти­мирязев аудандары бойынша мен­шікті тілшілігіне арнады. Бұрын сырттай ғана білетін оны етене ара­ласқалы жақсы қырынан жыға тани түстік. Сол кездің өзінде өңір жұрт­шылығына танымал азаматты ерек­шелеп тұратын бірінші қасиеті – қа­ра сөзге қамшы салдырмайтыны, әзіл-қалжыңға жүйріктігі, кез келген жиын, тойды дөңгелетіп басқара алатын асабалығы. Бұған кең ты­ныс­ты дауыспен қазақша, орысша, украинша, татарша әндерді әуелете шырқайтын әншілігін қоссақ, құр­дастарының “Қызылжардың сал-се­рісі” деген теңеуінде шындық жат­қан сияқты.

Бір кіндіктен жалғыз туды деген аты болмаса, еңбекке ерте аралас­қандықтан, жора-жолдастары да, көз көрген таныстары да жетіп ар­тылады. 19 жасында Ленин атында­ғы ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бойынша біті­ріп, жолдаманы жұмысы қыж-қыж қайнаған өндіріс орнына алады. Ок­тябрь кеңшарына барып, аз уақыт­тың ішінде өзін сауатты маман ре­тінде көрсете біледі. Оның үлкенге де, кішіге де жұғымдылығын, тілал­ғыштығын аңғарған болу керек, бі­рінші хатшы Ніл Болатбаев басқар­ған аудандық партия комитетінің бюросы жас жігітті сынап көруді ойлап, жаңадан құрылған “Ступин­ский” кеңшарына жұмысшылар ко­митетінің төрағасы етіп жібереді. Бас­шылық таңдаудан қателеспеген екен. Жоспарды орындаудың ұтым­ды жолдары қарастырылып, үй­лерді асарлатып салу әдісі енгізілді.

Өндірістен қол үзбей жүріп, Це­линоград ауыл шаруашылығы инс­титутын тамамдаған соң, Сергеев аудандық арнайы мамандан­ды­рыл­ған шаруашылық бірлестігінің бас агрономдығына тағайындалды. Ара­да бір жыл өтпей жатып оған тағы үлкен сенім көрсетіліп, партия коми­тетінің хатшылығына сайлады. Пар­тиялық жұмыста тәжірибе жи­нақтап, әбден шыңдалғаннан кейін облыс­тың жеті ауданына қызмет көрсе­те­тін Сергеев электр жүйесі мекеме­сіне комитет төрағасы етіп ауысты­рылды. “Семиполка”, “Суат­көл” кең­шарларында партия ұйымы­ның же­текшісі болып жүргенде ел ағалары­мен көбірек араласты. Жақсы тәлім­дерін бойына сіңіріп, өзі де өзге­лерге үлгі-өнеге көрсететін ақылшы­ға айналды.

Аудандық әлеуметтік қамсыз­дан­дыру бөлімінің басшысы тізгінін ұстағанда өзінің даму жолына енді ғана түскен тәуелсіз Қазақстанның экономикасы әлі де шатқаяқтап тұрған болатын. Осындай аумалы-төкпелі тұста екі жылдай атқарған брокерлік-делдалдық қызметінің де зор пайдасы тиді. Бірінші кезекте зей­неткерлердің, тұрмысы төмен жан­дардың жағдайын жақсартуды ойластырып, ақшаның қат кезіне қа­рамастан азық-түлік өнімдерімен, та­уарлармен мүмкіндігінше қамта­ма­сыз етті. Қазіргі “Аmanat” пар­тиясы аудандық филиалы төраға­сының бірінші орынбасары ретінде жергі­лікті саяси ұйымның қалып­та­суына өзіндік үлесін қосты. Пар­тия мүше­лерінің саны 26-дан 2600-ге дейін жетіп, өңірдегі беделді ұйым­дардың бірі саналды. Зейнетке шы­ғар алдында аудандық “Парыз” га­зетінің редакторлығына тағайында­лып, бұл бағытта да өнімді еңбек етті.

Ілекең бір кіндіктен жалғыз бол­ғанымен, әкесі Әкбар оны он ұлға татитындай етіп өсірді. Әкбардың екі ағасы “халық жауы” ретінде тұтқын­далып, содан оралмаған екен. Кейін белгілі болғандай, оларға қажылық па­рызын өтеп келген атасы Қа­на­пияның “діндарлығының” зияны тиіп кеткенге ұқсайды.

– Атам Қанапия дәм-тұзы таусы­лар алдында үрім-бұтағын жинап, ба­құлдасады. “Бір Жаратқанға риза­мын, 4 ұл, 3 қыз берді. Ал әкем То­қымбеттің не алдында қарайласар ағасы, не соңына ерген інісі болма­ды. Есімі ұмытылып кете ме деп уайымдаймын, қарақтарым. Қай­сыларың оны жоқтатпайсыңдар?” – деп, соңғы аманатын айтып, бәріне сұраулы жүзбен қарағанда қағылез әкем орнынан ұшып тұрады. Менің Тоқымбетов тегін алуымның тарихы осындай. Тағдырдың жазуын қара­шы, Мен де, ұлым Серік те, немерем Ислам да – бір кіндіктен жалғыз тұяқ”, – дейді ағамыз өткеннен сыр шертіп.

Ілияс Әкбарұлы – бүгінде жас­тардың ақылшысы, тұрғындардың жанашыры. Аудандық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі, азық-түлік тағамдарының бағасына ба­қылау жасайтын мониторингтік топ­тың жетекшісі ретінде де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Жүйелі түрде сауда нүктелерін ара­лап, кәсіпкерлермен кездесіп, жағ­дайды біліп тұрады. Толғақты мә­селелерді атқарушы органдарға жет­кізіп, орындалуын бақылауда ұс­тайды. “Сегіз қырлы, бір сырлы” за­мандасы туралы аудандық арда­герлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалиннің айтары аз емес.

– Ілиястың ер жігітке тән жо­марттығына, ренжіскенді татулас­тырып, ауызбіршілікке үндеп жүре­тін бітімгершілігіне талай рет куә бол­дым. Ұмытпасам, ол 1968 жылы Алматыға ғалым-агрономдардың рес­публикалық бір жиынына қаты­сады. Әй-шайға қаратпастан өз қа­ража­тына сонда жүрген бір топ сту­дентті мейрамханаға, театрға апа­рып, та­мақтандырғаны, спек­такль тамаша­лат­қаны бар. Қарға сияқты басып емес, сұңқар сықылды ша­шып жей­тіннің нақ өзі, – дейді Тұрекең.

Баян жеңгей екеуі шаңырақ құрып, бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, 8 немере мен жиен қызықтап отыр. Ұлдары Серік – аудандық жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімінің басшысы. Ке­ліндері Анастасияның ұлты – неміс. Мешітте некелерін қиып, мұсылман дінін қабылдап, есімін Нұрия деп өзгертіпті. Дүниеге 1 ұл, 3 қыз әкелді. Қыздары Венера – мейрамхана әкімшісі, Альвинасы – заңгер.

Жетпіс бес жасқа талмай, шар­шамай жеткен Ілияс ағамыздың жо­марттығы мен жайсаңдығы тоғыс­қан өнегелі өмірі жан-жаққа нұрын шашып, әр жүрекке жылылық сый­лағандай сезіледі. “Жақсыда жаттық жоқ” деген осы!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp