ХХІ ғасыр – ғылыми-техникалық прогрестің қарыштайтын дәуірі болмақ. Ақпараттық технологиялар адамға жаңа мүмкіндіктер сыйлап, өмір салтымызды өзгертуде. Заманауи құрал-жабдықтар көптеген салада жаңа бетбұрыс жасады. Бұрын дәстүрлі жолмен табыс тауып келгендер енді өз жұмыстарын қайта қарай бастады. Осынау жаһандық үдерістен бизнес те шет қалған жоқ. Сондықтан да мен ойланбастан өз бизнесімді жаңа технологиялармен байланыстыруды жөн көрдім. Бүгінде менің облыс орталығында тұрақты табыс әкеліп тұрған виртуалды шындық клубым бар.
Ең алдымен, виртуалды шындық дегеннің не екеніне тоқтала кетейін. Виртуалды шындық – техниканың көмегімен жасалған әлем. Адам арнайы көзілдірік пен қолғапты тағып, сол әлемге сапар шегіп, ерекше әсерге бөлене алады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын мен қаламызда достарыммен, отбасыммен демалып, көңіл көтеретін орындардың аз екенін байқадым. Осылайша сауда үйлерінің бірінде виртуалды шындық клубын ашу туралы идея пайда болды. Ол ойымды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдауға жүгіндім. Алдымен кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, өткен жылы “Бизнес бастау” байқауының нәтижесінде жас кәсіпкер ретінде 1,3 млн. теңге қайтарымсыз грант иегері атандым. Қаржыға ие болғаннан кейін алдағы мақсат адам көп жүретін жерден кәсібімді ашуға қолайлы орын іздедім. Тұтынушылардың қолайлылығы үшін соңғы үлгідегі көзілдіріктерді арнайы тапсырыспен алдырдым. Бұған дейін мен жергілікті серіктестіктердің бірінде бас директор болып еңбек еткендіктен, өз кәсібімді өрге домалату да қиын болған жоқ. “Рахмет” сауда үйіндегі шағын клубымыз аз уақыттың ішінде қала тұрғындарының сүйікті орнына айнала бастады. Күн сайын мұнда орта есеппен 20 адам келеді. Олар жаңа әсерге бөленіп, көңіл-күйлері көтеріліп, виртуалды әлемнің бар ғажайыбын сезініп қайтады.
Заман ағымының алға жылжуына қарамастан, виртуалды әлемді мойындамайтындар да бар. Тіпті демалыстың бұл түрін зиянды деп айыптайтындар да кездесіп жатады. Мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Виртуалды көзілдіріктер адам денсаулығына ешқандай кер әсер етпейді. Керісінше, көңілін көтеріп, позитивті эмоциялар сыйлайды. Біз бала кезімізде мұндайды армандаған да жоқпыз. Ал бүгінгі жастарға осының бәрі қолжетімді. Қабылдамасақ та, құп алсақ та жаңа технологиялар – біздің болашағымыз. Онсыз алдағы өмірімізді елестету мүмкін емес. Ғылым дамыған сайын демалыстың осындай түрлері кең етек ала бермек.
Виртуалды шындықтың тағы бір пайдасы – балалардың моторикасын дамытады. Бұл әсіресе церебралды сал ауруына шалдыққан мүгедек балалар үшін аса маңызды. Сондықтан да біз виртуалды шындық клубында ерекше қажеттіліктері бар балаларға тегін қызмет көрсетеміз. Ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіндер виртуалды әлемде қызықты ойындар ойнап, моторикасын дамытса, өзге кеңістіктің ғажайыптарын сезініп, көңіл күйі жақсарады. Өкінішке қарай, жарымжан жандар өздері қалаған көп жерлерге бара алмайды. Біз олар үшін бұл кедергіні жойып, армандарының орындалуына себепші боламыз.
Бүгінде мен өз кәсібімнің 1 жылдағы жетістіктерімен қуана бөлісіп отырмын. Өзімнен бөлек, тағы бір адамды тұрақты жұмыспен қамтыдым. Жалақы, әлеуметтік, салықтық төлемдер уақтылы аударылады.
Бизнесімді кеңейтуге мүмкіндіктер де жоқ емес. Жақында осындай орындарды қаланың бірнеше жері мен облыс аудандарында ашуды жоспарлап отырмын. Осы уақыт ішінде ешқандай мәселе де туындаған емес. Кәсіпкер ретінде өзім де кедергілерді алдын ала болжап, айналып өтуге тырысамын. Бүгінгі жас кәсіпкерлерге де осындай кеңес берер едім. Бизнес бастаған адам ешқандай қиындыққа қарамастан еңбек етіп, алға қойған мақсатынан адаспауы керек. Қиындықтардан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, ол бізді шыңдап, тұлға ретінде жетілдіреді. Осының бәрін орындаған жанның табысқа жетпеуі мүмкін емес.
Мұрат МАРАТҰЛЫ,
кәсіпкер.