«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Заңсыз акт, орашолақ шешім

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге медициналық жабдықтар жеткізумен айналысатын кәсіпорынға өзінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін сотқа арыздануға тура келді. 2020 жылы коронавирустық инфекциядан туындаған пандемияға байланысты Қазақстанда төтенше жағдай режімі енгізіліп, Үкімет “Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін белгілеу туралы” қаулы шығарған болатын. Тамыз айында төрт медициналық мекеме бір көзден, яғни конкурс өткізбей-ақ, тауар жеткізушіні өз қалауымен таңдау арқылы “Atlas Medical TRADE” ЖШС-дан оттегі генераторларын сатып алуға келісімшарт жасайды. Бұл ретте “Мемлекеттік сатып алу туралы” заңның 13-бабы, 1-1-тармағына сүйенеді (бір көзден сатып алу тәсілі бәсекеге қабілетті деп танылмайды.) Ал конкурс негізінде өткізілетін сатып алулар бәсекелестік болып табылады.

Алайда конкурстың және бәсекелестіктің жоқтығына қарамастан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттері “Atlas Medical Trade” ЖШС “конкурсқа” қатысу кезінде тағы екі фирмамен сөз байласты, ымыраласты деген қорытынды шығарады. Үкімет қаулысында елдегі дағдарысты жағдайға орай медициналық жабдықтарды сатып алуға байланысты конкурс өткізілмейтіні арнайы атап көрсетілгені ескерілмейді.

Алайда департаменттің өкілі өз тұжырымын заң нормалары арқылы негіздей алмады. Кәсіпкерлердің әлеуетті серіктестерге немесе тапсырыс берушілерге коммерциялық ұсыныстарды жіберуі іскерлік қарым-қатынастың бір өлшемі болып табылатынын назарға алмауы өкінішті. Ымыраға келді деп айыпталған кәсіпкер департамент шешімімен келіспей, облыстық кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінен көмек сұрап, кейін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа шағым түсірді. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты “Atlas Medical Trade” ЖШС-ға қатысты департаменттің актісін заңсыз деп таныды. Сот шешімі күшіне енді.

Жуырда кәсіпкерлер палатасына серіктестік директоры Юлия Ионованың атынан алғыс хат келді. Онда қолдау көрсетіп, сотта серіктестіктің мүддесін қорғай білген кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлімінің жетекшісі Айдос Кеңбейіловке рақмет айтылған.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp