Біліктілікті арттыру курстарынан кейін педагогикалық қызметті жандандырумен қатар оған бақылау жасау кәсіби шыңдалуға жол ашатын бірден бір кепіл болып табылады. Шеберлік дағдыларын жетілдірудің мүмкіндіктері мол. Солардың бірі – жүйелі түрде әдістемелік көмек көрсету.
“Өрлеу” БАҰО” АҚ облыстық филиалы ұстаздар арасында күнделікті туындайтын кедергілерді жеңуге, игерілген теориялық және практикалық материалдарды нақты педагогикалық қызметте қолдануға көмектеседі. Бұл үдерістерді вебинар, семинар, тиімді тәжірибелерді таратуға арналған іс-шаралар негізінде дамытуға болады. Биыл Н. Крупская атындағы №10 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі А.Қадыралинаның әдістемелік құрал жазу бастамасына пайдалы кеңестер беріліп, бірлесе отырып, педагогтарға арналған әдістемелік құралды құрастыру технологиясы, оған қойылатын талаптар және баспадан шығару жайлы ой-пікірлер алмасылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “Білімді ұлт, сапалы білім беру” ұлттық жобасында қарастырылған ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою қағидаттарын жүзеге асыру мақсатында ауылдық жерлердегі білім ошақтарымен белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Осы ретте Қызылжар ауданы “Парасат” мектеп-лицейі педагогтарының оқыту үрдісін тиімді жүргізуге бағытталған ізденістерін атап өтуге болады. Әсіресе ағылшын тілі бірлестігінің халықаралық білім күніне орайластырып “International Day of Education” тақырыбы бойынша “Workshop” шеберлік сыныбын өткізуге бағытталған бағдарламасына, сценарийі мен спикерлердің жұмысына жоғары баға беруге болады.
Филиал оқытушылары мұғалімдер қауымына әдістемелік қолдау көрсетуге, кеңестер беруге әркез әзір. Мұның өзі күнделікті қызметте кәсіби құзыреттілікті арттыруға септігін тигізері даусыз.
Гүлзат ӘЛЖАНОВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ облыстық филиалының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі.