«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мектептегі қауіпсіздік мәселесі қашан шешіледі?

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау жайына ерекше назар аударып, нақты тапсырма берген болатын. Өте өзекті саналатын бұл мәселе бүгінде әлем жұртшылығын қатты алаңдатып отырғаны ешқандай талас тудырмайды. Мысал іздеп, алысқа бармайық, 2021 жылы Татарстанның астанасы Қазан қаласындағы гимназияда төбеден жай түсіргендей болған жантүршігерлік қанды қырғын әлі ұмытыла қойған жоқ. Сол жолы суық қару асынған жасөспірімнің қолынан 2 мұғалім мен 7 оқушы қаза тауып, 23 адам жарақат алған. Осы жаманат оқиғаның ізі суымай жатып, 2022 жылы күзде Ресейдің Ижевск қаласында орналасқан мектепке белгісіз ер адам шабуыл жасап, 17 адамды, оның ішінде 11 оқушыны жер жастандырған. Ана сүті аузынан кете қоймаған, қоғамдағы орны мен өмірдегі оң-солын әлі айырып үлгірмеген жасөспірімдердің осындай зұлым ниеттің құрбанына айналып, торына шырмауықша оратылып, адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін зұлымдыққа баруына қарағанда жауапты органдар жағдайдың бетін ғана қалқып, себеп-салдарына терең бойлай алмай жатқан сияқты.

Жаға ұстатқан жағдай

Осы жылдың 13 ақпанындағы оқыс оқиға қазақстандықтарды тегіс дүрліктіріп, аяғынан тік тұрғызды десе де болады. №4 мектептің 9-сынып оқушысы таңертеңгілік мезгілде асүйде қолданылатын балта мен пышақты сөмкесіне жасырып алып, сабаққа қаруланып келіп, ойран салған. Обалы не керек, мектеп әкімшілігі жедел әрекет етіп, дабыл түймесі арқылы белгі берген. Күзет агенттігінің кезекші тобы алдымен №23 мектепке барып, азырақ қателескені болмаса, тез жеткен.

Зардап шегушілердің бірі басынан өткен жайтты былай еске алады: “Екінші қабаттағы дәретханаға кіруім сол екен, бетіне бетперде киген біреу қолындағы балтамен басымнан және мойнымнан ұрды. Қимылдың жылдам болғаны соншалық, не болғанын түсінбей қалдым. Басым айналып, қан қысымым көтеріле берген соң ауруханаға апарып, медициналық жәрдем көрсетті. Кейін тағы екі баланың ауыр жарақаттан жансақтау бөлімшесіне түскенін естідім”, – дейді.

15 жастағы қаскөйдің бетпердені қолдан жасап, көздеген мақсатына жету үшін алдын ала дайындалуы, дәретханада бетпердені киіп алып, жайбарақат тұрған топқа балта сілтеп, үш сыныптасын жаралауы нені аңғартады? Кейбіреулердің оның мұндай қатыгездікке баруына интернеттегі ойын себеп емес пе деген пікірі жан-жаққа тарыдай шашылған нұсқалардың бірі сияқты. Ондай ойын психикалық ауытқушылығы бар баланың ауруын қоздырып жіберуі әбден мүмкін деген болжамдар да негізсіз емес. Балаға “күйзеліске түскен” деген диагноз қойылғанын құқық қорғау органдары да растады. Кәмелетке толмаған жасөспірім Алматы қаласындағы психоневрологиялық диспансерде 2022 жылдың 22 қазанынан 23 қарашасына дейін ем-дом қабылдап, мектептегі оқуын одан әрі жалғастырған.

Оқушының денсаулығында кінәрат болғанын, емделгенін мектеп басшылығы да, психолог та біле тұра, бақылауды босаңсытып жібергені байқалады. Мектепке қару әкелген жеткіншектің бойында психикалық ауытқу болса, кеселінен құлан-таза жазылмаса, республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы оқуына неге рұқсат берген деген жұмбақ түйін тергеуден кейін белгілі болады. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-тармағы, 99-бабы 2-тармағы (адам өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына екі айға қамалды.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров көпбейінді ауруханаға барып, балалардың халін білгенін, қажетті көмек берілгенін, арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жүргізілетінін, оның қорытындысы негізінде тиісті шаралар қабылданатынын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Облыстық әкімдіктің жедел кеңесінде бақылауды күшейтуді, жауапкершілікті арттыруды, мектептерді арнайы күзетпен қамтамасыз етуді міндеттеді.

Тым еркінсітіп жібердік

“Мектепке балта мен пышақ салып келген күдіктінің сөмкесі неге тексерілмейді?” деушілерге бала құқықтары туралы халықаралық конвенция рұқсат бермейтіні жөнінде жауап алдық. Бұл құжатта баланың міндеттерінен гөрі құқықтарына көбірек көңіл бөлінгенін аңғару қиын емес. Кейбір баптары қазақы, ұлттық қалпымызбен қабыса бермейді. Мәселен, “Бала мектепте кінәлі болғанда да оны ешкімнің ұрып-жазалауға, кемсітіп қорлауға құқығы жоқ”, – делінген. Оның арғы жағында тіпті “ұрыспа”, “жіберген кемшілігін бетін айтпа” деген жалпақшешейлік жатқан сықылды. Бұдан кейін мұғалімде қандай қадір-қасиет қалады, оқушы еркінсімегенде, басынбағанда қайтеді? Конвенцияда “Бала өз ойын еркін айтуға құқылы” деген де бап бар. Былай қарасаңыз өте дұрыс, бірақ қаншалықты дәрежеде еркіндік беріледі? Ауыз өзімдікі деп ие бола алмаса ше? Осындай түсініксіз, дүдәмал тудыратын тұстары аз емес.

Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің: “Мектептерде оқушылардың сөмкесін ешкім тексермейді, оған құқымыз жоқ”, – деуі – қолдың жіпсіз байланғанының белгісі. Ал құқық қорғау органдары заң бұзды деп күдіктенгенде ғана тексере алады. Бала үй тапсырмасын орындамаса, мұғалімнің сабақтан кейін алып қалуы да заңсыз екен. Себебі адамның жүріп-тұруын сот қана шектей алады. Мұғалімнің бұған бірдеңе деуге қақысы жоқ. Ал керек болса? Сабаққа кіргізбей қойса, баланың білім алу құқығын шектегені. Телефон, не басқа гаджеттерді тапсыруға міндетті емес. Өйткені, олар – оқушының мүлкі. Еркінен тыс уақытша да ала алмайды. Осылайша ұстазды оқушыға жығып беретін тұстар жетіп артылады.

Министрлік мектептерге кіргізуге тыйым салған заттардың ішінде оқ-дәрі, шаншитын, кесетін және өткір, жарылғыш, улы, психоактивті заттар бар. “Оқушы осылардың бірін алып өтсе қайтеді?” – деген сұрағымызға мектеп басшылығы да, күзетшілері де екі алақанын жайып, ештеңе істей алмайтындарын айтты. Тығырықтан шығар жалғыз жол бар сияқты, ол біз тілдескен мұғалімдер бәрі айтқандай, мектепке кіреберісте міндетті түрде металл іздейтін құрылғылар қою.

Сыннан сабақ алмау

Облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің 2021 жылғы 27 мамыр күнгі санында “Tolğandyrar taqyryp” айдарымен жарық көрген “Мектепке қарулы күзет қажет пе?” атты мақала түрлі саяси-әлеуметтік себептерге байланысты қысым жасау, үрей туғызу үшін әдейі, қауға тиген өрт құсап тұтанып сала беретін қасақана жасалатын қылмыстық әрекеттерді болдырмау, алдын алу, сақтық шараларын кешенді түрде жүргізу мәселеріне арналып, оның ішінде білім мекемелері дайындығының қаншалықты деңгейде екені нақты мысалдармен дәйектелген болатын. Бірқатар оқу ошақтарын аралап, ата-аналармен, мұғалімдермен, оқушылармен, жауапты орган өкілдерімен сөйлесу барысында “бес қаруын асынған” арам ниеттілерден қорғану жұмыстарының сын көтермейтініне көз жеткізгенбіз.

92 мыңнан астам оқушы мен тәрбиеленуші бар 675 мектеп пен балабақшада орнатылған бейнебақылаудың жалпы саны 9107 болса, оның 4620-ы мектепке дейінгі ұйымдарға орнатылған. Дабыл түймелері бар-жоғы 50 нысанға қойылған. 33 мектеп пен 11 балабақшаның күзет агенттігі арқылы қорғалуы төмен дәрежеде екені анықталған. Кіруді бақылау мен басқару жүйесі тек 22 мектеп пен 1 балабақшада бар болып шыққан. Терроризмге қарсы іс-шаралар сыныптарда оқу жоспарына сәйкес өткізіледі делінгенімен, нұсқаулық міндеттемелер көбіне қағаз жүзінде қалып қойған. Білім басқармасының басшылығы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша дабыл түймелерін, “дауысты” күзет хабарламаларын орнатуға 65 млн. теңге бөлінетініне, бейнебақылау камералары орталықтандырылған полиция пунктіне қосылатынына сендірген. Мақала “білім ордаларына қарулы күзет қойылса да артықтық етпейді. Мектеп психологтары мен учаскелік инспекторлардың жұмысын күшейтуге көңіл аударылса, құба-құп болар еді”, – деген тілекпен аяқталған.

Өкінішке қарай, екі жылға жуық уақыт өтсе де, мектептердегі қауіпсіздік пен қорғанысты жедел түрде үйлестірудің қарапайым талаптарын орындауда әлі де олқылықтарға жол беріліп отыр. Оқу орындарын бейнебақылау камераларымен, дабыл түймелерімен жабдықтау жеткіліксіз. Мұның өзі жүйелі жұмыстың аздығын аңғартады.

Бейнекамераларды көбейтуді тапсырды

Үкімет отырысында Петропавл қаласындағы мектепте болған оқыс оқиға арнайы қаралып, Премьер-министр Әлихан Смайылов орын алған жайттың келешекте қайталанбауы үшін бірнеше нақты тапсырма берді.

“Бұл өте қауіпті жағдай. Халықтың арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіп барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет”, – деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту керектігін, балалар әртүрлі жағдайда өздерін қалай ұстауды нақты білуі тиістігін айтты.

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов оқыс оқиға тіркелген №4 мектепте бейнекамера болғанымен, лицензиясы бар күзет қызметінің жоқтығын жеткізді. Біз бұған бір мыңға жуық оқушысы, 70-тей мұғалімі бар білім ошағында мамандандырылған күзет қызметі болмағанын, турникеттердің өзі орнатылмағанын, вахтер ғана отырғанын қосар едік. Оған соңғы барғанымызда тағы бір мәрте көз жеткіздік. Сондай-ақ осынша балаға бір ғана психолог штатының қарастырылуы тіпті орынсыз. Өйткені әр баланың неге бейімділігін, мінезіндегі ерекшелігін болмаса теріс қылығын анықтауда психологтардың, әлеуметтік педагогтардың көмегі аса маңызды. Осы жағы да ақсап тұр. Арнайы есепке алынған балалар үшін тьютор (оқушының қызығушылығын зерттейтін, дамуына жағдай жасайтын маман, кеңесші, тәлімгер) бекітіліп берілмеген. Білім ошағы басшылығының сөзіне қарағанда, қаражат бөлінсе, қауіпсіздік қондырғысын, арнайы күзет қою жоспарланған.

“Қазір әкімдіктердің алдына бүкіл мектептерді бейнебақылаумен жабдықтау туралы міндет қойып отырмыз. Әсіресе қалаларда, аудан орталықтарында интернет бар жерлерде мектеп камералары полиция басқармасының жедел орталығына жалғануы керек. Сондай-ақ турникет бойынша да талаптар бар. Бірақ ол талапты өңірлердің бәрі орындай қойған жоқ”, – деді вице-премьер.

Соған орай мектептерге, білім басқармаларына түгендеу жүргізіп, бірінші кезекте қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін тексеру тапсырылды. Комиссия құрамында балалардың құқығын қорғау комитеті, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, білім басқармасының, ювеналды полицияның өкілдері бар. Осыдан-ақ, 2022 жылдың 30 наурызында Білім және ғылым министрілігінің білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін террористік тұрғыдан осал объектілерді тексеру жөніндегі нұсқаулығының орындалмай, қағаз бетінде қалғанын аңғаруға болады.

Қарулы күзет қажет

Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, бұдан былай бейнебақылау камералары және құрылғылардың жедел басқару жүйесімен байланысына баса мән беріледі. Мектептердің кіреберісіне турникеттер қойылады. Бүгінде өңір бойынша 400-ден астам мектеп бейнекамерамен жабдықталған, 12 мыңға жуық құрылғы орнатылған.

Оқу-ағарту министрлігінің шұғыл жиынында балабақшалар мен мектептердегі қауіпсіздігі осал өңірлер аталып, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жағдайы арнайы сөз болды. Алматы, Жетісу, Түркістан облыстарының балабақшаларға дабыл түймесін орнату қажеттігіне, Алматы, Атырау, Жетісу облыстарындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен, Астана қаласы, Ақмола, Абай облыстарындағы балабақшаларды турникеттермен қамтамасыз етуге баса назар аударылды. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарындағы білім ордаларына қажетті деңгейде лицензияланған күзет керектігі айтылды.

Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова жариялаған деректерге қарағанда нұсқаулықтардың мектеп ішіне кіру режімі талаптарының толық сақталмауы, лицензиясы бар күзеттің және турникеттердің болмауы осындай оқыс жайтқа ұрындырған. Өткізу режіміне жауапты қызметкерлер білім беру ұйымдарына әкелуге тыйым салынған заттарды анықтауда жеткілікті құзыретке ие емес. Оның бір ұшы білім беру және денсаулық сақтау мекемелері арасындағы өзара іс-қимылдың баяулығына, әдістемелік және психологиялық көмек көрсетудің төмендігіне келіп тіреледі.

“Балаларыңыздың білім алып жатқан мектебі қаншалықты қауіпсіз?” деген сауалды қала тұрғындарына қойғанымызбен, қанағаттанарлық жауап ала алмадық. Сындардың бір шоғыры күзеттегі адамдардың дені егде жастағылар, әйелдер екендігіне, арнайы дайындықтарының жоқтығына, жалақының төмендігінен қарулы азаматтардың, жастардың келе бермейтініне, тәулік бойы қадағалайтын арнайы күзет қызметімен қамтылмағанына бағытталды. Демек, мектептерге қарулы күзет орнату мәселесі Үкімет деңгейінде шешілуі тиіс. Оқушылардың алаңсыз оқуына барлық жағдай жасалуы, мектептер ішіндегі бұрынғы ювеналды полицияның қайта қайтарылуы тиіс деген ой-пікірлер де бір арнада тоғысып жатты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp