«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Конституциялық соттың мәртебесі айрықша

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде Конституциялық сот институты біршама уақыт жұмыс істеген. 1991 жылы 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Заң Конституциялық сотты Ата Заңымызды сот арқылы қорғаудың жоғары органы ретінде бекітіп, 1992 жылы 6 маусымда қабылданған “Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы” және “Конституциялық сот ісін жүргізу туралы” Заңдардан кейін өз жұмысын бастаған болатын. 1995 жылы 30 тамызда еліміздің жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты конституциялық қадағалау органы ретінде Конституциялық кеңес құрылып, Конституциялық сот өз қызметін тоқтатты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауында: “Көптеген елдерде Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды”, – дей келіп, елімізде қайтадан Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұл бастама әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болды. 2022 жылғы 5 қарашада Президент қол қойған “Конституциялық сот туралы” Конституциялық заң қабылданып, жаңа институттың мәртебесі мен құзыретін толық айқындап берді.

Заң нормалары бойынша Қазақстан Республикасының Конституциялық соты еліміздің бүкіл аумағында Ата Заңымыздың үстемдігін қамтамасыз етеді. Өкілеттіктерін дербес және азаматтардан, ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз атқарады. Өз құзыреті шегінде Конституцияның 72-бабы, 1-тармағы, 1 тармақшасына орай дау туған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын, Парламент депутаттарының сайлауын, республикалық референдумды өткізудің дұрыстығы туралы мәселені шешеді. 72-баптың 1-тармағы 2, 2-1 және 3 тармақшаларына сәйкес Президент қол қойғанға дейін Парламент қабылдаған заңдардың, Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың, ратификацияланғанға дейін Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының Конституцияға сәйкестігін қарайды. Парламент Президентті лауазымынан мерзімінен бұрын босату туралы шешім, Президентті лауазымынан кетіру туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталуы туралы қорытынды береді.

Конституциялық сот судьяларының қызметтік кепілдіктері мынандай: олар өз міндеттерін орындау кезінде тәуелсіз болады және Ата Заңымыз бен Конституциялық заңға ғана бағынады. Олардың қызметіне араласуға, сондай-ақ оларға қысым жасауға немесе өзге де ықпал етуге жол берілмейді және бұл заң бойынша жауаптылыққа алып келеді. Конституциялық іс жүргізу мәселелерінде есеп бермейді, өз өкілеттіктерін жүзеге асыруда олардан есеп талап етуге ешкім құқылы емес. Конституциялық соттың отырысынан басқа кезде, Конституциялық соттың қарауының нысанасы болып табылатын мәселелер бойынша пікір білдіруге болмаса материалдар мазмұнын жария етуге тыйым салынады.

Конституциялық соттар шетел тәжірибесінде бұрыннан қалыптасқан. Алғаш рет 1920 жылы Аустрияда, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Германияда пайда болды. 1963 жылы Югославияда, 1986 жылы Польшада ал 90-шы жылдардың басында Шығыс Еуропа мемлекеттері мен Ресейде құрылды. Қай-қайсысында болсын кең құзыретке, айрықша мәртебеге ие. Конституциямыздың 1-бабында “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”, – деп жазылған. Осы конституциялық қағидаттар бұзылған жағдайда Қазақстанның әр азаматы Конституциялық сотқа жүгіну арқылы өз мүддесін қорғай алады. Бұрынғы Конституциялық кеңестен басты өзгешелігі де осында.

Конституциялық сот дербес құрылым ретінде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Бүгінде барлық заңдар мен кез келген басқа да нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға қайшы келмеуін қамтамасыз ететін құқықтық институт болып қалыптасты. Конституциялық сот төрағаны және оның орынбасарын қоса алғанда 11 судьядан тұрады. Конституциялық соттың төрағасын лауазымға Президент Парламент Сенатының келісімімен тағайындайды. Президент төрағаның орынбасарын Конституциялық сот төрағасының ұсынуымен Конституциялық сот судьяларының арасынан тағайындайды. Конституциялық соттың төрт судьясын Президент, алты судьясын үш-үштен Парламент Палаталары төрағаларының ұсынуымен Сенат пен Мәжіліс бекітеді. Олар жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар болып табылады, мәртебесі заңдарда айқындалған. Конституциялық соттың құрамына 40 жасқа толған, жоғары заң білімі, құқық саласында біліктілік тәжірибесі, мінсіз беделі және заң кәсібі бойынша кемінде 15 жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады. Конституциялық соттың төрағасы мен судьяларының өкілеттігі сегіз жылға созылады. Бір адам судья болып бір реттен артық тағайындала алмайды.

Рита ОРАЗЫМБЕТОВА,

мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp