«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сахна — сырлы әлем

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде сахна өнеріне қызығу­шылық танытатын жастардың саны артып келеді. Шығармашыл жандар қабілетін шыңдап, өздерін өнердің биік шыңынан көрсету үшін арнайы білім алулары керек. Ізденіспен, ең­бекпен шыңдалған бойдағы дарын кім­ді де болсын биікке бастайды. Әсі­ресе сахна өнерін бағындыру үшін ұзақ дайындалып, кәсіби мамандар­дан тәлім алу маңызды. Осы жолда жастарға бағыт-бағдар беріп, жол көрсететін үйірмелер аз емес. Осын­дай өнер мектебінің бірі біздің об­лы­сымызда өз жұмысын бастады.

Қызылжар аудандық Мәдениет үйі жанынан ашылған “Бродвей” өнер мектебіне қысқаметражды фильм­дер арқылы көпке таныс Да­мир Мақымкенов жетекшілік етеді. Оның осы уақытқа дейін түрлі әлеу­меттік тақырыптарды арқау еткен туындылары қызылжарлық көрер­мен­нің көңілінен шығып, жоғары ба­ға­ға ие болған. Енді режиссер актер­лік өнердің қыр-сырына жастарды да баулымақ. Аз уақытта шағын үйір­менің керегесі кеңейіп, жеке мектеп ретінде облыс орталығында да ашы­лыпты. Бұл ұл-қыздардың өнер­ге деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.

– Бұрын қысқаметражды фильм­дер түсірген кезде кастингтерге келетін балалар көп болды. Алайда олардың бойында сахна мәдениеті қалыптаспаған еді. Біз осыны бай­қап, жастардың қабілетін шыңдай­тын үйірме ұйымдастырдық. Менен бөлек, мұнда балаларға есімдері өңір жұртшылығына белгілі сахна шебер­лері сабақ береді, – дейді Дамир Мақымкенов.

Мектепте сахна тілі, сахна қоз­ғалысы, актерлік өнер, шешендік өнер, көңіл-күйді басқару бойынша сабақтар мен тренингтер өтеді. Ба­лаларға жергілікті Н.Погодин және С.Мұқанов атындағы қос театрдың тәжірибелі актерлері сабақ береді. “Бродвей” мектебіндегі өрендердің талпыныстары жаман емес. Арала­рында болашағын актерлік өнермен байланыстыруға бекінгендер бар. Алдағы уақытта олар көрерменді әлеуметтік тақырыптардағы шағын видеороликтерімен қуантпақ.

“Бродвей” мектебінің тәлімгері Ай­бол Қасымның айтуынша, мұндай өнер орындары жастардың өздерін жан-жақты танып, шығармашылық қа­бі­ле­тін паш етуге септесетін болады.

– Қазіргі ұл-қыздардың көбі көп­шілік алдында сөйлеу мәдениетінен, сахна шеберлігінен бейхабар. Біз оларды алдымен осыған үйретеміз. Актерлік осындай қарапайым дүние­лерден басталады. Осыдан кейін жүзеге асыратын өзге де жоспарла­ры­мыз бар, – дейді ол.

Өнер мектебіндегі оқу 6 ай бойы жүреді. Оған 7-17 жас аралығындағы жеткіншектер қатысады. Алайда Да­мир Мақымкенов егер балғындар мұн­­дағы сабақтарды меңгеріп кете алса, 7 жасқа дейінгі балаларға да сабақ берілетінін айтады. “Бродвей” мекте­бін тамамдаған әр шәкірт ар­найы сер­тификатқа ие болып, фильмдердің түсіріліміне қатысуға жол­дама алмақ.

Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp