Қазіргі қазақ поэзиясының дамуына лирикалық, отты өлеңдерімен үлес қосып жүрген ақындардың бірі, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері – Танакөз Толқынқызы. Оқырмандарға “Біз – таулықпыз”, “Айтқым келеді”, “Сағынып жүрмін” сынды бірнеше жыр жинақтарын ұсынған ақын редакциямызда қонақ болып, шығармашылығы, қазіргі қазақ поэзиясы туралы әңгіме өрбітті.
Астаналық мейманды ұжымға “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов таныстырды.
Танакөз Толқынқызы 1977 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Оңтүстік астанамыздағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 мектепті, 1999-жылы Әлем тілдері университетін үздік тамамдағаннан кейін “Болашақ” стипендиясын иеленіп, 1999-2000 жылдары Францияның Страсбург қаласындағы Роберт Шуман университетінде халықаралық құқық факультетінде дәріс алған.
Ақын өз сөзінде алаштың ардақты перзенттерін идеал тұтатынын, олардың есімдері, еңбектері сөз болған жиындарда бей-жай отыра алмайтынын жеткізді. “Қасиетті Қызылжар топырағында Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан мүшәйраға қатысу туралы ұсыныс түскенде бас тарта алмадым. Өйткені Мағжан – менің сүйікті ақындарымның ең ұлысы. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырын елінің азаттығы жолына арнаған аяулы тұлға артына мол мұра қалдырды. Қазақ халқы бүгінгідей бейбіт заманға қазақтың сол кездегі элиталарының жанкештілігінің, ұлтжандылығының, мемлекетсүйгіштігінің арқасында қол жеткізді. Сондықтан да болар ол кісілердің есімдері аталғанда көңілім толқиды, жанарыма жас аламын, жаным сыздайды”, – деді Танакөз Толқынқызы.
Кездесу барысында ақын тілшілер қойған сауалдарға жауап беріп, емен-жақын әңгіме өрбітті. Ақынмен болған сыр-сұқбаттың толық нұсқасын газетіміздің алдағы нөмірлерінің бірінен оқи аласыздар.