Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Сенатта өткен парламенттік тыңдауға онлайн қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2023 жылға арналған жоспары туралы баяндады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының даму қарқынына тоқталып, солтүстік өңірдің республиканы азық-түлікпен қамтамасыз етудегі жоғары әлеуеті мен ауыл шаруашылығы өндірісінде жетекші орын алатынын атап өтті.
Өңірлік саясат елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының аумақтық факторларын тиімді пайдалануға бағытталған жалпы мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі болып табылады. Мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында өңір экономикасы тұрақты дамып келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қысқамерзімді экономикалық индикатор 107,7 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығында – 12,2, өнеркәсіпте – 4, инвестициялар құюда – 3,6, құрылыс жұмыстарында 10,8 пайыз өсім қамтамасыз етілді.
Парламенттік тыңдау барысында Айдарбек Сейпілұлы өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерді де көтерді. Олардың бірі – жол. Облыстағы жол желісі ұзындығы бойынша республикада екінші орынды иеленеді. Биыл жөндеу жұмыстарымен облыстық маңызы бар 480 шақырым және елді мекендер ішіндегі 60 шақырым жол қамтылмақ.
– Экономикалық дамудың оң үрдісіне қарамастан, инфрақұрылымды жетілдіруде орталық мемлекеттік органдардың қолдауымен шешілуі қажет мәселелер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайын 2026 жылға қарай 95 пайызға дейін жақсарту үшін республикалық бюджеттен жыл сайын шамамен 40 млрд. теңге бөлуді сұраймыз. Өңір экономикасының дамуын тежейтін факторлардың енді бірі – газдың жоқтығы. Әлеуетті инвесторлар өз жобаларын жүзеге асыруға дайын емес. Ең қолайлысы – аймақты “Сарыарқа” газ құбырына қосу. Мәселені шешу халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік бередi, – деген өңір басшысы топтық су құбырларын жеделдетіп іске қосу мәселесіне де тоқталды.
Тарату желілерінің жобаларына орталық деңгейде қолдау көрсетілмек. Алда жұмысты жеделдетіп, Преснов және Соколов топтық су құбырларын қайта құру жұмыстарын аяқтау, Булаев және Есіл топтық су құбырларын қайта жаңарту жобаларын түзету, сондай-ақ Көкшетау топтық су құбырын іске асырудың басталуын тездету керек. Нәтижесінде 50 мыңнан астам адам тұратын 89 ауылға су тартылатын болады.
Өңір басшысы медициналық қызмет көрсету деңгейін арттыру мәселесін де көтерді. Ол үшін Петропавл қаласында көпсалалы облыстық аурухана құрылысын жалғастыру қажет. “Құрылыс 2022 жылдан бері тоқтап тұр. Жеке серіктестік 10 млрд. теңгеге құрылыс-монтаж-дау жұмыстарын жүргізіп, ғимараттың 54 пайыз жұмысын бітірді. Денсаулық сақтау министрлігі жеке серіктестікпен бірлесіп, жобалық құжаттаманы рәсімдеуді жеделдетіп, құрылыс жұмыстарын бастаса, жөн болар еді”, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.