Диас Аяған
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында “Жемқорлықтың алдын алудың тиімділігі” тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Сергей Перов қатысып, атқарылған жұмыстар жайлы баяндама жасады.
Бұған дейін агенттік әр өңірге арнап тәуекел картасын әзірлеген. Өңірдегі департамент те аталған карта аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша бірқатар жұмыстар атқарған. Өткен жылдың өзінде департамент 15 мониторинг жүргізіп, 3 мекеменің жұмысына талдау жасапты. Мемлекеттік органдар бизнес процестерді жетілдіріп, әкімшілік кедергілерді жою бойынша 150 ұсыныс енгізсе, соның 75 пайызы жүзеге асқан.
– Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы салалары бойынша 37 жемқорлық тәуекелі белгілі болды. Соңғы үш жылда жолдарға қиыршықтас төсеу үшін бюджеттен бөлінген 5 млрд. теңге қаржы тиімсіз жұмсалған. Жұмыстар жобалық құжаттарсыз, жоғары бағада жүргізілген. Талдау нәтижесі бойынша облыс басшылығы бұл жолдарды асфальттау туралы шешімді қолдады. Бүгінде қаланың 17 көшесін ретке келтіру үшін 4млрд. теңге қарастырылып отыр, – деді Сергей Перов.
Департамент басшысының сөзінше, мұндай олқылықтар тұрғын үй саласында да аз емес. Мысалы, қалалық әкімдік қарамағындағы 1500 пәтер ешқандай бақылаусыз жалға берілген. Баспана кезегі бұзылып, үйлер талапқа сай болмай шыққан. Жетім санатындағы балаларды еш себепсіз кезектен алып тастаудың 1360 дерегі тіркелсе, 70 адам үйді кезексіз иеленген. Департаменттің ұсынысы бойынша пәтерлер әлеуметтік осал топтан шыққандарға заңды түрде қайта беріле бастапты. Олардың арасында үй кезегінде 15 жылдан астам уақыт бойы тұрған отбасылар да бар екен.
Өңір экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі басым болғандықтан, жемқорлыққа қарсы департамент бұл саланы да назардан тыс қалдырған емес. Өткен жылы жүргізілген мониторингтер барысында арзандатылған дизельді отынды үлестірудегі олқылықтар анықталып, жанармай тапшылығының алдын алуға себеп болыпты.
Мемлекеттік сатып алу кезінде де олқылық жіберілетін кездер аз емес. 2022 жылы сатып алу кезінде бағаны өсірудің 96 дерегі анықталып, қазынаның 2 млрд. теңгесі үнемделген. “Еңбек-Қызылжар” филиалы балықтың бір килограмын 12 мың теңгеге сатып алмақ болған. Мониторинг нәтижесінде Тайынша аудандық білім бөлімі жиһаз сатып алуға арналған қаржы көлемін 115 млн. теңгеге қысқартқан.
Халықты алаңдатып отырған мәселелердің бірі коммуналдық қызмет құнының қымбаттауы екені белгілі. Департамент бұл саладағы бағаға талдау жасай келе өңір тұрғындарының су үшін 2-3 есе артық ақша төлеп отырғанын анықтапты. Аудандардағы су бағасын арзандату үшін субсидия бөлінгенімен, арадағы алыпсатарлардың есебінен баға тағы қымбаттап кеткен.
Департаментке бизнес өкілдері де жиі жүгініп, өтініш білдіріп жатады. Бұған дейін қала әкімдігі тасымалдаушыға тиісті субсидияны бермей келген. Сонымен қатар жүк тасымалдаушылары үшін өткізу пункттеріндегі кедергілер алынып, мәселе оң шешілген.
Тағы бір кәсіпкер жылыжай салу үшін 5 млн. теңгенің қолдауына ие болғанымен, өз жерінде жарықтың жоқтығынан жұмысын бастай алмапты. Қазіргі таңда бұл мәселе оң шешіліп, кәсіпкер жылыжай жұмысын бастауға дайындалып жатыр.