Бір көргеннен ежелгі танысындай жатсынбайтын, сөзімен де, ісімен де ұршықша үйіріп алатын кеңқолтық, мінезі ашық адамдар болады. Осы санаттағылардың бірі – біздің Ілекең. Өзімсініп, жанымызға тартып отырған себебіміз, Ілияс Тоқымбетов саналы ғұмырының біраз бөлігін облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің Шал ақын және Тимирязев аудандары бойынша меншікті тілшілігіне арнады. Бұрын сырттай ғана білетін оны етене араласқалы жақсы қырынан жыға тани түстік. Сол кездің өзінде өңір жұртшылығына танымал азаматты ерекшелеп тұратын бірінші қасиеті – қара сөзге қамшы салдырмайтыны, әзіл-қалжыңға жүйріктігі, кез келген жиын, тойды дөңгелетіп басқара алатын асабалығы. Бұған кең тынысты дауыспен қазақша, орысша, украинша, татарша әндерді әуелете шырқайтын әншілігін қоссақ, құрдастарының “Қызылжардың сал-серісі” деген теңеуінде шындық жатқан сияқты.
Бір кіндіктен жалғыз туды деген аты болмаса, еңбекке ерте араласқандықтан, жора-жолдастары да, көз көрген таныстары да жетіп артылады. 19 жасында Ленин атындағы ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бойынша бітіріп, жолдаманы жұмысы қыж-қыж қайнаған өндіріс орнына алады. Октябрь кеңшарына барып, аз уақыттың ішінде өзін сауатты маман ретінде көрсете біледі. Оның үлкенге де, кішіге де жұғымдылығын, тілалғыштығын аңғарған болу керек, бірінші хатшы Ніл Болатбаев басқарған аудандық партия комитетінің бюросы жас жігітті сынап көруді ойлап, жаңадан құрылған “Ступинский” кеңшарына жұмысшылар комитетінің төрағасы етіп жібереді. Басшылық таңдаудан қателеспеген екен. Жоспарды орындаудың ұтымды жолдары қарастырылып, үйлерді асарлатып салу әдісі енгізілді.
Өндірістен қол үзбей жүріп, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тамамдаған соң, Сергеев аудандық арнайы мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің бас агрономдығына тағайындалды. Арада бір жыл өтпей жатып оған тағы үлкен сенім көрсетіліп, партия комитетінің хатшылығына сайлады. Партиялық жұмыста тәжірибе жинақтап, әбден шыңдалғаннан кейін облыстың жеті ауданына қызмет көрсететін Сергеев электр жүйесі мекемесіне комитет төрағасы етіп ауыстырылды. “Семиполка”, “Суаткөл” кеңшарларында партия ұйымының жетекшісі болып жүргенде ел ағаларымен көбірек араласты. Жақсы тәлімдерін бойына сіңіріп, өзі де өзгелерге үлгі-өнеге көрсететін ақылшыға айналды.
Аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы тізгінін ұстағанда өзінің даму жолына енді ғана түскен тәуелсіз Қазақстанның экономикасы әлі де шатқаяқтап тұрған болатын. Осындай аумалы-төкпелі тұста екі жылдай атқарған брокерлік-делдалдық қызметінің де зор пайдасы тиді. Бірінші кезекте зейнеткерлердің, тұрмысы төмен жандардың жағдайын жақсартуды ойластырып, ақшаның қат кезіне қарамастан азық-түлік өнімдерімен, тауарлармен мүмкіндігінше қамтамасыз етті. Қазіргі “Аmanat” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ретінде жергілікті саяси ұйымның қалыптасуына өзіндік үлесін қосты. Партия мүшелерінің саны 26-дан 2600-ге дейін жетіп, өңірдегі беделді ұйымдардың бірі саналды. Зейнетке шығар алдында аудандық “Парыз” газетінің редакторлығына тағайындалып, бұл бағытта да өнімді еңбек етті.
Ілекең бір кіндіктен жалғыз болғанымен, әкесі Әкбар оны он ұлға татитындай етіп өсірді. Әкбардың екі ағасы “халық жауы” ретінде тұтқындалып, содан оралмаған екен. Кейін белгілі болғандай, оларға қажылық парызын өтеп келген атасы Қанапияның “діндарлығының” зияны тиіп кеткенге ұқсайды.
– Атам Қанапия дәм-тұзы таусылар алдында үрім-бұтағын жинап, бақұлдасады. “Бір Жаратқанға ризамын, 4 ұл, 3 қыз берді. Ал әкем Тоқымбеттің не алдында қарайласар ағасы, не соңына ерген інісі болмады. Есімі ұмытылып кете ме деп уайымдаймын, қарақтарым. Қайсыларың оны жоқтатпайсыңдар?” – деп, соңғы аманатын айтып, бәріне сұраулы жүзбен қарағанда қағылез әкем орнынан ұшып тұрады. Менің Тоқымбетов тегін алуымның тарихы осындай. Тағдырдың жазуын қарашы, Мен де, ұлым Серік те, немерем Ислам да – бір кіндіктен жалғыз тұяқ”, – дейді ағамыз өткеннен сыр шертіп.
Ілияс Әкбарұлы – бүгінде жастардың ақылшысы, тұрғындардың жанашыры. Аудандық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі, азық-түлік тағамдарының бағасына бақылау жасайтын мониторингтік топтың жетекшісі ретінде де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Жүйелі түрде сауда нүктелерін аралап, кәсіпкерлермен кездесіп, жағдайды біліп тұрады. Толғақты мәселелерді атқарушы органдарға жеткізіп, орындалуын бақылауда ұстайды. “Сегіз қырлы, бір сырлы” замандасы туралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалиннің айтары аз емес.
– Ілиястың ер жігітке тән жомарттығына, ренжіскенді татуластырып, ауызбіршілікке үндеп жүретін бітімгершілігіне талай рет куә болдым. Ұмытпасам, ол 1968 жылы Алматыға ғалым-агрономдардың республикалық бір жиынына қатысады. Әй-шайға қаратпастан өз қаражатына сонда жүрген бір топ студентті мейрамханаға, театрға апарып, тамақтандырғаны, спектакль тамашалатқаны бар. Қарға сияқты басып емес, сұңқар сықылды шашып жейтіннің нақ өзі, – дейді Тұрекең.
Баян жеңгей екеуі шаңырақ құрып, бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, 8 немере мен жиен қызықтап отыр. Ұлдары Серік – аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы. Келіндері Анастасияның ұлты – неміс. Мешітте некелерін қиып, мұсылман дінін қабылдап, есімін Нұрия деп өзгертіпті. Дүниеге 1 ұл, 3 қыз әкелді. Қыздары Венера – мейрамхана әкімшісі, Альвинасы – заңгер.
Жетпіс бес жасқа талмай, шаршамай жеткен Ілияс ағамыздың жомарттығы мен жайсаңдығы тоғысқан өнегелі өмірі жан-жаққа нұрын шашып, әр жүрекке жылылық сыйлағандай сезіледі. “Жақсыда жаттық жоқ” деген осы!