Қызылжар ауданының Петерфельд ауылында орналасқан орта мектепке 2020 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мектепті жөнге келтіруге 300 млн. теңге жұмсалыпты. Бүгінгі таңда оқу ошағы жаңа, яғни “Назарбаев зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымы тәжірибесі бойынша балаларға дәріс беруде.
Заман талабына сай жабдықталған Қызылжар Абай орта мектебі – өңіріміздегі сенімгерлік басқаруға берілген білім ордаларының алғашқысы. Оқу ордасы облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесе жұмыс істеу арқылы ұстаздардың кәсіби шеберлігін, оқушылардың білім сапасын арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы мектеп қабырғасында ұйымдастырылған ашық есік күнінде айтылды. Шараға барлық ауданның білім бөлімдерінің басшылары жиналды.
– Біз Қызылжар Абай орта мектебінің сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейінгі жағдайын, өзгерістері мен даму қарқынын, артықшылықтары мен жетістіктерін облысымыздағы барлық әріптестерімізге көрсеткіміз келді. Мектептің материалдық-техникалық базасы, оқу-әдістемелік жұмысы өзге аудандардан келген ұстаздардың көңілінен шықты деп ойлаймын. Қазіргі уақытта білім ордасында 277 оқушы білім алуда. Олардың 43-і жақын маңдағы елді мекендерден тасымалданады. Балалар Кондратовка, Якорь, Кривозерка, Затон ауылдарынан келіп оқиды. Құрылтайшының қоғамдық қоры есебінен балалар білім ордасына тегін жеткізіледі. Олардың барлығы дарынды, білімді, өнерге жақын, спортқа да бейім. Білім ордасының жанында 7 үйірме жұмыс істеуде. Олардың жетекшілерін таңдар сәтте мамандардың білім-білігіне, тәжірибесіне баса мән береміз. Мәселен, вокал үйірмесін есімі өңірімізге белгілі әнші Дәмеш Құрманкина жүргізеді. Одан бөлек, күрес, футбол, керлинг, театр үйірмелері бар, – дейді “Қызылжар Абай орта мектебі” қоғамдық қоры директорының міндетін атқарушы Гүлдарай Қайнетова.
Білім ордасының негізгі мақсаты – оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету. Ол үшін бағдарлама әзірленіп, оқу әдістемесі қайта құрылған. Мектеп заманға сай жабдықталған. Мамандар 10-20 жылдан кейін көптеген мамандықтардың жойылатынын, олардың орнын жаңа дүниелер басатынын айтуда. Бұған қазіргі жастар да дайын болуы керек. Яғни, ұстаздар оқушының бойына өмірлік дағдыларды дарытуды бірінші кезекке қоюда.
Қызылжар Абай орта мектебі елді мекеннің мәдени, спорттық, ақпараттық орталығына айналған. Мұнда отбасы психологы, құқықтық сұрақтар бойынша кеңес беретін заңгер жұмыс істейді. Олар оқушыларды ғана емес, тұрғындарды да мазалаған сауалдардың жауабын іздеуге тырысады.
– Қазіргі таңда Қызылжар ауданы бойынша екі мектеп мемлекеттік жекешелік серіктестікке берілген. Біріншісі Петерфельд орта мектебі болса, екіншісі – Бескөл мектеп-гимназиясы. Қызылжар Абай орта мектебін “Bilim Faundation” серіктестігі 10 жыл басқаруы тиіс. Осы уақыт аралығында кәсіпкер білім ордасының толықтай материалдық-техникалық базасы мен жөндеу жұмысына жауапты. Мұнда жаңа спортзал, акт залы салынып, химия, физика, робототехника кабинеттері заман талабына сай жабдықталды. Барлық парта, орындық, жиһаздар жаңартылған. 200-ден астам бала серіктестіктің есебінен тегін тамақтандырылады, – дейді Қызылжар аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Абдрахманов.
Ашық есік күні аясында алдымен мектеп ішіне экскурсия жүргізілді. Келушілер физика, химия, биология, информатика кабинеттерін аралап, лаборотория, тынығу алаңын барып көрді. Кабинеттердегі әр техникалық жабдықтың мүмкіндіктері мен пайдасы туралы жан-жақты сөз етілді. Оқушылар робототехника бағдарламасы бойынша құрастырған роботтарын көрсетіп, өз жұмыстарын таныстырды. Сондай-ақ ашық кітапханаға шолу жасалды. Сабақтан тыс уақытта бұл жерде оқушылар қалаған кітаптарын алып оқи алады. Одан бөлек, қабырғаларда аудиокітаптарды тыңдауға мүмкіндік беретін QR-кодтар орналасқан.
Кейін зертханалық жабдықтар көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда әр сынып оқушылары дайындап әкелген заттарын көрсетті. Пайдалы қазбаларға жататын тастар, магниттер, олардың қасиеттері мен ерекшеліктері жайлы айтылған мағлұматтар жиналғандарды қызықтырды. Мұның барлығын оқушылар сабақ барысында үйренген.
Шара соңында пленарлық отырыс өтті. Онда Кайдзен технологиясы принциптері негізінде Қызылжар Абай орта мектебінде оқу-тәрбие үдерісін тиімді басқарудың негізгі қағидалары, бағалау жүйесін үздіксіз жетілдіріп отыру, сапалы жоспарлау, мұғалімдердің өзара ынтымақтастық жұмысы, құндылықтарды дамыту мәселелері талқыланды.