Өңірімізде сахна өнеріне қызығушылық танытатын жастардың саны артып келеді. Шығармашыл жандар қабілетін шыңдап, өздерін өнердің биік шыңынан көрсету үшін арнайы білім алулары керек. Ізденіспен, еңбекпен шыңдалған бойдағы дарын кімді де болсын биікке бастайды. Әсіресе сахна өнерін бағындыру үшін ұзақ дайындалып, кәсіби мамандардан тәлім алу маңызды. Осы жолда жастарға бағыт-бағдар беріп, жол көрсететін үйірмелер аз емес. Осындай өнер мектебінің бірі біздің облысымызда өз жұмысын бастады.
Қызылжар аудандық Мәдениет үйі жанынан ашылған “Бродвей” өнер мектебіне қысқаметражды фильмдер арқылы көпке таныс Дамир Мақымкенов жетекшілік етеді. Оның осы уақытқа дейін түрлі әлеуметтік тақырыптарды арқау еткен туындылары қызылжарлық көрерменнің көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болған. Енді режиссер актерлік өнердің қыр-сырына жастарды да баулымақ. Аз уақытта шағын үйірменің керегесі кеңейіп, жеке мектеп ретінде облыс орталығында да ашылыпты. Бұл ұл-қыздардың өнерге деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
– Бұрын қысқаметражды фильмдер түсірген кезде кастингтерге келетін балалар көп болды. Алайда олардың бойында сахна мәдениеті қалыптаспаған еді. Біз осыны байқап, жастардың қабілетін шыңдайтын үйірме ұйымдастырдық. Менен бөлек, мұнда балаларға есімдері өңір жұртшылығына белгілі сахна шеберлері сабақ береді, – дейді Дамир Мақымкенов.
Мектепте сахна тілі, сахна қозғалысы, актерлік өнер, шешендік өнер, көңіл-күйді басқару бойынша сабақтар мен тренингтер өтеді. Балаларға жергілікті Н.Погодин және С.Мұқанов атындағы қос театрдың тәжірибелі актерлері сабақ береді. “Бродвей” мектебіндегі өрендердің талпыныстары жаман емес. Араларында болашағын актерлік өнермен байланыстыруға бекінгендер бар. Алдағы уақытта олар көрерменді әлеуметтік тақырыптардағы шағын видеороликтерімен қуантпақ.
“Бродвей” мектебінің тәлімгері Айбол Қасымның айтуынша, мұндай өнер орындары жастардың өздерін жан-жақты танып, шығармашылық қабілетін паш етуге септесетін болады.
– Қазіргі ұл-қыздардың көбі көпшілік алдында сөйлеу мәдениетінен, сахна шеберлігінен бейхабар. Біз оларды алдымен осыған үйретеміз. Актерлік осындай қарапайым дүниелерден басталады. Осыдан кейін жүзеге асыратын өзге де жоспарларымыз бар, – дейді ол.
Өнер мектебіндегі оқу 6 ай бойы жүреді. Оған 7-17 жас аралығындағы жеткіншектер қатысады. Алайда Дамир Мақымкенов егер балғындар мұндағы сабақтарды меңгеріп кете алса, 7 жасқа дейінгі балаларға да сабақ берілетінін айтады. “Бродвей” мектебін тамамдаған әр шәкірт арнайы сертификатқа ие болып, фильмдердің түсіріліміне қатысуға жолдама алмақ.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.