Облыс аумағында күннің күрт жылынып, жаңбыр жаууына, қатты желдің тұруына атлантикалық циклон әсер етуде.
“Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, ауа райындағы өзгеріс туралы тұрғындарға алдын ала ескертілген. Хабарламада 23 ақпан күні жауын-шашынның – жаңбыр, қардың жауатындығы жөнінде, қатты көктайғақ және өңірдің оңтүстік, батыс, солтүстігінде қатты бұрқасын болатындығы айтылған. Оңтүстік-оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні күндіз секундына 15-20 метрге дейін болса, түнде оның күші секундына 23 метрге дейін жетпек. Сондай-ақ облыстың батыс аумағында тұман болады деп күтілген.
“Облыс аумағының басым бөлігінде мөлшері 0,3-4,6 мм болатын жаңбыр жауды. Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарында жауын-шашын байқалмады. Оңтүстіктен соққан желдің екпіні секундына 16 метр, кей жерлерде 20 метрге жетті”, – дейді филиал мамандары.
Олардың айтуынша, облыста осындай жылы ауа райы 2021 жылдың 3-5 ақпан аралығында байқалған.
Қатты көктайғаққа байланысты мектептерде сабақ онлайн форматқа ауыстырылып, қоғамдық көліктер жұмысын уақытша тоқтатуға тура келді. Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, жаңбыр таңға жақын сағат 4.00 мен 5.00 аралығында жауған. Қала көшелерінде арнайы техника жұмыс істеп, құм-тұз қоспасын септі. Соған қарамастан жарақаттанғандар бар. Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 ақпан күні таңнан бастап түске дейін емдеу мекемесінің жарақат бөліміне 34 адам жүгінген. Олардың екеуіне ота жасалған.
“Бес науқасты ауруханаға жатқызуға тура келді. Жалпы көктайғақтың салдарынан 32 адам дәрігерлерге қаралды. Жарақат бөлімінде оларға барлық тиісті ем-дом жасалды”, – деді аурухананың баспасөз хатшысы – Екатерина Белоусова.
Ал облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осы күні түнгі сағат 00.00-ден бастап, сағат 11.00-ге дейін Петропавлда 5 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Зардап шеккендер жоқ, тек көліктерге механикалық зақым келген.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.